Биылғы егістік көлемі – 16 253 га

29 мая 2014 - Веб-редактор

Егін себу науқанының қызған шағы. Торғайлық диқандардың қам-қарекеті, оларға қандай жеңілдіктер берілуде? Осы тақылеттес сауалдарға «Жангелдин ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Руслан Құлетов жауап берді.

– Руслан Есболатұлы, биыл шаруа қожалықтарының дайындық барысы қалай болды?


– Ағымдағы жылғы оңтайлы егін себу мерзімі «Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің берген мәліметі бойынша, 15 мамыр мен 5 маусым аралығы болып бекітілді. Біздің шаруалар белгіленген мерзімде егін сеуіп бітіреміз деп отыр. Соған қарағанда, дайындықтары жаман емес.
– Аудан бойынша жоспарланған егістік көлемі қанша?  


– 2014 жылға жоспарланған егістік көлемі – 16 253 гектар. Оның ішінде, бидай – 14 636, арпа – 200, майлы дақылдар – 1 200 гектар. Сондай-ақ биыл картоп 77, көкөніс 35 гектарға егілсе, күзде 105 гектардан басқа бақша дақылдары да жиналмақ. Жалпы, 2013 жылмен салыстырғанда, осы жылы егістік көлемінің ұлғайтылғанын байқаймыз. Сонымен қатар қар тоқтату жұмыстарына төрт мың гектар жер жоспарланып, толығымен орындалды. Көп жылдардан бері су тасымай қалуына байланысты, бау-бақша егу саласы кенжелеп қалғаны белгілі. Биыл, құдайға шүкір, аз да болса су тасып, игілігін ел көріп жатыр. Қазіргі уақытта бау-бақшамен айналысуға бірқатар ауыл және ауылдық округтердің мүмкіншіліктері толығымен жетеді.


– Егін себу мен күзгі жиын-терім науқанына қаралған қаражат туралы айтып өтсеңіз?


– Аудан шаруа қожалықтарына республикалық «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамынан көктемгі дала жұмыстарына және күзгі егін жинау кезеңіне 30 миллион теңге несие бөлінді. Өтініштерін беріп үлгерген 10 шаруа қожалығы несиелерін алды.


– Кейбір өңірлердегі шаруалар арзандатылған жанар-жағармайға қол жеткізу үшін кезек күтіп, уақыт оздырып алатындықтарына ша-ғым айтыпты. Сіздерде қалай?


– Шағымданған ешкім жоқ. Біздің ауданға көктемгі егiс және егiн жинау жұмыстарын жүргiзуге қажеттi 269 тонна жанар-жағармай арзандатылған бағамен ұсынылды. Оның 228 тоннасына мамыр айының басына шейін келісім-шарт жасалып, 190 тоннасы тасылып алынды. Қалған 79 тоннасы егін науқаны басталғанша жеткізілді. Басқа да тауарлық-материалдық құндылықтардың, оның ішінде, көктемгi егiс жұмыстарына қажеттi лизинг шартының негізінде сатып алынған тұқымның құнын арзандатуға субсидиялар бөлінді. Бұған қоса, ылғал сақтау мақсатында, 10 мың гектар жерге ылғал жабу жұмыстары жүргізілді.



Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жангелдин ауданы


 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео