Жер реформасы талқыланды

2 июня 2016 - Веб-редактор

Өңір әкімдігі жанынан құрылған қоғамдық комиссиялар мен коалициялардың да жерге қатысты ой-пікірлері ескерілетіні айтылған еді жер реформасы бойынша өткен комиссияның алғашқы отырысында. Бұл – халықтың пікірі, әр азаматтың пікірі. Осыған орай, Қостанайда қоғамдық кеңестен тыс, қосымша коалиция да өз жұмысын бастады. Жер кодексіне қатысты аймақта ауқымды жұмыстар атқарылуда.  

 

 

Тобыл өңірінде құрылған облыстық коалиция мүшелері мемлекет басшысының жер кодексінің бірқатар баптарына байланысты жариялаған мораториін толық қолдауда. Себебі, соңғы кезде қоғамда қызу талқыланып жүрген тақырып ел азаматтары арасында әр алуан пікірге ие. Осыған орай, облыстық коалиция мүшелері жер кодексіне енгізілер өзгерістерді әу баста анық түрде түсіндірген жөн болар еді деген ортақ ойды ортаға салды.

 


– Ел азаматтарына ешқандай да ауылшаруашылық жерлері сатылмайтынын түсіндіру керек еді, – дейді экономика ғылымдарының докторы Сәбит Есмұратов. – Яғни, тиісті топтарға бұл нормалар толыққанды жетпеді. Егер біздің азаматтар мұны түсінбесе, қабылданған шешімдерге сенімсіздік танытса, яғни, бұл еш дұрыс болмағаны. Осы іс-шаралардың барлығы адамдар үшін жасалып отыр ғой!

 


Дауға айналған мәселенің дұрыс түсіндірілмеуіне сай, отандастардың ойларын оң ұғынған Президент еліміздің жер кодексінің бірнеше баптарына мораторий жариялады. Бұл Елбасының елімен бірге екендігін білдіреді. Ел тыныштығын сақтаудағы дұрыс қадам деген пікірлерін айтты жиналғандар.

 


– Бәрімізге белгілі, Президент тапсырмасы бойынша, Астанада жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды, – деп өз пікірін ортаға салды облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Әбдуов. – Құрамы 75 адамнан тұрады. Оған сан түрлі сала өкілдері мүше болып қабылданған. Шаруалар да кіреді арнайы жасақталған комиссия құрамына.

 


Аталмыш комиссия құрамы секілді, коалиция сапына да халық қалаулылары, саяси партия өкілдері, аграрлық кәсіп тізгінін ұстаған тұлғалар мен ғалымдар және қоғам белсенділері мүше болып отыр. Басты мақсат – тек түсіндіру жұмыстарын ғана жүргізу емес, әрбір азаматтың пікіріне құлақ асу және жай жатқан жерлерді мақсатты пайдаланып, ел экономикасына пайда әкелерліктей тұрғыда тұтыну екені түсінікті. Бұл ретте біздің облысымызда да жедел желі іске қосылғаны белгілі. Кез келген азамат өз тілектерін осы орталыққа қоңырау шалып жеткізе алады.

 

 

Бетті әзірлеген Нұрқанат ОМАРҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео