Ұрыста айбынды, жұмыста абыройлы

12 июня 2015 - Веб-редактор

Менiң атам Әбдіқадыр Ысмағұлұлы – соғыс және еңбек ардагері. Біздер, немерелері ол кісінің өнегелі әңгімелерін тыңдап өстік. Бірақ ол соғыс туралы көп айта бермейтін. «Сол сұрапыл жылдар мәңгілікке кетсін, бейбіт өмірде бақытты болыңдар» деп отыратын. Атам туралықты, қатал тәртіпті талап ететін еді. Бізді адал, өжет, қайсар болуға тәрбиелейтін. Бүгінде мен атамның өсиетін, айтқандарын үнемі есте ұстап жүруге тырысамын.

 

Атам соғысқа 27 жа­сында атта­нып­ты. Бұл – 1942 жыл­дың қыркүйек айы екен. Ел басына қауiп төнген кезде атамның қолына қару алып, жауға қарсы аттанғаны бүгiнде ұрпақтарына, бiзге мақтаныш. Шындап келгенде, бүгiнде тәуелсiз мемлекеттiң ұланы болып жүрге­нiміз осындай батыр аталарымыздың ерлігінің арқасы. 
Әбдіқадыр Ысмағұлұлы 1915 жылы 19 наурызда Торғай уезі, Тосын болысындағы 15-ші ауылда (қазіргі Түйемойнақ) өмірге келген. 1925-1932 жылдарға дейін Түйемойнақтағы мектепте оқып, білім алған. Ата-анасынан жастай айырылған атам Әбдіқадыр 1933 жылы туысқандарына ілесіп, көршілес Ырғыз ауданына қоныс аударыпты. 1933-1935 жылдары Қарашатау ауылдық советіне қарасты Еңбек серіктестігінде есепші қызметін атқарған. Ресейдің Орынбор облысында да жұмысшы, кенші болып жұмыс істеген. Нәубет заманда, яғни 1937 жылдың соңында елге оралып, Тосын ауылдық советінің аумағындағы ересектер үшін ашылған мектепте ұстаздық етеді. Еңбекке деген ынта-жігерінің арқасында міндеттеген тапсырмаларды тиянақты атқарғандықтан, Тосын ауылдық советінің хатшысы, артынша ауылдық совет депутаты болған.
 
Деректерге сүйенсек, атам Әбдіқадыр Шұбаркөл әскери лагерінде қысқа мерзімді дайындық курсынан өтіп, осы жылы қазан айында Ұлы Отан соғысына қатысқан. Калинин майданындағы 130-шы атқыштар бригадасының төртінші полк, бірінші батальон, 11-ші ротасында зеңбірекші болып, ерлікпен шайқасқан. Великие Луки, Торжок, Ржев қалаларын жаудан азат ету жолында қаһармандығымен танылған кісі. Кескілескен ауыр шайқастардың бірінде өте ауыр жарақат алған атам әуелі Иваново қаласында, кейіннен татар АССР-нің Бугульма қаласындағы әскери госпитальда ұзақ емделіп, кейіннен 1943 жылы ІІІ-ші Интернационал колхозында ферма меңгерушісі, содан кейін колхоз партия ұйымының хатшысы қызметтерін мәртебелі атқарған.
 
1960-1962 жылдары аудандық тұтынушылар одағының СОКП ХХІ съезі атындағы кеңшардағы жабдықтаушысы, Түйемойнақ бөлімшесінде шаруа-
шылық меңгерушісі де болған. Ал 1976 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан уақытында ұзақ жылғы еңбегі еленіп, аудандық және жергілікті басқару органдарының құрмет грамоталарымен марапатталған. Майдандағы жолдарының белгісіндей «1941-1945 жылдардағы Германияны жеңгені үшін» және мерейтойлық медальдар, басқа да жауынгерлік төсбелгілерді тағынды. ІІІ-ші және ІІ-ші дәрежелері «Отан соғысы» орденінің иегері.
 
Майдангер өзінің сабырлы мінезімен, іскерлігімен, адамгершілік қасиеттерімен қызметтестерінің ортасында лайықты абырой мен құрметке ие болғандығы немере-шөберелеріне тамаша өнеге. Біз ардагер атамызбен мақтануға тиістіміз. Көзінің тірісінде әжеміз екеуі өнегелі ұл-қыз өсіріп, қамқор әке, немерелерін арқасына салып еркелеткен аяулы ата атанды. Ол 93 жасқа қараған шағында мәңгілік оралмас сапарға аттанды.
 
Атамыздың өнегелі істері, жауынгерлік ерліктері біздің жадымыздан өшпейді. Өмір мен өлім арпалысқан қанқұйлы соғыстың жеңіспен аяқталуына үлес қосқан майдангерлер ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болып қала берері сөзсіз.
 
 
Нұрқадыр МЫЛТЫҚБАЙҰЛЫ,
майдангердің немересі
Жангелдин ауданы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео