Шаруалар жеңілдік сұрайды

5 июня 2014 - Веб-редактор

Облыста мал шаруашылығын тиімді жолмен дамытамыз десек, «Сыбаға» бағдарламасының кең тынысын ашқымыз келсе, құжаттар тізбегі мен кепілдік қамсыздандыру талаптары азайтылғаны абзал. Жуырда бірқатар қостанайлық аграрлар осындай пікірлерін алға тартқан.


Шаруалар несиелік ұйымдарға қатысты шағымдарын айтуда. «Аграрлық несиелік корпорацияға» тапсырар құжаттар жиынтығынан бөлек, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы қаражатқа қол жеткізу үшін, экология мәселесін де шешіп алу керек екен.


«Аграрлық несиелік корпорация» АҚ Қостанай филиалының директоры Айбек Жұмашевтің мәлімдеуінше, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша, 2011-2013 жылдары 1 млрд теңгеден артық қаражат бөлінген. Барлығы 97 қатысушы қаржыландырылған. Қомақты сомаға 4,8 мың бас сиырлар мен 300 бұқа сатылып алыныпты. Былтыр бағдарламаға қатысушылар саны алдыңғы жылға қарағанда айтарлықтай көбейгені байқалды.  


– Мал шаруашылығына көңілім ауып, «Сыбаға» бағдарламасын зерделедім, – деп сөз бастады Алтынсарин ауданындағы «Зуевка» ЖШС директоры Александр Бородин. – Қағаз жинау жұмысы аз емес екен. Бірнеше жыл бұрын Азық-түлік келісімшарт корпорациясына құжаттар көптігі туралы шағымданған едік. Оларға қазір шаруа қожалықтары сегіз, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тоғыз түрлі анықтама тапсырады. Меніңше, Аграрлық несиелік корпорациясы керексіз қағаздарды сұрайды. Жұмысты жеңілдетуге болады ғой, әсіресе, кепіл талап етілгенде. Мысалы, Америкада фермер қолына ақша алмайды, оған тауар займы беріледі. Ол фермаға барып, мал басын таңдап, қаржы институтына есебін әкеледі. Мал азығын да өстіп алып жүр. Екі жылда несиесін төлемей, мал басын көбейтеді. Есептесер уақыты үшінші жылдан басталады. Мен бағдарламаның кейбір тұстары қайта қаралуы керек деп есептеймін. Қазіргі талаптарын жұмсартқаны абзал-ау. Себебі, мал шаруашылығын қолға алуға ниеттеніп, бірақ батылы жетпей жүргендер қаншама. Жиырма-отыз басты бірден алғысы келетіндерді білемін. Осындай шағын фермалар саланың қарыштап дамуына негіз болады емес пе?!


Аграрлар бағдарламаны ілгерілетуге экологтар да кедергі келтіретінін айтып отыр. Мәселен, алпыс бас ірі қара ұстайтындардың қи қорасы бетонды болуы және оған арнайы құбырлар тартылуы керек.


– ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, қалдықтар коммуналдық, өндірістік, радиоактивтік болып бөлінеді. Малдың қи-тезегі бұл тізімде жоқ. Алайда экологтар өз дегендерін істетеді. Көң органикалық тыңайтқышқа жатады, бірақ сөйте тұра бізге айыппұл төлетеді, – дейді шаруа Серік Оңдасынов.


– Мемлекет бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуы үшін қаражат бөліп жатыр, – деп Айбек Жұмашев мән-жайды түсіндіруге тырысты. – Біздің міндетіміз – бұл қаражатты жайдан-жай үлестіру емес. Бағдарламада қарастырылған жеңілдікті кезең – екі жыл. Мәселен, 2014 жылы несие алсаңыз, негізгі бөлігін 2017 жылы төлейсіз. Құжаттар пакетіне келер болсақ, бізге шаруашылықтың экономикалық әле-уетін дұрыс есептеуге қазіргіні қолайлы деп санаймын. Бүгінде 1,7 мың бас ірі қараны сатып алуға қажетті құжаттар әзірленуде. Оның сыртында, аталған бағдарламаны қаржыландыруға, аймаққа тағы 800-900 млн теңгедей бөлінуге тиіс. Мұның өзі «Сыбаға» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын көрсетсе керек.


Асыл ҚАСЫМ

 

comments powered by HyperComments

Агроспецтехника

Агроспецбаннер

 

 

Видео

 

 

Комментарии