Жүрегі нұрлы, жүзі шуақты

22 января 2016 - Веб-редактор
article9015.jpg

Батпаққара-Торғай еліне жақсы таныс, тектілігі мен бекзаттығы, парасаттылығы мен адалдығы күні кеше ғана өмір өткелдерінде аралас, сыйлас, сырлас болғандардың жүрегінен мықтап орын алған Қуаныш Шәмшиевтің азаматтық болмысы ерекше еді.

 

Қуаныш Ақыбайұлы 1931 жылдың бірінші қаңтарында шағын ғана ауыл Нарөлгенде (Амангелді ауданы) қарапайым шаруа отбасында өмірге келді. Торсық шеке баласы елге бақыт, құт-береке, қуаныш әкелсін деп ырым етіп, әкесі азан шақыртып тұңғышының атын Қуанышбай қойғызды. Ол кеңес үкіметінің құрылғанына он төрт жыл ғана болған қоғамның аумалы-төкпелі уақыты болатын. Одан кейін аштық (1932-1933), қуғын-сүргін (1937-1938), қантөгіс (1941-1945) басталды. Бала Қуаныш балалық шағын да, жастық шағын да дұрыс өткізе алмады. Тіпті, көрмеді деуге болады. Сондықтан да балалар ерте есейіп, өмірге жасынан бейімделді. Қуаныш Ақыбайұлы өзінің әңгімесінде: «Біздер ана сүті ауыздан кетпестен, әлі естерін біліп, етек-жеңімізді жинамастан аштықты, жалаңаштықты бастан кештік. Ерте тұрып масақ тердік. Аңызақ ыстықта өлердей шөлдеп, шалап-сусын, ірімшікті, кейде тарының нанын қорек етіп, жан сақтадық. Біздің жұмыс уақытымыз күннің шығуы мен батуының арасы болды. Кейінгі жастарға біздің көргенімізді Алла көрсетпесін», – деп отырушы еді.


«Болар бала – бесігінен» дегендей, Қуаныш ағамыз жасынан қиыншылыққа төзімді, қатарының алды, құрбы-құрдастарының көсемі, оқуға алғыр болып өсті. Жетінші сыныпты өте жақсы бағамен бітіріп, Қостанайдағы ауылшаруашылық техникумына түседі. Орысша білмек түгіл, орыс көрмеген ауылдан шыққан қазақтың қара баласының қаланы бірінші көруі. Онда оқу да, жүріп тұру да оңай болмағанын жыр етіп айтатын. Сол оқу орнын кілең беспен тәмәмдап, Мәскеу қаласындағы Тимирязов академиясына барады. «Дай хлебтен» басқа орысшасы жоқ Қуаныштың бұл талабы мен ісі ерлік еді. Академияны да қызыл дипломмен аяқтап, басқа жаққа бұрылмастан, туған жерге оралады. «Қайыңды» кеңшарына бас зоотехник, одан жиырма сегіз жасында «Қазақстанның қырық жылдығы» совхозына директор болып, жаңа кеңшардың бірінші қазығын қағады.


Әрине, отызға да толмаған азаматқа бұл үлкен сенім болса, екінші жағынан қабырға қайыстырар, омыртқа майыстырар орасан ауыр міндет еді. Жүрексінсе де жасқаншақтап тартынбай, тәуекелге бел буып, бақ сынау қажет болды. Ол солай етті де. Жас директор машина, ол болмаса ат үстінен түспеді. Ерте тұрды, кеш жатты. Диқанның дала қосында дамылдады, малшы қауымның күркесінен табыла білді. Үлкеннің ақылын алды, кішіні іске қосты. Мынау жақыным еді деп жақындық, енді біреулерге алалық жасамады. Бәрін тең ұстады. Сөйтіп елдің іргесін бүтіндеді, төңірегін түгендеді. Айналасы екі-үш жыл ішінде ісі бірден оңға басып, көзге көріне бастады. Қажырлы істің, еткен еңбектің, төккен тердің, мазасыз күндер мен ұйқысыз түндердің нәтижесінде ауылдың ажары, шаруашылықтың шырайы кіріп, елдің еңсесі көтерілді. Қажырлы еңбегінің арқасында абырой-беделі асып, Қуаныш Шәмшиев аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына жоғарылатылады. Енді жалғыз совхозды ғана емес, күллі аудан (Амангелді) шаруашылығын ұршықша үйіріп, өзінің таным-қабілетін көрсетті. Өсу-өрлеу үстінде жүрген басшы Семиозер (Әулиекөл) аудандық атқару комитетінің төрағасы болып бекітілді.

Ол кезде орысы қалың жерлерде қандастарымызды совхоз директоры қылудың өзі екіталай болса, ал ауданның біріншісі болуы қиынның-қиыны еді ғой. Қуаныш Ақыбайұлы таңдаулылардың бірі атанып, кемелденген, әбден шираған шағында Семиозер аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына бір ауыздан сайланды. Иә, әрбір лауазымның өзіне тиесілі салмағы, қарымы мен қауқары, айдыны мен айбыны болатыны белгілі. Кейде ой жеткен жерге қол жетпей, көз жеткен жерге сөз өтпей жатады. Ал Қуаныш ағамыз қоғамдық, мемлекеттік қызметтің негізгі буынынан өткендігінен, еш қиналып қысылмай-ақ тиісті қызметін еркін алып кетті. Бюро, пленум, конференцияларда алынған қаулы-қарарлардың орындалуы, қатаң талап пен тәлімді тәртіптің арқасында ауыл шаруашылығы өркендеп елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Жер-жерде еңсесі биік мектептер, мәдениет ошақтары бой көтерді. Басқаны айтпағанның өзінде аудан орталығында қазақ орта мектебін, оның қасына үш қабатты интернат үйін көтеруі ол кезде ерлік жұмыс еді. Себебі, барлық жерде ұлттық білім ордалары жабылып жатқанда, Әулиекөлде басқаша өріс алды. Бұл күнде Ш.Уәлиханов атындағы қазақ орта мектебі оқушысы ең көп қара шаңырақ болып, орталыққа сән беріп тұр.


Осындай азаматтармен қызметте бірге, дәмдес-дастарқандас болғаныма тәубә айтып отырамын. Қуаныш Ақыбайұлы сияқты ісімен ірі, халқына еңбегі мен айдынын асырған, жан-жақты көкжиегі кең, көңілі жүйрік, қатарластарынан өресі мен беделі биік азаматты біздің қазақ әмбебап немесе сегіз қырлы деп жатады. Ағамыз осы сөзге лайық, менің көзім толық жеткен әрі осы кісінің шекпенінен шыққан көптің бірімін.


1978 жылдың тамызының басы. «Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.Шәмшиев шақырып жатыр» деп мектептің бастауыш партия ұйымының хатшысы К.Батырбеков айтқан соң, белгіленген уақытта қабылдау бөлмесіне келдім. Ол кезде мен Ш.Уәлиханов атындағы қазақ орта мектебінде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болатынмын. Келсем, күтіп отыр екен. Қысқаша аман-саулықтан кейін:
– Сағындық, сені осы мекемеге қызметке, ұйымдастыру бөліміне нұсқаушылыққа алғалы отырмын. Қалғанын алдағы өмір көрсете жатар, – деді. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды, түрлі сылтаулар айттым, әрі мектебімді қимадым.


– Ағасы, мен қазақ мектебін бітіргенмін, мамандығым физик-математик, жазуға жоқпын, орысшам да жетісіп тұрған жоқ, жасым да біразға келіп қалды, жылы орнымнан суытпаңыз, – деп ағымнан жарылдым.


– Мен оның бәрін білемін. Аяқасты шақырып отырғаным жоқ. Сырттай бақылап та жүретінмін, ақылдасқан адамдарым да жоқ емес. Адам табылмай отырған жоқ. Мектеп ешқайда қашпайды. Бұл жер үлкен өмір мектебі. Елді көресің, жұртты танисың, азаматтармен араласасың. Өмірде бұл аз олжа емес. Қолыңнан келеді. Ертең іс қағаздарыңды тапсыр, облысқа жібереміз. Мектеп директорына өзім айтамын, – деді. Сонымен сөз бітті. Жазған құлда жазық жоқ. Бұған дейін де үгіт-насихат бөліміне шақырған еді, бұл жолы бұлтаруға шама келмеді. Сөйтіп, ойламаған жерден қызмет ауыстыруға тура келді.


Міне, Қуаныш Ақыбайұлын бұрын сырттай білсем, енді етене жақын қарым-қатынаста болдым. Меніңше, ол жаратылысынан адамның пейілін, ішкі сырын тап басып, кадрларды қарым-қабілетіне, мінез-құлқына, білім-біліктілігіне қарай танитын. Қолынан келетін қызметке жұмсайтын. Өзінің ой-пікірін ашық айтып, дұрыс ақыл кеңес беретін, істің тамырын дөп басып, білгірлікпен жеткізетін. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргендерге жаны қас. Ондайлар кездессе алдымен тәрбиелеп, тезге салып көретін-ді. Ал үлкендерді сыйлап, сырласып, ақылдасып, араласып, жеке адамдардың жүрегіне жол тауып, жасына қарай сыйлап, ақылына қарай құрметтейтін. Келешегінен үміт күттіретін жастарға қамқоршы ұстаз бола білді. Өзінің білмегенін сұраудан арланбайтын, білгенін үйретуден жалықпайтын. Сондықтан бірге қызмет атқарған, жақсы білетін аудан еңбекшілері оның істеген жақсы істерін айтып отыруы – ағамыздың қандай басшы болғандығын айғақтаса керек.


Бұл кісінің маған деген шынайы қамқорлығы мен қолдау-көмегін әрқашан сезініп жүрдім. Төрт жанға екі бөлмелі үй тар болады деп үш бөлме, қолыңда шешең бар ғой деп бес бөлмелі үй бергенін қалай ұмытарсың. Қашан, қай жерде кездескенде де, не сөз сөйлегенде де жанбауырлық танытып, «айналайын, Сағындық» дегенінен таңған емес. Отбасы, бала-шаға, ағайын-туыс жағдайын тәптіштеп сұрап, тілегін айтып, батасын беретін-ді. Анда-санда жазғандарымды оқып, міндетті түрде ұмытпай, ерінбей телефон соғып, ризашылығын, не келіспейтін жерлерін айтып, пікірін білдіретін. Мерейтойларда әрқашан құттықтаушы еді. Еліме азды-көпті қызмет етсем, белгілі бір жетістікке, марапаттарға ие болсам Қуаныш ағамыздың қосқан үлесі барын, одан алған тәлім-тәрбиенің, үлгі-өнегенің әсіре аз болмағанын ашық айтамын, айтып та жүрмін.


Қуаныш Ақыбайұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап отырмай қоғамдық жұмыстарға, әсіресе облыстық ардагерлер ұйымына мүше болып, белсенді жұмыс істеді. Мешітке барды, жұма намаздарынан қалмады. Қолына қалам алып, тереңнен толғап, қордаланған пікірлерін қағазға түсіріп, Торғайда, Қостанайда шығатын қазақ және орыс тілді үнпарақтарға мақала жазды, өлең де шығара бастады. Одан құлашын кеңге жайып, өзінің өмір белестері мен өткелдері, атақты адамдармен, ереше тұлғалармен кездесулерін, үлгі тұтар ағалары мен інілері туралы қос тілде «Өмір өткелдері» және «Вехи жизни» атты кітабын шығарды. Бір данасын маған беріп, «Айналайын, Сағындық! Сенің әрқашанда маған адами інілік сыйластығыңды еске түсіре отырып, мына кітабымды көзімдей көрсін деп өзіңе сыйға тартып отырмын. Бақытты, ғұмырлы бол. Ағаң Қуаныш Шәмшиев. 22 мамыр, 2007 жыл» деп қолтаңба қалдырыпты. Сөйткен ағаны қалай ұмытуға болар.


Қазақта «Ердің қосы оңбай, ісі оңбайды, үйдің түтіні түзу шықпайды» деген сөз бар. Ендеше, бұл жағынан Қуаныш ағамыз бақытты жан. Оның жансерігі, сүйген жары Ермек Бимағанбетқызы. Ағамыздың атақ-беделінің бастауы деп те, тіпті темірқазығы десек те жарасар. Ол адал жар, сүйікті ана, ардақты әже бола білді. Ағайын-туысқа ибалы келін, инабатты абысын атанды. Екеуі қолтықтасып қатар кетіп бара жатқанда айдын-көлдің қос аққуындай көрінуші еді. Екеуінің жерлеуінде де болып, қолымнан топырақ салып, бет сипап дұға бағыштадым. Арқалықтың батыс жағында Батырбегін бауырына алып, үшеуі қатар жатқанын көргенде жанарға жас келіп, жүрек қозғалып, дәрі іздеуге тура келгені есімнен кетпей-ақ қойды. Батырбегі Қуаныш ағаның өзі еді ғой, шіркін...


Қуаныш Ақыбайұлы өмірден өткенімен артында ерен еңбегі, өшпес ісі қалды. «Ұлы бардың – өзі бар, қызы бардың – ізі бар» дегендей, Алмабек атты ұлы, Гүлжиан атты қызы қалды. Немерелер мен шөбере өсіп келе жатыр. Ағамыз мәуелі бәйтерек болып, тамырын тереңге жайып кетті. Қандай бір қиыншылық шақтарда, қайратына жірегін жанып, үмітін үстеп, жерлестері мен замандастарының көкейіне, кемел келешекке деген берік сезім ұялатқан, бойларына өмірге деген қуатты құлшыныс туғыза білген Қуаныш Ақыбайұлы кешегі далбасалаған өлара кезде де сыр бермей, бірауыз бітімгер сөзімен егемендігімізді қолдап, жоқтан бар жасағандай жасампаз ісімен де, сөзімен де елдің іргесін сөкпей, бауырын бүтін ұстады. Ол елінің есіңде қалатындай істерге мұрындық бола білді. Еңбегі жанып «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медаль, мақтау қағаздарымен марапатталды. Ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері атанды. Аудандық, облыстық кеңестерінің депутаты, Қазақстан орталық партия комитеті XIV съезінің делегаты, тағы басқа толайым жетістіктердің иесі болды.


Әрине, адам болған соң қателесу, сүріну болады. Ол заңды нәрсе. Бірақ адамның халыққа жасаған еңбегінің көлеңке жағынан күнгейлік жағы анағұрлым басым болса, ондай жанды халық Азамат, Тұлға дейді. Ендеше, Қуаныш аға әкесінің ақ тілегін орындаған, анасының ақ сүтін ақтаған, елге мейілінше адал қызмет еткен, көжиегі кең, көңілі жүйрік үлкен әріпті Азамат болғаны.


Бүкіл саналы өмірі ел мүддесіне жұмсалған, жүрегі нұрлы, жүзі шуақты, Әулиекөл ауданының құрметті азаматы Қуаныш Шәмшиев ағаның жарқын бейнесі жадымызда жаңғырып, есімі есте ұзақ уақыт сақталары хақ.

 

Сағындық ДОСМАҒАМБЕТОВ,
Әулиекөл ауданының құрметті азаматы

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео