Қанатын қатайтуда

12 июня 2014 - Веб-редактор
article4165.jpg

«Жас қанат – 2006» ЖШС құс фабрикасы 2013 жылы өндірісті модернизациялауды бастаған болатын. 2010 жылы үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде ашылған инвестициялық жоба құстар саны мен жұмыртқа көлемін көбейтпек.


 
«Жас қанат – 2006» ЖШС директоры Қайрат Маишевтің сөзіне сүйенсек, мемлекет тарапынан берілген көмектердің арқасында, жылына 65 миллион жұмыртқа шығаруға жоспарланылған құс фабрикасы аз ғана уақытта құрылған.


– 2010 жылы ашылғаннан бері өндірісіміз тоқтаусыз жетілдіріліп келеді. 2012 жылы 85 миллион жұмыртқа алынды. Былтыр өндірісті модернизациялаудың екінші кезеңін бастап кеттік. Алты құс қорасын салып, мекиендерге арналған төрт және балапандарға арналған екі қондырғы орнатпақпыз. Қазіргі уақытта құс фабрикасында 600 мың бас қауырсын қанаттылар бағылуда. Оның 360 мыңы өндірістік кезеңде және 240 мыңы күтімдегі балапандар. Сонымен бірге, жасалған келісімшарт негізінде маусым айында құс фабрикасына 232 мың тауық әкелінбек. Біз осылайша бірінші жарты жылдықта құс санын 832 мыңға жеткізбекпіз.


Қайрат Маишевтің мәлімдеуінше, 2014 жылы нысандардың құрылысын түгелдей бітіріп, жаңа құс қораларын пайдалануға беру жоспарлануда. Осы ойлары толығымен жүзеге асса, мұндағы жұмыртқа өндірісі 250 миллион данаға көбейеді.


– Дегенмен, бұл жаңғырту жұмыстары әлі де толық емес. Тасымалдау, сұрыптау, жұмыртқаны қайта өңдеу, азық және сою цехтары сияқты өндірістік бөлімшелер ендігі екпінді жұмысқа ілесе алмайды. Сөйтіп, өндірістік үдерісте инфрақұрылымымыздың бір бөлігі қауқарсыз күй кешіп қалуы ғажап емес, – деп түсіндіреді «Жас қанат – 2006» ЖШС директоры. – Сондықтан, 2014-2015 жылдарға ойластырылған жаңғыртудың үшінші кезеңінде әлгіндей жақтарымызды жаңалап алмақпыз.
 
Рахман ЖАҚСЫЛЫҚ

 

comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии