Тыныштық ұрпаққа аманат

21 мая 2015 - Веб-редактор

Ел басына күн туған қатерлі шақта жауынгерлеріміз бостандығымыз бен тәуелсіздігімізді жанқиярлықпен қорғады. Небір қисапсыз азапты бастан өткерсе де, қаһарман батырларымыз әлемнің тең жартысын тізе бүктірген айбатты да қайратты жауды тек өзара тығыз топтасу, ынтымақ пен бірлік, төзімділік пен қайсарлық таныту және достықтың арқасында ғана күйрете жеңіп шықты. Сол соғыс ойранын салмаған, отымен шарпымаған отбасы некен-саяқ. Ана перзентінен, ару асыл жарынан, бала аяулы әкесінен мәңгілікке айырылып, қанатынан қайырылып, қара жамылды. Тіпті, қара жердің кеудесі де күңіренген қайғы-қасіретке шыдамай қарс айырылып жатты. 

 

Ұлы Жеңіс Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері үшін ғана емес, сонымен қатар әлем халықтары үшін де үлкен оқиға. Соғыс миллиондаған адамдардың өмі-рін қиып, жүздеген қала мен елді мекендерді тып-типыл етті. Әр үйге, әр отбасының өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы тарихындағы қасіретті бет қана емес, сонымен қатар ол халқымыздың теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр-қайратының, бірлігінің дәлелі. Майданда қазақстандықтардан жасақталған әскери бөлімдер ата-бабаның ежелгі қаһармандық дәстүріне адал бола білді. Сол бір сұрапыл да отты жылдарда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен қаза тапқан қаһарман батырларымыздың ерлік істері ешқашан ұмытылмақ емес. 
Бүгін мен қолыма қалам алып, 1942-1943 жылдары Совет армиясы қатарында ел үшін ерге тән ерлік көрсете білген майдангер Смайыл Ыбырайұлы жайлы естелік әңгіме жазуды жөн санадым. Бұл кісі 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісі басталған тұста Қостанай облысы, Торғай ауданының жетінші ауылында дүниеге келген. Арада бір жыл өткен соң әкесі мен анасы көз жұмып, тұл жетім қалған жас сәби ағасы Кәкімжанның тәрбиесінде болады. Жеті жылдық Торғай орта мектебін бітірген бала Смайыл Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының пар-
тиялық мектебінде білімін жетілдіреді. Оқуын тәмәмдап елге оралып, 1932-1941 жылдар аралығында есепші, дүкен меңгерушісі, механик-инженер, Торғай ауданының ішкі істер бөлімінде (РО НКВД) паспорт бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. 
 
1942 жылы Жітіқара аудандық ішкі істер бөлімінде (РО НКВД) паспорт бөлімінде жұмыс істеп жүрген жерінен қолына қару алып, Ұлы Отан соғысына аттанады. 1943 жылы ауыр жараланып, 2-топтағы мүгедек болып елге оралған. Өзімен бірге соғысқа аттанған ағасы Кәкімжаннан еш хабар жоқ. Білдім-көрдім деген жан, «қаза тапты» деген қара қағазда келмеген.
 
1943-1946 жылдары Амангелді аудандық прокуратурасында халықтық тергеуші, Торғай ауданы прокурорының аға көмекшісі, 2-сыныпты заңгер болып еңбек етеді. Ісіне адал Смайыл Ыбырайұлы ел алғысын арқалап, сый-құрметке бөленген. Күні бүгінге дейін көзін көргендер ол кісінің жасаған жақсылықтарын, кішіпейілдігін, жомарттығын айтып жүреді.
 
«Сабақты ине сәтімен» демекші, аудан орталығында тұ-ратын майдангердің ұлы Қуантай Смайылұлының шаңырағына арнайы барып, тілдескенімде екі парақ сарғайған дәптер бетін қолыма ұстатты. Бұл хат майдангердің көз жұмар алдында жазғаны екен. Онда былай деп жазылған: «Мен 1942 жылы маусым айының бас кезінде Совет Армиясының қатарына шақырылып, артынша Ұлы Отан соғысына қатыстым. Қанды майданда Отан үшін көптеген қиыншылықтарды бастан кештік. Алғаш 39-шы танк ротасында болып, кейін қайтадан толықтырып, 174-ші танк бригадасына жіберді. Украина, Орлов, Курск түбегін неміс басқыншыларынан азат ету ұрыстарында болдым. Қыстың бет қаратпайтын үскірік желі мен сақылдаған сары аязында, жаздың еселей жауған жауынының астында, өмір мен өлім арасында Отан үшін қан майданда тайталасып жүрген жастық шағым есіме түскенде жан-дүнием түр-шігіп кетеді. Бар қиындықты бірге көріп, бір тілім нанды бөліп жеген майдандастарымды жиі еске алып отырамын. Құйындай соққан бомбаның, қардай бораған снарядтардың ысқырған дауысы құлағымнан кетер емес. Бүлдіршін ұрпақтарым соғыс жылдарында тумаған, оның қасіретін көрмеген сендер аман-есен болыңдар», – деп хатын аяқтаған. Бұл – ардагердің «бейбіт күнді бағалай біліңдер» деген өсиеті болса керек. Баласы Қуантай да солай түсінеді. 
 
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жангелдин ауданы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео