Жұдырықтай жүректен шыққан жылу...

2 июня 2016 - Веб-редактор

Бірінші маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні аясында аймақ аумағында алуан түрлі іс-шаралар өтті. Барлық балдырғандарға арналып, ән-күй, сурет, спорт жарыстары ұйымдастырылды. 

 

 

Төл мерекелері күні бүлдіршіндердің мейлінше көңіл көтеріп, мәре-сәре болуын облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары да назардан тыс қалдырмады. Олар облыстық балалар үйіне барып, мейрам иелеріне өз сый-сияпаттарын үлестірді.

 


Тоқсан тарау тірлікте адалдық пен пәктіктің ұшқынын тек сәби күлкісінен ғана табасың. Себебі, бала- өмір өрнегі. Ал, сол бөбектердің бәрі асыға күтетін мерекелердің бірі – 1-ші маусым. Халықаралық балаларды қорғау күні. Жылдағыдай бұл күні облыстық балалар үйінің тәлімгерлері де тарту-таралғылардан тыс қалмады.

 


– Бала – өмірдің гүлі, шуақты нұры, – дейді Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бас маманы Гүлжан Мырзақұлова. – Осы игі бастамаға қатыса отырып, ерекше сезімге кенелгенім рас. Өйткені, біреуге қуаныш сыйлаудан асқан керемет жоғын ұғындым. Бұндай бастамалар жалғасын табатынына сенімдімін.

 


Баланың қиялы ұшқыр. Арманы асқақ. Әсіресе, жастайынан ата-ана махаббатынан ада бүлдіршіндердің бұл өмірден не тілейтіні белгілі. Көңілдеріндегі пәк пейілдерін сұрап білмесек те, жаутаңдаған жанарынан жан жылуы жетіспейтіндігін аңғару қиын емес. Осы орайда, шара бастамашылары балалар үйінің тәлімгерлерін төл мерекелерінде барынша бақытты етуге тырысты.

 


– Бұл мереке барлық балалар үшін маңызды, – дейді ерікті Арина Севостьянова. – Әсіресе, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар үшін үлкен мәнге ие деп ойлаймын. Балалар үйінде тәлім-тәрбие алатындарға мейрамның лебін сездіру үшін мен ерікті ретінде келіп отырмын. Бұл күнге алдын ала дайындалған едім. Балғындардың көңілінен шыққан сыңайлы. Барлығы өте қуанышты!

 


Бұл күні кішкентай қостанайлықтарды қуанышқа кенелту үшін әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Спорттық сайыс, өнер жарысы сынды түрлі тартыстар көрініс тапты. Тірліктің әрі болған бөбектердің өмірі тек бұл күні ғана емес, басқа күндері де мерекелі болсын деген игі ниет білдірді балаларға бір ауық болса да бақыт сыйлаған шара бастамашылары.

 


Ғалым ОСПАН

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео