Мал шаруашылығына жаңа екпін

5 июня 2014 - Веб-редактор
article4121.jpg

Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру жобасы аясында, біздің облыс ағымдағы жылы шетелден екі мың бас асыл тұқымды сиырлар әкелуді жоспарлауда.


Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, соңғы үш жылда өңірімізге 11,6 мың бас асыл тұқымды қашарлар әкелінген. Оның дені, яғни 8,8 мыңы еті үшін өсіріледі.


– Шаруашылықтардағы мал санының көбеюі және саланың генетикалық әлеуетінің өсуі енді «Сыбаға» бағдарламасының орындалуына байланысты, – деген болатын облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов. Сосын бағдарламаның экономикаға екпін берген тұстарын нақты мәліметтермен толықтырып өткен. – Оны іске қосқаннан бері, жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын 11,9 мың бас ірі қара жеткізілді. 2014 жылы 6850 бас сиыр әкелу көзделіп отыр. Қазірге дейін екі жүзден астамы сатылып алынды.
 

Аймақ әкімінің орынбасарының айтуынша, бірінші тоқсанда «Аграрлық несиелік корпорация» 411 басқа сұраныс түсірген бар-жоғы 13 өтінімді қабылдапты. Былтырғы жылы мұндай кезеңде шаруа қожалықтары 1069 бас ірі қараны сатып алып, 33 шаруа 1200 бас сиырға сұраныстарын беріп қойған еді.
Саладағы барлық ресурстармен, ірі қара етін экспортқа шығару жолында қойылған мақсаттарға жету үшін күш салынуда. Мал бордақылауға арналған шаруа қожалықтарында 16,3 мың бас ірі қара өсіріліп жатыр. Жоспар бойынша, жыл аяғына дейін төрт мың тонна ет өндірілуі тиіс. Бұл 2014 жылы 900 тонна ет экспорттау межесін толық орындауға мүмкіндік берері анық. Көзделген мақсатқа жету үшін ай сайынғы жұмыс қорытындыланып, аудандар мен
қалалар кеткен кемшіліктері болса, түзетуге қам жасайды.


Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде, қазіргі кезде жайылымдық жерлерді мақсатты және қолайлы пайдаланылуға орасан көңіл бөлініп отырғанын айтты. Биыл аймақтың оңтүстік бөлігінде шахталық құбырлы ұңғымалар мен құдықтар құрылысы басталмақ. Оған республикалық бюджеттен қаралған қаражат жұмсалады. Осынау міндеттер мен жоспарлар жүзеге асырылса, аймақтағы эпизоотиялық жағдайды сәтті қамтамасыз етуге мүмкіндік берері сөзсіз.

       
Рахман ЖАҚСЫЛЫҚ
 

comments powered by HyperComments

Агроспецтехника

Агроспецбаннер

 

 

Видео

 

 

Комментарии