Қайтсек, қарқын қосамыз?

19 июня 2014 - Веб-редактор
article4219.jpg

Ет өндірісін екпіндетіп, экспорттық әлеуетті арттыру қажет. Осы мақсатта «Сыбаға» бағдарламасы құрылған. Әйткенмен, шешімін күткен түйткілдер де бар. Атқарушы биліктің пікірінше, алпауыт бордақылау алаңдары мал азығына кетер шығынды азайту жолын қарастырғанда ғана ет өндірісі өзіндік құнын ақтай алады.

 

 
Шешілер түйін көп
 
Экспорт арқылы ет жөнелтуде мал бордақылауға арналған кәсіпорындардың үлесі зор. Өңірде олардың саны – 37. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сү-
йенсек, қазіргі таңда арнайыландырылған бордақылау алаңдарында 16 мыңнан артық ірі қара бар. Ағымдағы жылдың аяғына дейін, соларда төрт мың тонна ет өндіру көзделіп отыр. Басқарма мамандары мал шаруашылығындағы құрылымдық өзгерістердің көмегімен, 2016 жылға қарай, қожалықтардағы етті сиырлардың саны 20 мыңға жететінін айтуда. Соның арқасында өндіріс көлемі бес мың тоннаға дейін ұлғайтылмақ. Оның 2,2 мың тоннасын сыртқа сату ойластырылған. 
 
– Бұл бағыттағы жұмыстарды түйіндейтін тегеурінді шеп – ірі мал сою пункттері мен етті қайта өңдеу кәсіпорындары болуға тиіс, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Оразғали Нұрғазин. – Бүгінде әлгіндей кәсіпорындардың көбі тек 67% ғана жүктемемен жұмыс істеуде. Өндірілген өнімдер көбіне ішкі нарыққа қойылады. Облыс аумағының сұ-ранысын қанағаттандырып, республиканың өзге өңірлеріне де жөнелтіледі. Мардымсыз бөлігі ғана экспортқа шығарылып жүр. Мысалы, былтыр кәсіпорындарда 56 мың тонна ет өндірілген болса, соның небәрі 168 тоннасы шекара асырылған. Ал, оның 5,4 тоннасы сиыр еті. Қайта өңдеуге 13 мың тонна жіберілді.        
 
Соңғы жылдары облысымыздағы етті қайта өңдеуші ірі кәсіпорындар алдымен ішкі сұранысты қанағаттандыруға көбірек бас қатырып жүр. Сондай-ақ, еліміздің Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтау сынды қалаларына да жиі өнім жіберіп тұрады. Аталмыш шаһарларда сұраныс та бар, баға да көңілге қонымды. Мәселен, 2011 жылы аймақ кәсіпорындары республиканың басқа жақтарына 7,7 мың тонна ет жөнелткен. 2012 жылы 6,6 мың тонна, 2013 жылы бес жарым мың тонна еттен бірқатар аймақтар дәм татты. Ал, биылғы жылдың алғашқы төрт айында еліміздің ішкі нарығына 1,4 мың тонна ет шығарылған, оның ішінде, бір мың тоннадан астамы сиыр еті.          
 
– 2014 жылы біздің облысқа берілген тапсырма бойынша, экпортқа шығарылуы тиіс ірі қара еті – 1200 тонна. Бірақ, ең алдымен, тапсырманы орындау үшін түбегейлі жаңа амалдарға көшіп, өзіміздің мал шаруашылығы өнімдеріміздің ішкі нарыққа дендеп енуіне қатысты аса қажетті біршама мәселелерді шешіп алу керекпіз. Бұл ретте, отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен ет өндірушілер алдында өнімді нарыққа шығару, өндірісті ұйымдастыру жұмыстарын ұқыпты жүргізу міндеті тұр, – деп атап өтті Нұрғазин мырза.
Кәсіпорындар мен қайта өңдеушілердің өзара ықпалдаса әрекет еткені керек. Алайда, кейбір кертартпалықтардың бар екенін жасыра алмаймыз. Мал шаруашылығының қазіргі жағдайы соны көрсетіп отыр. Ағымдағы жылдың төрт айын былтырғы осы кезеңмен салыстырып қарасақ, саладағы өнім өндірісі сәл төмендеген. Ет өндірісі 7,4% кеміді. Одан бөлек, ведомство өкілінің айтуынша, бүгінде шешімін күткен мынадай негізгі мәселелер бар: мықты бәсекені және монополияландырылған нарықты есепке ала отырып, сиыр етін көтерме бағамен сату, алпауыт компаниялармен, холдингтермен тұрақты әрі ұзақ мерзімді әріптестік орнату.     
 
Кедендік одақ талаптарына сай, талай істерді атқару маңызды. Біздің жақ көрші нарыққа сапалы тауармен шығуға әуелден ниетті. Экологиялық таза, табиғи өнімдерге мүдделі, табан ақы, маңдай теріңді жемейтін серіктестер әлі де керек-ақ. Қазіргі таңда Ресей нарығына облыстың 17 кәсіпорыны еркін еніп үлгерген. 
 
Ресей нарығына ірі қара етін көбірек шығару үшін ауыл шаруашылығы басқармасы алпауыт кәсіпорын жетекшілерімен, мал сою орындарымен едәуір жұмыстар жасады. Таран және Қарасу аудандарында әлеуетті сатып алушылармен нақты келіссөздер жүргізілуде. Үлкен қадамға қос аудандағы «Ахмеджанов» және «Қараман-К» шаруа қожалықтары барып отыр. 
 
Барлығының мүддесі бір 
 
Жергілікті атқарушы билік органдарының басты міндеті – сиыр етін экспорттау жобасын жүзеге асыруға жағдай жасау. Облыстағы мамандар біздің арнайы-
ландырылған шаруашылықтар, мал сою пункттері мен қайта өңдеуші кәсіпорындар сыртқа нарыққа өздері де тұмсық тыға алатынын айтады. Дегенмен, шағын және орта сатыдағы кәсіпорындарға қиындықтар туындауы мүмкін. Олар үшін ішкі нарықтың өзі алынбас қамалға айналауы ғажап емес. Мұндайда не істемек қажет? Барқарма басшысының орынбасары мынадай кеңес береді:
 
– Ішкі нарықта бәсекелестікке қабілеттілікті арттыру үшін, әрі жергілікті әкімдіктер мен ауылшаруашылық құрылымдары жетекшілерінің байланысын жақсартуға да жақсы, етті өңдеуші кәсіпорындар ірі қара мал етін тікелей сату жөніндегі «Қазагропродукт» АҚ ұсыныстарын жіті қарап шығу керек.    
 
Сонымен қатар, биліктегілер кооперация негізінде облыстық немесе ауданаралық деңгейде, ауылдағы тауар өндірушілер мен өңдеушілердің, тасымал-
даушылар мен өзге де серіктестердің қатысумен коммерциялық ұйым құрылуы мүмкін дегенді жоққа шығармайды. Егер аталған құрылым іске кіріссе, облыстағы барлық ет экспорттаушылардың мүдделері бірдей қорғалмақ.  
 
Межелер – көз алдымызда
 
Жақында ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков өнімдерді қайта өңдеуді дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын тілге тиек еткен еді. 
 
– «2015-2019 жылдарға арналған ҚР азық-түлік өндірісін дамыту» бағдарламасы арқы-лы қайта өңдеу кәсіпорындарын өркендетуге күш саламыз, – деген болатын министр мырза. – Бағдарламаның басым бағыттары – қазақстандық экспортты арттыру және кеңейту, қызыл етті, астық өнімдерін, балықты қайта өңдеу болмақ. 
Сарапшылардың сөзіне назар салсақ, Еуразиялық экономикалық кеңістік Қазақстан үшін қолайлы жағдайлар туғызды. 
 
Игілігі мол интеграцияның арқасында, кәсіпкерлеріміз қазіргі таңда сыртқы нарыққа 700-ден астам тауар түрін аттандыруда, негізгі үлес – ауыл шаруашылығы өнімдерінде.
«ҚазАгро» ұлттық холдингі» акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов мәлімдегендей, былтыр Ресей мен Беларусь мемлекеттеріне бізден құны бір миллиард доллардан астам тауарлар апарылған. 
 
– Ұлттық ірі жобалар аясында, 2016 жылға дейін Ресей нарығына 60 мың тонна ет экспорттауды жоспарлап отырмыз. Оның 10 мың тоннасы биыл жіберіледі, – деп холдинг өкілі жалпақ елге жағымды ақпар жария еткен болатын. Сонымен бірге, Айтуғановтың аузынан қазіргі уақытта 100 мың тонна ет, көкөніс пен жеміс-жидектің Қытайға экспорт-
талып жатқанын естідік.
 
Кейінгі жылдардағы экономикалық тығыз қарым-қатынастың әсерінен, Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің жалпы ішкі өнімі шамамен екі триллион долларға жеткен. Ал, өндірістік әлеуеті 600 миллиардты құраса, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 112 миллиард долларға таяп тұр. Тұтыну нарығы 165-170 миллион адамды қамтып отырғанын да еске сала кеткен жөн.
 
«2015-2019 жылдарға арналған ҚР азық-түлік өндірісін да-мыту» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстандағы сүт өнімі импортының үлесі 31%-дан 10%-ға дейін азаймақ. Бұл хабармен де сүйіншілеген сол министріміз еді. Сондай-ақ сырттан ет тасымалын 55%-дан 30%-ға, көкөніс-жемістер 20%-ға дейін, кондитерлік өнімдер 56-дан 44%-ға дейін төмендету көзделуде. Мұның бәрі отандық өндірушілерді орасан қолдаумен ғана қол жеткізер межелер екені даусыз.   
 
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ 
 
 
comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл