Атасы – бастаушы, келіні – жалғаушы

9 июня 2016 - Веб-редактор

«Қазына – қара жерде, төккен терде». Амангелді ауданының тұрғыны Мұхамеджан Бимағанбетовтың өмірлік ұстанымы осындай. Жетпіске аяқ басқан қарияның көкөніс өсірумен айналыса бастағанына 20 жылға жуықтады. Балаларын да осы кәсіпке баулыған. Бүгінде өзі іргетасын қалаған шаруашылыққа келіні жетекшілік етеді. Биыл шағын қожалық «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 3 млн теңге мемлекеттік грантты иеленді.  

 

 

Өзен арнасынан суды 3 метр биікке көтеру үшін арнайы қуатты қозғалтқыш қолданылады. Енді жылғаны бойлап жүгіре жөнелген суды қажетті бағытқа бұрып үлгеріп отыру қажет. Қостанай облысының оңтүстігі шөлейт, жалпы егіншілікке қолайсыз екені мәлім. Сондықтан құнары аз топыраққа өнім шығару ауыр еңбек.

 

 

Мұхамеджан Бимағанбетов тоқсаныншы жылдары нарық қыспаққа алғанда осы кәсіпке білек сыбанып кіріскендердің бірі. Содан бері бір әулет несібесін қара жерден теріп келеді.

 


– Ұлым машинамен тасиды, келінім сатады, – деп сөз бастады шаруа Мұхамеджан Бимағанбетов. – Ауылда да еңбек етуге болады. Қазір Үкімет қолдап отыр. Мысалы, егін сал, мал ұста деп жатыр. Амангелдіде мал ұстайтын жігіттер жетеді қазір.

 


Қария жаз бойы бақшаның басында. Шаруашылыққа жетекшілік ету міндетін келіні Тұмар Бимағанбетоваға жүктеген. Биыл өздеріне тиесілі 20 гектар жердің 10 гектарына ғана көкөніс екті. Жер көлемін мұнан да ұлғайтып, мол өнім алу үшін оны сақтайтын қойма қажет. Осы мақсатта қожалық жетекшісі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына өз жобасын ұсынған болатын. Жуырда шалғай ауданға бұл жобаның тиімділігі дәлелденіп, қожалық 3 млн теңге мемлекет грантын иеленді. Енді оған сыйымдылығы 500 тонна қойма салынады.

 


– Қоймада тұздалған қияр, капуста сақтап сатқымыз келеді, – деп жоспарларымен бөлісті шаруа қожалығының жетекшісі Тұмар Бимағанбетова. – Қыста басқа дүкендерде қымбаттағанда, біздің өнімдеріміздің бағасы күздегі бағамен бірдей болады.

 


Яғни, қойманың салынуы шалғай ауданда баға тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді. Жалпы, Амангелді ауданында көкөніс өсірумен айналысатын 12 шаруашылық бар. Осылайша негізінен төрт түлікті түлетіп отырған өңірде өзге кәсіп түрлері де дамып келеді. Мамандардың айтуынша, жергілікті азаматтар соңғы кезде өңдеу саласына да ден қоя бастаған.

 

 


Есен САБЫР

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео