Үлкен мақсатқа ұмтылған

12 июня 2014 - Веб-редактор
article4164.jpg

Жаңаауылдық шаруа қожалығының жетекшісі Нұрбол Дербисов «Сыбаға» бағдарламасы арқылы кәсібінің екінші тынысын ашты. Ауылдастары оның еңбекқорлығын, адамгершілігін әрқашан мақтан етеді.  

Нұрбол Дербисов Қарабалық ауданының Жаңаауыл деген селосында туып өсті. Сол жерде еңбекпен шыңдалды, өзіндік ой-пікірі қалыптасты. Сондықтан да болар, ол тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде де жанына ыстық туған ауылын қиып, өзге мекенге кеткен жоқ. Қоныс аударуды анасы да қош көрмеді. Жұмыссыздық, үдере көшу, жетіспеушілік... Қиын кезең ауылдықтарды біраз сансыратты. Соның бәріне куә болып, санасынан өткізген Нұрбол бір істі қолға алып, жерлестеріне көмектессем деп ойлады. Сөйтіп, 2001 жылы шаруа қожалығын құрып, егін егумен айналыса бастады.    


Ауылдың әбіржіген қалпы оны састырған жоқ. Бірте-бірте мал ұстауға көшті. Техникаларды, үйлерді, қираған базаларды сатып алып, жаңадан қоралар тұрғызды. Мал азығын жинап, шабындықты алқаптарын барынша тиімді пайдалануға тырысты. Солайша, ата кәсіпке біржола ауысып, егін себуді қойды.   


Кәсіпкер еліміздегі экономикалық жағдайдан толық хабардар. Мал шаруашылығына оңай бет бұруына себеп сол. «Сыбаға» бағдарламасын зерделегенде де, әуелі барлығын безбендеп көрді. Қолынан келетіні байқалып-ақ тұр. Мемлекеттен жалға берілген жері мен сол жылы қолында бар жиырма шақты малын кепілге қойып, несиеге өтінім жолдады. 2012 жылы 3 миллион 350 мың теңге кредитке қолы жетіп, оған 16 бас аналық және бір асыл тұқымды бұқа сатып алды. 2013 жылы жүз пайыз төлдеді. Өз қаражатына тағы бір бұқа әкелді.
– «Сыбаға» арқылы алған мына 16 бас бұрыннан өзімде болған сияқты, оны қайда орналастырамын деп бас қатырмадым, – дейді фермер. – Өйткені мендегі шаруашылықта бәрі жолға қойылған, барлық жағдай жасалған. Қандай да бір мәселе туындауға тиісті емес. Қаржылық жағынан пайдасы мен күткеннен де асып түсті. Яғни «Сыбаға» келесі бір батыл қадамдарымды жасауға мүмкіндік берді.      

 
Шаруа қожалығында үш адам тер төгіп жүр. Олардың жай-күйін естен еш шығармайды.


– Бізде жалақы көп емес. Алайда, жұмыскерлердің коммуналдық төлемдерін өз мойныма алғанмын, – дейді Нұрбол мырза. – Жұмысшыларымыз еңбекқор, сенімді және арақтан алыс. Менің шаруа қожалығымда 14 жыл бойы еңбек етіп жүргендер де бар.


Кейінгі жылдары Жаңаауылға жұмыс сұрай келетіндер, тіпті, қызығатындар пайда болды. Ол қос қолға бір күрек ұстауға ынталыларды жұмыспен ғана емес, үймен де қамтамасыз етеді. Тек, басты талап – шаруа қожалығына қабылдануға бәсекелестер ішімдікке құмар болмауы керек. Жұмыскерлердің балаларын Новотроицк орта мектебіне тасымалдауды да өз мойнына алған.  

                         
Бүгінде шаруашылықта барлығы 56 бас бағылуда. Ферманың ауқаттылығы жәй қарағанда-ақ белгілі. Бұзауларға арнап тұрғызылған, төбесі мықтап жабылған ағаш сарай. Қозыкөш жерде – үйілген үлкен шөмеле. Айтпақшы, кәсіп иесі жем-шөп тапшылығын сезінбейді. 250 гектарға көпжылдық шөптер егіп тастаған, дәнді дақылдарға да орын бар. Қыс мерзіміне 200 тонна шөп дайындаса жеткілікті. Қалғанын көрші ауылдарға сатады.


Еңбекқор азамат мемлекеттік бағдарламаға қатысқанына, мал шаруашылығына көшкеніне еш өкінбек емес. Қайта, уақыттан кеш қалмағанына разы.   
– «Сыбаға» – өте мықты бағдарлама, – дейді сенімді кейіппен Дербисов. – Оның қатысушыларына мемлекет орасан көмек көрсетеді. Жетістікке жету әр адамның өзіне байланысты ғой.
Қазір Нұрбол сияқты фермерлер үшін тайыншаларды өткізу – әзірге шешілмей тұрған мәселе. Дәлірек айтқанда, негізгі түйткіл еттің арзандығында. Шаруашылық жетекшісі «егер Қарабалық ауданында бордақылау алаңдары ашылса, ата кәсіпке серпін беріліп, «Сыбаға» бағдарламасына ықыласы ауғандар қатары молаяр еді» деп есептейді. Бордақылау алаңына тайыншаларды тапсырған сайын шаруалар әр басына 15 мың теңгеден субсидия алып отырады. Жоғары баға ұсынғандар болса, Дербисов өз бұзауларын субсидиядан ештеңе дәм етпей-ақ сата берер еді.  


Әулиекөл тұқымынан алынған бірінші төлдер өсіп-жетілгенше,Нұрбол келесі күндерді ойластырып қойған. Фермасының гүлденуі үшін сара жол бар, мақсат та айқын. Оның арманы – мал басын екі жүзге жеткізу. Нұрбол бұл межені үш жылда бағындырамын деген үмітте.
 
Асыл ҚАСЫМ
 

comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии