Жазықсыз жазаланғандар...

28 мая 2015 - Веб-редактор

 «…Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен –
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны!»

Ахмет Байтұрсынұлы
 
 
1930-1950 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялы қауымының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Кеңес үкіметінің қылышынан қан там-ған дәуірінде мыңдаған қазақ зиялысы әділетсіздіктің зардабын шекті. Жазықсыз тұтқындалып, лагерьлерде азапталды, ату жазасына кесілді. Нақақ жала жабылған арыстар біраз жылдан соң ғана ақталды. 
Репрессия – қасіретті, жауыз жүйе! Оның құрбаны болған талай боздақтар жер қойнауында тыныштық тауып жатқан жоқ, аруланып жерленбеді. Бұл жүйенің зардабы мендіқаралықтар Хажи Бектұров пен Есләмғали Ілбекеев аталарымның отбастарына да тиді.

Хажи Бектұров 1898 жылы Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Теңіз ауылдық кеңесіне қарасты Кантомар ауылында, ауқатты отбасында туған. Парасатты, білімді азамат болған. Алдымен ауылда, содан соң жеті жыл Троицк қаласындағы «Рассулия» медресесінде тәлім алып, мұғалімдік мамандықты игеріп шығады. Қысқа да саналы ғұмырын шәкірт оқытуға арнаған. Меңдіқара ауданының жеті-сегіз елді мекендерінде бастауыш мектеп ашып, бала оқытты. Соңғы еңбек еткен орны – Ұзынағаш ауылындағы «Майлыағаш» ұшымшарының бастауыш мектебі. Нағашы атамыз Хажи Бектұров 1937 жылы 30 қарашада жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының қатарына ілігіп, тұтқындалады. «Кеңес үкіметіне қарсы үгіт насихат қызметі үшін» деген нақақ айыппен жеке мүлік-заттары тәркіленіп, он жылға қамауға алынады. Бірақ бұл үкім қайта қаралып, қырық жасқа толар-толмасында ату жазасына кесілді. Үкім 1938 жылғы 3 ақпанда жүзеге асырылды, жерленген жері осы күнге дейін белгісіз.

Әділетті өмір сүріп, «ұлтым» деп «ұлы қылмыс» жасап, «халқым» деп «халық жауы» атанған ол сөйтіп құрбан болған. Бақытты отбасының шырқы бұзылып, Қасымжан ана жесір қалды, балалары Ғайша, Ғалима және Ермағамбетті өзі жеткізді. Үшеуі де әке жолымен ұлағатты ұстаз болып өмірден өтті. Ата жолын немере, шөберелері жалғауда. 1956 жылы 21 қарашада Қостанай облысының сот алқасы НКВД-ның 1938 жылғы 31 қаңтардағы «үштігі» қойған үкімнің кү-
шін жойып, Хажи Бектұровты ақтап, жеке ісін жапты.

Есләмғали Ілбекеев та меңдіқаралық, 1865 жылы Төленгіт ауылында кіндік қаны тамған. Ол 1898 және 1913 жылдары қажылық міндетін атқарып келген. Жоғары білімді. Ауылда дінге қызмет қылып, елді имандыққа шақырды. Әлсізге қорған болып, жетімді бауырына басты. Сол кездің құйын-дауылы 1929 жылдың 8 желтоқсанында бұл ша-ңыраққа да келіп жетті. Жендеттер түнде ұстап әкетіп 1930 жылғы 22 қыркүйекте «антисоветік ұлттық ұйым құрғаны үшін» деген айып мойнына ілініп, ату жазасына кесілді. Шешімнің орындалған жері мен уақыты беймәлім. Артында шырылдап жанұясы, Әдемі әжеміз, балалары Бірімжан, Молдахмет, Ахметсағит, Қабдуали, немересі Нұрсұлтан қалды. Қазір балаларынан үрім-бұтақ тараған. Есләмғали атамыз 1999 жылығы 1 қыркүйекте Қостанай облысы прокурорының шешімімен ақталды.

Түптеп келгенде, саяси қуғын-сүргін, аштық, өзге ұлттардың депортациясы – барлығы тоталитарлық жүйенің, бүтіндей бір ұлтты жою саясатының нәтижесі еді. Осындай қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп ұғыну, келер ұрпаққа жеткізу – біздің парыз.

Ләйлім ИБРАЕВА,
Қостанай педагогикалық колледжнің сырттай
бөлім меңгерушісі
 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео