Жақсы іске – жақсы қолдау

29 мая 2014 - Веб-редактор
article4043.jpg

Мемлекеттік бағдарламалардың қай-қайсы да, ең алдымен, ауылдың жағдайын жақсартуға арналған. Меңдіқаралық кәсіпкер осы мүмкіндікті ауыл тұрғындары құр жібермеуі керек деп есептейді.


Заман талабын дер кезінде түсіне білген Анатолий Богданов ауыл шаруашылығын дамыту мен қолдауға арналған несиеге құжат рәсімдеді. Ол бүгінде аталмыш салаға зор мән беріліп жатқанына, тиесілі жеңілдіктер жөніндегі ақпарларға әбден қанық. Сөйтіп, мемлекеттен берілген несиеге бал арасының жиырма ұясын сатып алып, жеке кәсіпкерлігін ашты. Қаржысы араларға орын даярлауға, қыстық қорегін әзірлеуге де жетті.


Өткен жылғы жаз маусымы Анатолий Иванович үшін өнімді маусым болды, әр ұядан 80 келіге дейін бал алды. Өнімдері сан алуан сұрыпта: қарақұмық, гүлдерден алынған бал, күнбағыс және мамыр айының балы сынды тағы басқалары. Балдың сұрпына қарай емдік қасиеті әртүрлі болып келетінін білетін халықтың таза, табиғи өнімге деген сұранысы жыл сайын арта түсуде. Қазір Анатолий Ивановичтің де тұрақты тұтынушылары бар.


Кәсіпкер Қостанайда, ауданда өткізілетін жыл сайынғы ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкелеріне атсалысып тұрады. Рудный қаласына да шығып, көтерме бағамен сатып келеді. Аудан орталығындағы базарда бал сататын жеке орын ашты. Қойған бағалары қымбат емес, литрі – 1000-1500 теңгеден.


Омарташы мемлекеттік бағдарлама арқылы берілетін несиенің тиімді жақтарын былайша әңгіме етеді: «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында, өзімнің жеке кәсібімді өрбіттім. Бизнестік жолға қадам бастым. Бұл несие басқа банктерден алған несиелер сияқты емес. Оларда осы айда алсаң, келесі айдан бастап төлем жасауың қажет. Ал, бұл жерде несиені қайтару кестесі жақсы қарастырылған. Мысалы, мен алған қаражатымды іске қосып, айналымға келтіріп жарты жылдан кейін ғана қарызымды қайтаруға кірістім. Ендігі төлемді тағы да алты айдан соң жасаймын. Бұл аса тиімді әдіс, жылдық пайызы да өте төмен».


Елбасының тапсырмасы бойынша, Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жұмысын жаңа бастаған бизнесмендерге көмек көлемін ұлғайтуда. «Егінжай», «Агробизнес» және «Сыбаға» бағдарламалары ауыл экономикасын көтеруге бекінген азаматтарға үлкен қолдау. Әйтеуір, ерінбегеннің бәрі қазір кәсіп тұтқасын ұстап жүр. Кейіпкеріміз де бүгінгі заман еңбек еткендердікі деген пікірде.


Есен САБЫР

 

comments powered by HyperComments

Агроспецтехника

Агроспецбаннер

 

 

Видео

 

 

Комментарии