Қызбел

21 мая 2015 - Веб-редактор
article6819.jpg

Қойнауы тоқсан тарау тарих, бәйтеректей тамыры терең жайылған Қызбел өңірі көрнекті ағартушы, қаламгер, алаш ардақтысы Міржақып Дулатов, қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының кандидаты Асқар Закарин сынды алып тұлғалар туған өлке. Бұл мекеннің бүгінгі тіршілігі көңіл қуантарлық. Ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып отырған кәсіпкерлері бар. Шаруашылықтары «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, мал басын асылдандыруға ден қоюда. 

 

Өлкесі жанданған, өрені топ жарған «Бір тау бар Сарыарқада Қызбел деген, Қызбелге талай бардым қызгерменен», – деп ақын Ғафу Қайырбеков бұл өлкені жырына арқау етіпті. Қызбел тауын тамашалағысы келген адам Қоңыраулы өзенінің беліне оралған көпірдің үстінде тұрып қараса болғаны. Күндіз қыздың жиған жүгіндей, ғажайып көз тартады, сағым көтергенде Абат тұрған үңгір, Құттыбай бұлағы, Қыземшек, Бошақайлы жотасы көз алдыңа сұлу суреттер әкеледі. 
 
Кешегі Кеңес дәуірінде Қызбел кеңшары, серіктестік, ұжымшар болып атауы сан түрлі өзгергенмен, Шүмекті, Саға, Ақсуат, Арал ауылдық кеңестерінің ара-жігі тарқамаған. Сол уақытта аталмыш елді мекендерді екі мыңнан аса тұрғын мекен еткен екен. Ауыл шаруашылығына қолайлы жер көлемі – 45 731 гектар. Халықты нарық қыспаққа алған шақта кеңшар тарап, Қызбел қауымдастығы болып қайта құрылған. 
 
Қазіргі таңда Қызбел ауылдық округіне қарасты Саға, Ошағанды, Ұзынқарасу, Бидайық елді мекендері бар. Жалпы округ бойынша үш мектеп, оның ішінде, бір орта, бір негізгі, бір бастауыш мектебі заман талабына сай жас ұрпаққа сапалы білім беруде. Екі медициналық пунктте жұмыс жасайтын ауыл мейірбекелері жергілікті тұрғындардың денсаулығына жауап береді.
Мұндағы тұрғылықты халық саны – 884 адам. Соның ішінде 387 адам экономикалық белсенді халық санына жатады. Кедейшілікпен күресіп, жұмыссыздықтың санын азайту үшін тоғыз адам жалдамалы жұмысқа орналастырылған. 224 адам өзін-өзі еңбекпен қамтуда. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында тұрақты жұмысқа орналасқандар саны да аз емес. Қоғамдық жұмыс орындарына тартылған 26 адам көгалдандыру, ағымдағы жөндеу жұмыстарына араласып, уақытылы еңбекақыларын алып отырады. Әлеуметтік сала бойынша бұл ауылдық округ көш ілгері. Екі кітапхана тұрақты оқырмандарға қызмет жасайды. Жалпы кітап қоры – 13 780, оның ішінде қазақ тіліндегісі – 7879. 
 
Небір дарындар ауылдан шығатыны белгілі. Ол үшін ауыл мәдениетінің деңгейі жоғары болуы керек. Ауылдық клуб мұндағы өнерпаздардың киелі шаңырағына айналғалы қашан. Аудандық байқауларда, талай додаларда қызбелдік жас өнерпаздар топ жарып жүр. 
 
Шаруалары ұйымшыл
 
Былтыр «Ақбұлақ» бағдарламасының шапағаты тиіп, Саға ауылына тұщы су қондырғысы орнатылды. Бұл жөнінде ауылдықтардың айтар шағымын естімейсің. Қызбелдіктер «Сыбаға» бағдарламасына қатысу бойынша аудандағы өзге ауылдарға үлгі көрсетіп тұр. Мәселен, «Бекмұрат» шаруа қожалығының жетекшісі Шаттық Көпеев аталмыш бағдарлама шеңберінде мемлекеттен 9 млн теңге несие алып, оған 130 бас ірі қара, МТЗ трактор және бес бас асыл тұқымды бұқа сатып әкелді. Талабы таудай шаруашылыққа жыл сайын құт құйылуда. Жалпы, округ бойынша 16 шаруа қожалығы өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Оның үшеуі мал шаруашылығымен, қалғаны егін егумен айналысады. 
 
– Кейінгі жылдары су тасымай, шабындық мәселесі күрделеніп кетті. Дегенмен, қарлы маусымға ерте қамданған шаруа қожалықтарының көмегімен, өткен жылы 13 950 тонна қысқы мал азығын дайындап алдық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», шөп шабу науқанына ұйымшылдықпен бірлесіп, 31 тракторды, 78 орақты және 14 адамды жұмылдырдық. Бейнеті аз болмағанымен, қыста рахатын көріп, қолдағы малдарымызды қақаған қыстың аязы мен ақтүтек боранына ұрындырмай аман-есен алып шықтық. Биыл да осылай істегелі отырмыз, – дейді Қызбел ауылдық округінің әкімі Елдос Едресов.
 
Бүгінде округ бойынша 3238 бас ірі қара, 4788 бас қой-ешкі, 841 бас жылқы бар екен. Қысқы жем-шөп дайындаудың өзі үлкен жауапкершілікті талап ететін іс екенін осыдан-ақ аңғара беріңіз.
 
«Бәйтерегі» бар ауыл 
 
Жанашар азаматтардың еңбегін айта кеткен абзал. Шынболат ұрпақтарының демеушілігімен, Міржақып Дулатов атындағы орта мектептің алдына, 300 шаршы метр жерге тас төсеніш төселген. Мектеп түлектерінің көмегімен, 200 мың теңгеге математика кабинетіне, 150 мың теңгеге мектептің кіре берісіне заманауи үлгіде жасалған стендтер ілінді. 2007 жылы Мадияр баба есімімен аталатын мешіт және осы жылы медициналық пункт ғимараты жаңадан салынды. Құрылыс материалдары мен басқа да керек-жарақтарға демеушілер есебінен 5 млн теңге қаржы жұмсалған.
 
2012 жылы Венгряның Будапешт қаласынан Қазақстан – Мажар достығының белгісі ретінде әкелінген ұзындығы 9 метр, салмағы 2 тонна болатын теңіз түбінде 5 жыл жатқан емен ағашынан жасалған «Бәйтерек» осы ауылда бой көтеріп, көкпен таласып тұр. Ауылдың сәні, ажарына нұр құйып тұрған емен ағашы елдіктің символы іспеттес.
 
Міне, осындай жақсылықтың жаршысына айналған Саға ауылында Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында, Құрманғазы Жанділдин, Бәйгерей Кәкімбеков, Рамазан Құсайынов, Ғалымхан Тапалов сынды ауылдан шыққан атымтай жомарттар игілікті істің бастамашысы болып, ел алғысына бөленді. Олар 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, ел үшін қолдарына қару алып, ерлік істерімен танылған қаһарман ата-бабаларына арнап ескерткіш орнатты. Аталған ескерткішті қашауға кәсіпкерлер 1 млн 100 мың теңге шығындаған екен. Жангелдин ауданы әкімі Асқарбек Ахметбекұлы мен осы ауылдың тумасы, Қазақстан Республикасы медицина саласының үздігі Қаби Іңірбайұлы ескерткіштің ашылу салтанатында өз лебіздерін білдірді. 
 
 
Ерлер мен еңбексүйгіштер мекені 
 
Ұлы Отан соғысына өз еркімен алынған Іргебай Айтжанов 1944 жылы оң аяғынан жарақаттанып елге оралады. Арада он төрт жыл өткенде Қызбел кеңшары құрылып, бас есепшінің орынбасары қызметіне кіріседі. Соғыста алған жарақатыны кесірінен 1965 жылы қайтыс болған. Сұлтанғали Қайыров та фашистермен соғыста ерлігімен көзге түскен жан. Оның да жарақаты ауыр соғып, елге қайтарылады. Ол зейнетке шыққанша есепші болып абыройлы қызмет атқарған. 
 
Екінші дүниежүзілік қырғынына бастан-аяқ қатысып, ерекше ерлігі үшін Қызыл Ту орденімен наградталған Ерден Нұрғазин елге жоғары дәрежелі капитан шенімен оралған екен. Өмірінің соңына дейін жанар-жағармай бекетінде меңгеруші болған. Ауылдастарымен бірге майданға аттанған Шошай Шөгірбаев та жанқияр ерліктер көрсетіп, оң қолынан айырылады. Қолының кемістігіне қарамастан, ауыл шаруашылығына белсене араласып, аға жылқышы болып еңбек етеді. Тағы бір қызбелдік майдангер Қапият Игібаев ферма меңгерушісі қызметін атқара жүріп, мал шаруашылығының дамуына өзіндік үлес қосты. Елеулі еңбегі бағаланып, аудандық кеңестің депутаттығына дейін жоғарылады. Ол «Коммунистік еңбектің екпіндісі» төсбелгісімен бірнеше мәрте наградталған. Бүгінде бұл кісінің жасаған жақсылықтары ел аузында. Соғыс ардагері, осы ауылдан тұңғыш комсомолға мүше болған Мұхтар Тәженов майданнан келген соң, құрылыс саласында жұмыс жасаған. Он саусағынан өнер тамған ағаш шебері, нешеме марапаттардың иегері. Бұл мен білетін деректер ғана. Егер мұрағатты ақтарып, тарих беттерін парақтар болсақ, шағын ғана Қызбел ауылынан шыққан майдангерлердің ерліктері мен қиындыққа толы өмірлері бір сүбелі еңбекке арқау боларық анық.

Байбатыр АХМЕТБЕК
Жангелдин ауданы 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео