Отан деп соққан жүрегі

21 мая 2015 - Веб-редактор

Жеңіс неше жерден қымбат десек те, абзалы соғыстың болмағаны керек. Бұл дүниеде соғыс атаулының жақсысы жоқ. Ол тек қана қайғы-қасірет әкеледі. Жеңілген ел ғана емес, жеңіске жеткен ел де қайғы- қасіреттен шет қала алмайды. Демек, оны ұмытуға еш хақымыз жоқ. Соғысқа қатысқан ерлердің ерліктері санамыздан өшпейді. 

 

Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран болуы тиіс. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та әрқашан айтып жүр. Біз соғыс және тыл ардагерлерін үнемі ардақтауымыз керек. Олар бізге бақытты өмір сыйлады, жандарын қиды, мүгедек болды. Елге аман-есен оралғандары жараларын таңып жүріп, еңбекке араласты. Бейбіт өмірде де талай ерлік көрсеткендері мәңгі есте. Жұртшылық соғыстың ауыртпалығын көрсе де үрейленбеді, қайта ширыға түсті. 
 
Біздің жерлестеріміз де қан майданда өз Отанын қорғау жолында от кешті. Мысалы: I дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің иегері Жұмабек Аюпов, Бекназар Қарқабатов, Сарбоз Иманбеков, Сағымбай Жылкелдин, Төлеубай Бірмағанбетов, Әмірбек Бекенов, Боз Әбдірахманов және тағы басқа көптеген ардагерлер бар. Майданға барғандардың қатарында Әбдібек Әбді-қадыров атамыз да болған. Ол Қостанай облысының Аманкелді ауданында, Тасты деген жерде туған. Аудан орталығында орта мектепте оқып жүргенде 1941 жылы соғыс басталып, Қы-
зыл Армия қатарына алынады. Әскери дайындықтан өтіп, Украина майданындағы 383-ші атқыш-тар, кейін 896-ші атқыштар полкі құрамында соғысады. Венгрия, Австрия, Чехославакия жерлерін немістерден азат етуге қатысқан. Екі рет жараланып, госпитальде емделеді де, шайқас алаңына қайта кіреді. Майдангер елге оралған соң, Амантоғайда есепші, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Жданов атындағы колхоздың басқармасы, Жангелдин атындағы колхоздың басқарма орынбасары, совхоздар құрылғанда бөлімше меңгерушісі бо-лып, зейнеткерлікке шыққанша жұмыс істейді. «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және өзге де мерекелік медальдармен марапатталған. Оның артында екі қыз, бір ұлы қалды. Үлкен қызы Төлеу апа мен ұлы Мұратбек аға Амантоғай ауылының тұрғындары. Екінші қызы Сәбила апа Астана қаласында тұ-рады. Барлығы да өсіп-өнген жандар, өнегелі отбасылар. Әбдібек атаның немересі Жасұлан бүгінде Елордада әскери қызметте. Әбдібек атаның туған қарындасы Өсиланың жолдасы соғыстан оралмаған екен. Өзі соғыс жылдары Ақтөбе қаласында зауытта жұмыс істеген. Әбдібек атаның өмірлік серігі Алтын әжеміз – тыл ардагері. Ол 1928 жылы 5 қаңтарда дүниеге келген. Қазіргі таңда балалары мен немелерінің аяулы әжесі.
 
Міне, адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың аяқталғанына 70 жыл. Жеңіс – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ. Бұл мереке – Отанын қорғаған жауынгерлер мен сардарлардың айбыны, тылдағы жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерен еңбектерінің мәңгі өлмейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ. Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста жеңіске жеткізді. Біздің парызымыз – бұл күнді есте сақтау. Тәуелсіз еліміздің аспаны әрдайым ашық болсын! Әлемде тек қана бейбітшілік орнасын деп тілеймін! 
 
Меңсұлу СҮЙІНДІКҚЫЗЫ,
Амантоғай орта мектебінің 
10-сынып оқушысы   
Аманкелді ауданы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео