Ел қорғаған Тұңғышбай

21 мая 2015 - Веб-редактор
article6805.jpg

Сұрапыл жылдары елін жаудан азат ету үшін майданға Торғайдан аттанған бозбалалардың ішінде Қазақстанның халық ақыны Нұрхан Ахметбековтың тұңғыш баласы Тұңғышбай да бар болатын. Әкеміз Тұңғышбай 1924 жылы қараша айында Торғай селосында дүниеге келген. Балалық шағы осы жерде өткен. 1942 жылы Ы.Алтынсарин атындағы мектепті бітіріп, сол жылы күзде әскер қатарына алынады.

Әкеміз оқып жүргенде спортпен айналысқан екен. Атамызға тартып ақын болмағанымен, ән айтып, домбырада ойнағанын әжеміз Нәбира (Тұңғышбайдың анасы) айтып отыратын. Ол өте
елгезек, қайырымды жан, достарының ортасында беделді болған. Соғыс басталған соң достары Қапар Төртбаев, Қабыл-қасым Қосмағанбетов, Ахмет Ізтелеуов сияқты бозбалалармен соғысқа кетеді. Нұрхан атамыз өзінің үлкен ұлы Тұңғышбайды 1943 жылы майданға аттандырып тұрып, намысын қайрап жырлаған екен. Ақын өз баласын жігерлендіре отырып, барлық жастарға күш береді. Торғай жерінен майданға аттанған боздақтар осы үміттің үдесінен шығып, ерлігімен көзге түскен, туған Отанын жауға таптатпай, жеңіске жеткен. Өкінішке қарай, Тұңғышбай әке-
міздің қай жерлерде майдан шебінде болғанын біле бермейміз. Өйткені ол кісінің барлық құжаттары жоғалып кеткен. Киімдерін бауыры, менің әкем Мәлікзада киіп жүргенде, Амангелді ауданының сол кездегі военкомы көріп, сұрап алған екен. Құжаттарын да алдырады, бірақ сол күйі қайтармаған. Әжеміз ол кісіні «десантный войскада болған» дейтін. Оған дәлел, соғыс даласында жүріп жазған хаттарында амандық-саулық сұраған соң, «парашютпен 30 рет, 60 рет секіріп, жаудың тылдарына түсіп жүрміз» деп жазады екен. Тұңғышбай әкеміз 1945 жылдың ортасында соғыстан оралған. Денсаулығының нашарлауына байланысты елге жете алмай, Қостанай қаласында көз жұмған. Сол уақытта ақын Сырбай Мәуленов майданнан келіп, қазіргі «Қостанай таңы» редакциясында жұмыс жасайды екен. Сырбай ақын және басқа да торғайлықтар Тұңғышбай әкемізді жерлеуге қатысыпты. Бақилық болған ұлына бір уыс топырағын салу бұйырмай, тұңғыштарын соңғы сапарға өз қолдарымен шығарып сала алмай артында аңырап әке-шешесі қалады. Ол кезде атам Нұрхан қатты науқастанып қалған болатын. Ал анасы Нәбира мен інісі Мәлікзада жол болмағандықтан, бара алмаған. Тұңғышбай әкеміз армияға алынғанда отбасын құрмаған еді, соңында ұрпақ қалмады. Бірақ та інісі Мәлікзададан тараған біздер әкеміздің ерлігін мақтан етеміз. Міне, сол кісілердің арқасында біз қазір бейбіт өмір сүріп жатқанымызға мақтанамыз. Жауынгер әкеміздің артында
ұрпақ қалмағаны, небәрі 21 жасында қыршыннан қиылғаны жүрегімізді сыздатады... 
 
Естелігімді Нұрхан ақынның ұлына арнауымен көркемдеуді жөн көріп, қоса жолдадым.
 

Дабылыңды қақ, балам

Қайырлы болсын Тұңғышбай.
Аттанған жорық сапарың,
Қасыңда сырлас жолдасың,
Құрдасың, құрбың, қатарың.
Өсиетін ұмытпа,
Өсірген баптап атаның.
Бейнесі мынау шырағын,
Беретін саған батаның.
Тірі болсам артыңда,
Тілегін тілей жатамын.
Нар болары қиын ба,
Нағыздан туған кез өркеш,
Үкілеген ботаның.
Асқар таудан несі кем,
Арқасы балқаш жотаның.
Ерден ердің несі кем,
Есіне алса қатарын.
Намысты жігіт дұшпанға
Берер ме сүйген отанын
Шабытты туған жас түлек,
Шаттанып ұшар ұядан.
Томағасын алғанда,
Тағыны болжар қиядан.
Теке жауміт тел емген,
Теженбей асар нұрадан.
Қорқақтың басы қор болар.
Талаптың тауы зор болар.
Аймағын жауға алдыру,
Ат басын тартып қалдыру,
Азамат ерге ар болар.
Асыраған атаның,
Ақ сүтін берген ананың,
Ардақтаған ұлына,
Өсиеті сол болар.
Азамат болып ат мініп,
Өскеніңе мақтанам,
Қатарға ұлым енді деп,
Қарқ-қарқ күліп шаттанам,
Сен тумасаң қайтер ем,
Бұл да бір үлкен бақ маған.
Дауылдайын бұрқанып,
Дабылыңды қақ, балам,
Ер қаруы бес қару,
Еңсеңе берік тақ, балам.
Арғымағың тебініп,
Ауыздығын кеміріп,
Ақырып жауға шап, балам.
Ағайынның ары үшін,
Ата-ананың қамы үшін.
Аранын ашқан фашистке,
Аямай түсір дақ, балам.
Қоймағайсың дақ салып,
Күлін көкке ұшырып,
Сүйегін отқа жақ, балам.
Жай жатпаспын мен-дағы,
Ат мінермін ақтабан,
Айтулы жүйрік мақтаған.
Ішімде жауға ызам көп,
Қатырып, сүрлеп сақтаған.
Қырыққа төніп қылшылдап,
Қынаулы кезім қайтпаған.
Қылышымды шарға ұстап,
Қынарқа салман, Гитлердің 
Қырықпай басын, тоқтаман.
Партия үшін, ел үшін,
Алтын байтақ жер үшін,
Жазықсыз жанның кегі үшін,
Артыңнан мен де аттанам.
 
Тойғанбол НҰРХАНОВ
Торғай 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео