Қазына қаражаты мерзімінде игерілуі тиіс

2 июня 2016 - Веб-редактор
article10557.jpg

Қостанай облысының бюджеті 22 млрд теңге көлемінде қосымша қаражатпен толыққаны белгілі. Республикалық қазынадан және ұлттық қордан да өңірді дамыту және салалық бағдарламаларды несиелендіру мақсатына трансферт бөлінген еді. Оның 2 млрд 88 млн.теңгесі тозығы жетіп тұрған жер асты құбырларын жаңартуға жұмсалады. Қалған қаражат астықты аймақтың экономикасын еселей түсу үшін сан түрлі салаларға бөлінуде. 

 

 

22 млрд 604 млн теңге. Республикадан бөлінген бюджеттік несиелер мен трансферттердің ұлғайтылуы есебінен жергілікті қазына қоржыны осыншама көлемдегі қосымша қаражатпен толықты. Әр тиынды тиімді жұмсау – өңір басшысы қойған басты талап. Қаражат кезек күттірмейтін ең өзекті мәселелерді шешуге жұмсалады. 551 млн теңге Үй құрылыс комбинатына жалғасатын теміржолдың құрылысына бөлінеді. Ол жоба еліміздің басқа өңірлеріне материал мен дайын заттарды жеткізуге кететін шығынды азайтады. Қазынадан қарастырылған қомақты қаржы индустриалды аймақ экономикасына бағытталған.

 


– 2 млрд 88 млн теңге Тұрғын үйлердің инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымға бағытталады, – дейді экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Спанов. – Соның ішінде, 753 млн теңге солтүстік – батыс ауданындағы коммуникациялық желілердің құрылысына, 109 млн Заречное ауылындағы газ қазандығына, және 306 млн теңге осы шағын аудандағы су жабдықтау нысанының құрылысына жұмсалады. Сол секілді 553 млн теңге Әуежай шағын ауданындағы жұмыстарға қарастырылған.

 


2016-2018 жылдарға бекітілген бюджетке бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Осыған орай, облыстық білім басқармасына техникалық мамандарды даярлау үшін, 15 млрд теңге ақша беріледі, ал 5 млрд-қа жуық қалған қаржы аймақтың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталмақ.

 


– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 2 млрд теңгеге жуық қаржы әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмысына жұмсалады, – дейді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. – Осыған дейінгі отырыстарда да жаңа мектептер, мәдениет үйлері мен аурухналар салуға ақша бөлу қарастырылмағандығын тілге тиек еткен болатынбыз. Сондықтан, аталған салалардың уақытша тоса тұруларына тура келеді.

 


Мәлімет үшін айта кетсек, ел бойынша 2015 жылғы бюджет кірістері 6 трлн 137 млрд теңге немесе жоспар 105,7 пайызға орындалды. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов сенаторлардың алдында Үкіметтің 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді. Былтыр республикалық бюджеттің атқарылуы 99,8 пайыз болып, ең жоғары көрсеткішке ие болған. Шығыстар саласында бюджет саясатының басымдығы әлеуметтік міндеттемелерді бірінші кезекте қаржыландыруға берілді. 2015 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген зейнетақылар, әлеуметтік жәрдемақылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне жалақы төлеу және толық көлемінде қаржыландырылды.

 


– Бюджеттің құрылымында әлеуметтік саланың үлесі өсіп, 39,4% болды немесе 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды, – дейді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. – Бұл ретте 2015 жылы білім беруге 444 млрд теңге, денсаулық сақтауға 657,5 млрд теңге жұмсалды.

 


Биыл облыс орталығындағы жолдарды қалпына келтіруге 5 млрд теңге бөлінген. Қазына қосымша қаражатпен толыққанымен, барлық басқармалар, әсіресе, коммуналдық кәсіпорындарға шығынды оңтайландыру тұрғысында тапсырма берілді. Жалақыны төлеу, өзге де әлеуметтік міндеттемелер – бюджет қаражатын тиімді пайдалану тұрғысындағы ең маңызды тетіктердің бірі.

 

 

Бетті әзірлеген Нұрқанат НҮСІПХАН
суретті түсірген Василий ВАСИЛЬЕВ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео