Ертегілер елінен ерек сыр

16 июня 2016 - Веб-редактор

Облыстық қуыршақтар театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді. «Шырқа, менің домбырам!» деп аталатын спектакльдің кішкентай көрермендерге тәрбиелік тұрғыда берері мол. Туынды қазақтың салт-дәстүрін, үлкенге құрмет сияқты құндылықтарын насихаттайды. 

 

 

«Шырқа менің домбырам!» – қуыршақтар театрының қазақи салт-дәстүрді, мәдениетті паш ететін алғашқы қойылымы емес. Десе де, ертегіні тамашалауға келген балалардың қатары қалың. Оқиға желісі Айдар атты бозбаланың ерлігі негізінде құрылған. Батылдық, ер мінез танытқан кейіпкер зұлым күшті жеңеді.

 


– Балаларға арналған қызықты, әрі тағылымы мол ертегінің авторы – Адам Қарасай, – дейді облыстық қуыршақтар театрының көркемдік жетекшісі Геннадий Иванов. – Ал, оны көркемдеген қостанайдың талантты қоюшы-суретшісі Сергей Луговой. Әрине, ертегіні сахналауға көп уақыт, еңбек жұмсадық. Кішкентай көрермендердің көңілінен шықсын деген мақсат қойдық.

 


Қойылым әсерлі, әрі мазмұнды болды. Балғындар ерекше құштарлықпен сүйсіне тамашалады. Театр ұжымы алдағы уақытта қоржынындағы қойылымдармен шектелмей, жаңа туындыларды да сахналауға ден қоймақ. Мақсат – жеткіншектердің бойына патриоттық сезім дарыту, ата-анасын сыйлау және үлкенді құрметтеуге үйрету.

 


– Қойылым кішкентай көрермендерімізге ұнайды деген сенімдемін, – деп сөз бастады актер Арман Мұханбетов. – Өзім Бөріханның рөлін сомдаймын. Басында ол адам болып, артынша оны дуалап тастағаннан кейін ол – қасқырға айналып кетеді. Бірақ, ертегінің соңғы бөлімінде Бөріхан адам кейіпіне енеді.

 


Әр ертегі секілді бұл қойылымда да жақсылық жамандықты жеңеді. Бүлдіршіндер үшін театр ұжымы тосын сыйлар дайындауда. Әр кішкентай көрерменнің көңілінен шығу үшін еңбектерін еселемек. Себебі, бала үшін әр туынды берер тағылымы мен үйретері мол сабақ секілді.

 

 

Ғали ОСПАН

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео