Атамның қабірі табылды

21 мая 2015 - Веб-редактор

Соғыстан келген хаттар... Жүрегімдегі тебіреністі күштеп басып, әрқайсысын қолыма аламын. «Амандық хабар!» деп басталатын хаттың алғашқы сөздері көз алдыма соғыстан оралмаған атамды елестетеді. Неге екенін білмеймін. Екі-ақ сөз: «Амандық хабар!..»

 

Бұл хатты қолына алғанда менің әжемнің қуанышы құшағына сыймаған. Өйткені атамның майданда аман-есен жүргенін білді. Дәл осы хатты жазып отырып, жауынгер Отанына, еліне деген сағынышын басуға әрекеттенді, бәлкім. Сағынғаны сондай, жиі хат жолдап тұрған.
 
Менің атам кім болды, қандай адам? Соғысқа дейін немен айналысты? Қай жерде қаза тапты? Қайда жерленген? Осындай сұрақтар ес білгелі мені үнемі алаңдатады. Әжемнен атам туралы сұрап білгім келді. Бірақ, өкінішке қарай, әжемнің өз әкесі туралы білетіні аз, өйткені ол соғысқа кеткенде, әжем кішкентай бала екен.
 
Атам – Баяхмет Укенов 1905 жылы Обаған ауданының №13 ауылында туып, жетім балалар үйінде тәрбиеленген. Оқуын бітірісімен Ақтөбе қаласына жіберіліпті. Осында Коммунистік партия-
ның аудандық комитетінің инструкторы болып жүрген жерінен 1942 жылдың жазында соғысқа аттаныпты. Соғыста офицерлік шені – лейтенант, өзі рота командирі болған екен. Атамның хаттарынан Мәскеу шайқасына, Тамбов облысынан Рязань облысына дейінгі жерлерді немістерден тазартуға қатысқанын білемін.
 
Атамыз туралы оның жұбайы Укенова Батимаға келген жерлеу хат-хабарда оның 1944 жылдың 1-ақпанында қаза тапқаны, жерленген жері белгісіз екендігі жайында жазылыпты. Соңынан ерген екі қызы Зоя мен Клара (менің әжем) өсіп-өніп, әкелерінің жерленген жерін іздестіруді ойластырады. Бұл үлкен игі істе атамыздың немересі Сәбит Абдрахмановтың ең-бегі зор болды. Ол КСРО-ның Қорғаныс министрлігі арқылы атамыздың жерленген жеріне іздеу салады. Осы әрекеттер нәтижесінде атамыздың Ленинград облысы Луга қаласының бауырластар зиратында жерленгені анықталады. Қабір басындағы мәрмәр тақта бетінде жазылған жауынгерлер тізбегінде лейтенант Баяхмет Укеновтың да есімі бар. Іздеу кезінде білгеніміздей, атамыз Псков атқыштар дивизиясы қатарында шайқасып, Ленинград-Волхов бағытында жүргізілген ұрыстардың бірінде қаза тапқан екен.
 
Көп жылдардан кейін, соңынан үш буын ұрпақ дүниеге келген шағында, атамыздың Ұлы Отан соғысында ерлікпен шайқасқаны туралы мәліметтердің табылуы – одан тараған барлық әулетке, әрине, үлкен қуаныш.
 
2012 жылы менің әжем – Клара Баяхметқызы әкесінің жерленген жерінде (Ленинград облысы Луга қаласы) болып қайтты. Әкесіне топы-рақ бұйырған мекенге табаны тиіп, қабірі басында тағзым етуі – әжем үшін жүрек тебірентетін оқиға. Соңынан ерген ұрпақтары атынан, бейбіт өмір сүріп, білім алып, бақытқа бөленуге мүмкіншілік берген Баяхмет атамызға, сонымен бірге миллиондаған жауынгерлерге де мың бір алғыс жеткізді. Отан үшін жанын қиған әр адам атаусыз, белгісіз қалмағанын шын жүректен тілеймін!
 
Әсел САКАЕВА,
№2 Ұзынкөл 
орта мектебінің
8-сынып оқушысы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео