«Қазақ жері – бейбітшілік бесігі»

28 мая 2015 - Веб-редактор
article6877.jpg

Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толуына орай, Арқалық қаласындағы №2 облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында тағылымды жүздесу кеші болып өтті.


Қазақстан жүздеген ұлт пен әртүрлі діннің бір қоғамда тү-сінісіп, тату-тәтті өмір сүру үлгісін көрсетуде. Осы ынтымағымызды сақтау жолында, оны бағалап, жас ұрпақ санасына сіңіру үшін алуан іс-шаралар өткізіліп жатыр. Кітапханадағы тағылымды кеш ұйымдастырушылары да осы мақсатты ұстаным етті.


«Заман бар ма тарихын тыңдатпаған,
Әр тарауы, әр жолы қымбат маған.
Жер деген бір тірі Адам, Ана ғой ол
Бәрімізді әлдилеп, құндақтаған», – деп ақын Серік Тұрғынбеков жырлағандай, осынау ұлан-ғайыр жер, кең байтақ қазақтың даласы барлық ұлт пен ұлыстарды мейірімді анадай құшағына сыйдырды. Еліміз бірлік пен бейбітшілікте ширек ғасыр өмір сүріп келеді. Биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясына арналып отыр. Осыдан 20 жыл бұрын, 1995 жылдың 1-наурызында біздің қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға арналған бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған болатын. Содан бері, жиырма жылда көптеген істер атқарылды.


Өнер бөлімінде ұйымдастырылған «Қазақ жері – бейбітшілік бесігі» атты кештің құрметті қонақтары – беларусь өкілі Кевра Галина Андреевна мен украин өкілі Лисиенко Мария Васильевна. «Әр адамның өмірі – бір-бір кітап» деген ғой, олардың жастарға айтқан естелік әңгімелерін тыңдап, өмір жолдарында қаншама қиындықты көргенін ести отырып, қарт аналарды «тірі» энциклопедия екен деп қаласың! Галина Андреевна Беларуссиядан 1960 жылдары келген. 1936 жылы Витебская облысының Лепельский ауданына қарасты Зеленый остров деген жерінде қарапайым шаруалар отбасында туған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 5-6 жастағы Галя өз көзімен фашистерді көргенін айтады. Ауылдастарын тірідей қораға қамап өртеп жібергенін есіне алғанда, шыдамай толқып кетті. Аштықта бір тілім нанды бүкіл үй іші бөліп жегенін, күндік тамақтары сол болғанын, мектепке қар қалың түскенше жалаң аяқ қатынағандарын айту да оған оңайға соққан жоқ.
Ал, Мария Васильевна 1945 жылы Украинаның Запорожье қаласында орта шаруа отбасында дүниеге келген. 1961 жылы украин тіліндегі мектепті тәмәмдайды. Орта білім алу ақылы болғандықтан, жағдайлары келмей, аға-апалары мектепті аяқтай алмаған.


– Сондай қиын кез... Ашқа-рын, жалаң аяқ балалық! Жейтін тамақ, киер киім жоқ. Әркімнің ешкісін бағып, пайда таптық. Олар бір айға 5 рубль төлейтін. Қар түскенше жалаң аяқ жүріп бағатынбыз. Оңған жайылым жоқ, соғыс кезінде өртеніп, темір қалдықтары, жарылған миналар мен снарядтар шашылған дала, – деп бабалық шағын еске алады Мария Васильевна. Ол тың игеру уақытында, Қазақстанға 1956 жылы комсомолдық жолдамамен келген. Бүгінде ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған ардагерлердің жатса-тұрса тілейтіні – заманның тыныштығы. Жастарға бейбіт өмірді қадірлей білсе дейді. Қиындығы мол өткен өмірді еске алу оңай емес. Алайда жастар үшін керек, олар ұйып отырып тыңдады.


Бүгінде сексен жасқа таяған Галина Андреевна да, Жеңістің 70 жылдығымен құрдас Мария Васильевна да Арқалықтағы «Ардагерлер» ансамблінің бел-
сенді мүшелері. Үш тілде ән орындап, өнерін халыққа паш етіп жүрген зейнеткерлер. Тағылымды кеш барысында өз тілдерінде ән шырқап, көрермендердің көңілін серпілтіп тастады. Сондай-ақ Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіре орындап берді.


«Біздің Отанымыз – бірліктің берекелі бесігі» атты көрмеге кітап қорындағы Қазақстандағы бірлік туралы еңбектер, ұлттар татулығы жайлы жарияланымдар, түрлі әдебиет қойылды. Беларусь, украин, молдаван және өзбек халқының ұлттық киімдері көрме мағынасын аша түскендей.


«Біз, қазақ ұлысы басқа ұлт-тар мен ұлыстардың құқықтарын шектемей, пайдаланбай сақтай отырып, дамыту шараларын қолдануды аса маңызды деп санаймыз. Біз кез келген ұлттың өкілі республиканың толық құқықты азаматы екенін сезінгенін қалаймыз». Елбасының осы сөзі әрқайсымыздың санамызда жүргені абзал. Бірлігіміз бекем ел болайық!

Әлия ҚАРСАҚБАЙҚЫЗЫ
Арқалық қаласы

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео