«Біз халық үшін туғанбыз...»

21 января 2016 - Веб-редактор
article9014.jpg

Адам баласының жан дүниесіндегі «соқыр» және «саңылау» сезімдерінің ой сандығына терең бойлау арқылы зерделеп, «Псиқолоғия» атты еңбек жазып, онда психология терминдерін өз заманында алғашқылардың бірі болып сөз еткен ғалым – Жүсіпбек Аймауытұлы.

 

Архивтен табылған нұсқасы бойынша, «Псиқолоғия» еңбегі араб әрпімен жазылған, 1926 жылы Ташкентте жарық көрген. Аталмыш еңбек пен сол кездерде Мәскеуден шыққан «Жан жүйесі мен өнер таңдау» деп аталатын кітаптарынан құрастырылған «Псиқолоғия» ғалым Рымғали Нұрғалидың алғысөзімен, психолог-ғалым Алма Ақажанованың араб жазуынан кириллицаға көшіруімен 1995 жылы Алматыдағы «Рауан» баспасынан (312 беттен тұратын) басылып шықты.
Ғалым Р.Нұрғали алғысөзінде «...Жүсіпбек таза ғылым саласына, оның ішінде педагогика, психологияға арналған күрделі, маңызды, терең еңбектер берген көшелі ғалым, білікті зерттеуші», екендігіне, әрі ғалымның дін тарихына, пәлсапа тарихына терең бойлай отырып, көптеген мысалдар мен деректер арқылы психология ғылымындағы негізгі ұғымдардың мәнін ашуда түрлі тәсілдерді қолданып қана қоймай, шіміркеніс, рефлексия, тағы басқа ұғымдарды академик И.П. Павловтың іліміне орайлас талданғанына назар аудартады.


Әдебиет майданындағы «Екеу-дің» сыңары Жүсіпбек Аймауыт- ұлының көркем шығармалары-ның қайсысын алсақ та, онда адамтану, адамның ішкі сезім
дүниесі мен сыртқы бейнесінің үйлесу пошымын тану мүмкіндігіне әкеледі. Ол, ең алдымен, автордың басты ерекшелігі – оқып отырған адамға тікелей әсер етіп, оқушының өз бойындағы адами болмыс пен мінез-құлық, әрекет детальдарын саралауға жол ашуы.


Ғалым Е.Жұматаева «Ж.Аймауытовтың психология іліміндегі наноғылымы» мақаласында (135-бет) «Ж.Аймауытов соқыр сезім мен саңылау се-зімдердің көзге көрінбейтін бөліктеріне дейін зерттеу жасауда психология ілімін физиологиямен, биологиямен, физикамен, медицинамен, химиямен және қоғамдық пәндермен байланысты салыстыру амалымен зерделегенін» тоқтала тұжырымдайды. Ж.Аймауытұлы саңылау сезімдердің көрінісін қылықтан, әрекеттен іздеп былайша түйеді: «қылық дегеніміз күрделі қызметтерді бөлшектеп, ең әдемі құрандысын тапсақ, соны саңылау сезім деп айтады», – дей келе, саңылау сезімдердің алғашқы бөліктері деп адамның қуаты, есте жаңғырту қабілеті берне (представление) мұратқа (идея) себепші екендігін ескереді. Саңылау сезімнің алгоритмі адамның екінші табиғаты болып саналатын әдеті, берне іліктестігіндегі «икемділігі» – белгілі талапқа қатысты мақұлдау, терістеу, көну, көнбеу сезімі, ынтасы, ілтипатына сай һарекеттерден тұрады. Тағы да бір қаперде ұстар тұсы – психологияға қатысты классикалық терминдердің орынды қолданылуы мен қазақша баламасының нақтылығы, айтылу тәртібіндегі үндестік заңының сақталу ережелеріне сәйкестігін айта кету артық болмас. Мәселен, бірнеше түрге бөлінетін адам мінездерін былайша түсіндіреді: аяныш жанды (сентименталді), ыстық қанды (сангвинник), салқын қанды (флегматик), қызбалы (холерик), сарыуайымшыл (апатичный), жад (память) және т. с. с.


Ж.Аймауытұлы соқыр сезім мен саңылау сезімге тәуелді екі жадты қисынсыз, мысал ретінде еске сақтаған болмыстардың қосындысын жұлма жад және тәжірибенің қисындық ережелерінен құралатын тұжырымды пәлсапалық жад деп бөліп қарастырады. Жұлма жадтың ойлау һарекетінің ақылға негізделуі арқылы табиғат заңымен үндестікте шешілуі тұжырым жасауға бірден-бір себеп. Себеп-салдар есебінде бір-бірімен байланысу жолдары пәлсапалық жадтың нысанында. Адам баласының сыртқы әлемді, қоршаған ортаны танып-білуі, қабылдауы, онымен араласуы, пайымдауы, тұжырымы сезіну (иіс), көру, есту, ұстап көру, дәмін татып көру және дене сезімі мен көңіл сезімін сыртқы және ішкі сезім арқылы дамитындығын жіктеп береді. Соқыр сезім әртүрлі болады: ұрпақ қалдыру, тамақ табу, бас қорғау. Сол сияқты еліктеу қылығы да сол бас қорғау соқыр сезімінен туатындығын философиялық талдау арқылы жеткізеді. Саңылау сезімнің мүшелеріне, олардың қызметіне жекелей тоқталып, түсініктеме беріп, терминдердің қазақша баламасын қоса беріп отырады. (Зерде (рассудок), құлақ қошқары (улитка), құлақ иірімі (лабиринт) т. с. с.). Саңылау мүшелеріміздің ең бір негізгісі – құлақ, адамның сыртқы дүниеден алатын он үш мағлұматтың он екісі құлақ арқылы кіреді деп, құлақтың бітімінен бастап, еститін дыбыстың қалай пайда болатынын өзімізге таныс домбыра ішегінің тербелісімен, дыбыс күшінің айырмасын табиғаттағы ауа толқынымен, теңіз толқынымен салыстыра тарқатады. Бұл орайда Жүсіпбек Аймауытовтың физика, музыка саласында аса білімді болғандығын байқаймыз. Не-містің атақты физигі, дәрігер, физиолог һәм психологы Копли медалін алған Герман Людвиг Фердинанд Гельмгольцтың (1821-1894) «Учение о слуховых ощущениях как физиологическая основа для теории музыки», белгілі неміс физиологы Виктор Гензеннің (1835- 1924) «Физиология слуха» (1889) және «Основания физиологии человека» И.М. Сеченовтің редакторлығымен 1875 жылы орыс тілінде шыққан еңбектеріне сілтеме жасаған (Гельмольц қисыны, 97-99 беттер, Геренгтің қисыны, 99-бет). Гельмольцтың зерттеулері музыка саласындағы білім беру мен тәрбиелеу үрдісінде және музыкалық психологияның барлық салаларында тың серпіліс әкелген.


«Әрекет арқылы талдау» теориясы адамтану ілімінің басты шарттарының бірі екендігін ес- керсек, Ж.Аймауытұлының «Псиқолоғия» еңбегінде адамның мінез-құлқына мынадай харекетнама береді:
Есер. Орынсыз лепіретін немесе аяқ астынан ашуланатын шапшаң, шодыр мінезді, басқаларға ұқсамайтын өзгеше қылықты адам. Оның күтпеген жерден лып етіп шыға келетін шайпау мінезі жұртшылықты таңғалдырады. Ол кейде Қожанасырға да ұқсап кетеді. Бойындағы оғаш мінезден туған іс-әрекеттері қисынсыз, ретсіз әрі ақылға қонымсыз. Болмысы: шабарман.


Өктем. Қаймықпайтын батыл, тәуекелшіл, дегеніне жетпей тынбайтын адуынды жан. Оның ашық мінезі, тез тіл табыса алу қасиеті, қолы ашық жомарттығы, көбінесе, өктемдік пен билікқұмарлықтың құралына айналды. Ол, сондай-ақ, топ жаратын шешен, көңілді, жұрттың ыстық ықыласын тек өзіне аудару мақсатында қоғамның ұйытқысы бола жүріп, басқалардың мысын басуға ұмтылады. Негізінен, қызыл сөзге бейім, онысымен қоймай, іске араласа кететін қызбалау адам. Ол «құласа нардан құлайтын» үлкен әрекетке құмар. Уысына түскенді ұршықша үйіреді. Көшбасшы болуға деген ұмтылыс оның табиғатында бар қасиет. Өйткені, оның бойына ұйымдастыру мен басқаларды соңынан ерте жөнелетін қабілет дарыған. Дегенмен, олардың басты ерекшелігі парсы поэзиясында көрсетілгендей «менменсінген жезтырнақ, азулы арыстан, жапырағы үлбіреген гүлдей өкпешіл». Өктем тұлғалардың маңайын үнемі жәбірлеп жүруінің себебі осында. Болмысы: қолбасшы.


Аяр. Өз басына қажет пайдалы нәтижеге жету үшін күрделі жоспар ойлап табуға және сол мақсатын жүйелі түрде іске асыруға бейім жан. Өмірдегі барлық тосқауылдардың арасынан қисын тауып бұлтарып, бұраңдап, орағытып айналып өтіп, әртүрлі қулық істерімен алдына қойған мақсатын іс жүзіне асыруға аса мүдделі әккі адам. Мұндай пенде пиғылын жұртқа сездірмейді, өмірлік тәжірибесі мол. Сондықтан оның ішкі жан-дүниесін (ішкі есебі десек те болады) көптің түсінуі өте қиын. Басқалардың аузын аңқитып кетуге, сандарын соқтырып, құрған қақпанына түсіруге шебер. Қулық-сұмдықты ерекше меңгерген кісі. Болмысы: әмбебап.

 

Жалтақ. Тұлғаның мұндай түрі жанжалсыз. Басқаның етегінен ұстамаса да, соларға ұқсап, еліктеп бағады. Тұлғааралық кикілжіңдерді сылып тастау арқылы кез келген күрделі ортаға жарасып, жұғысып қана қоймайды, сонымен қатар, өзіне қолайлы жағдай жасап ала-ды. Басқалармен жақындасуға, олардың мінез-құлықтарының ұнамды белгілерін бойына дарытуға бейім тұрады. Өзара тиімді шартқа жүгініп, барлық адамдармен бейбіт өмір сүру оның өмірінің мағынасы болып табылады. Болмысы: арашашы.


Көнбіс. Ол кез келген дағдарысты ахуалдарға ғажайып шыдамдылық көрсете біледі. Кешірімді. Төңірегіндегілерге сеніммен қарайды. Жүйкесіне салмақ түскенде абыржымайды. Байсалды. Жеке тұлға ретіндегі ерекшелігі – өзін-өзі ұстай білуінде, төзімділігінде, шыдамдылығында. Болмысы: қолбала.


Табанды. Бұл адам өзінің де, өзгенің де кісілігін қадірлейтін, дара тұлғаны бүкіл дүниетанымның өзегі деп танитын және сенім артатын көзқарасты ұстанады. Оқшау ойлардан туындайтын адал және әділ түсінікті сыйлайды. Кейде бұл өзін-өзі тым жақсы көретін, қара басына жоғары баға беретін адам. Өз мүддесіне бар ынтасымен ұмтыла отырып, өз көзқарасын қасарыса қорғай біледі. Ойлы әрі ұқыпты, көбінесе жеке-дара жүруді ұнатады. Жеке бастың мәселелерінде де, қоғамдық проблемаларға да оның өз пікірі, өз көзқарасы болғандықтан, белгілі дәстүрмен өмір сүретін әлеуметтік топтарда ол «бірбеткей» атанып, шеттеліп қалады. Болмысы: конструктор.


Ұяң. Бұндай жандар өмірдегі өзгерістерді нәзік түрде сезінеді. Болар-болмас құбылыстардың өзі оған күшті әсер етуі мүмкін. Оған ұялшақтық, әсершілдік, келеңсіз оқиғаларды ұзақ уақыт уайымдау, өз басына тым жоғары талап қоя білутән қасиет. Ол кейде жаңа жағдайлардан, бейтаныс адамдардан және әр түрлі тағдыр тәлкектерінен қорқақтайды. Сол себептен мұндай адамдар қоғамда да аса белсенділік көрсете қоймайды. Ал, отбасында, үйреншікті жерлерде олар жағымды мінездерімен, жанға жайлы қылықтарымен сыпайы-сыйымды адамдар. Болмысы: философ.


Оқыған сайын өз болмыс әрекетіңді саралауға, дұрыс-бұрыс жақтарды өлшеуге, ой түюге жетелейді. Қазіргі кезде психология саласында жазылған том-том еңбектер кітап дүкендерінде де, кітапхана сөрелерінде де толып тұр. Оның көпшілігін оқуға, зерделеуге мүмкіндік табуға болғанымен, біздің этникалық ерекшеліктерімізге қайшы келетін тұстары өте көп. Десек те, байыбына бармай қабылдай салу, еліктеу арқылы әрекет қылудың салдары кері әсерін беріп жатқандығы тұрмыста да, қоғамда да байқалады. Мәселен, қазақы болмыспен санамызға сіңген қимыл-қозғалыс әдебін танытар жақсы қылықтың да, ерсі қылықтың да шегі шектеліп, ара-жігі ажырата сұрыпталғанды: Сөйлегенде қолды ербеңдетпеу, екі бүйірді таянбау, аяқ-қолды айқастырмау сияқты, халқымызда «жаман ырым» саналатын сипаттарды Әл-Фараби да, Хакім Абай да, Мәшһүр Жүсіп Көпеев те, Хафиз Шәкәрім де түсін түстеп, әкелетін зардаптың алдын алу әрекеттеріне шығармаларын арнағанды.


Бүгінгі қимыл әрекетіміз қалай, ең қарапайым деген, күнделікті өмірде ұшырасатын, бірі байқар, бірі байқамас, бірі мән берер, бірі мән бермес, байқағаны іштей түйер, мән бергені ескерту тыйым айтар көрініске сәл назар аударсақ: диалог кезінде екі қолды кеудеге айқастырып, қарсы алдыңда шартиып тұрып, ілік іздегендей бетке тесірейіп қарап, одан соң бас-аяғыңа шейін (эксперт сияқты) сынай қарап, шолу жасайды. Ыңғайсыз, әрең шыдайсың немесе қарсы әрекетке көшесің. Ішкі агрессия туындайды, жүйкеге салмақ түседі, табиғи гармония (үндестік заңы) бұзылады. Ағза шаршап, ауру күшейеді. Шығар жол бар ма? Әрине. Кәдімгі «кең шапан, кең қолтық» қазақы әдептен озбау. Заманында «Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген» түрік қағандарына қойылған балбал тастарда да шіреніп, қолын айқастырып тұрған қағанды, ақсүйекті көрмейміз. Батыстың жасанды үлгісіне еліктегеннен туындаған, соқыр сезімді арзан қимылдан арылар кез болар деп сенейік.


Жүсіпбек Аймауытұлы со-қыр һәм сақылау сезімнің порымын қалай түстеді екен, не айтты екен, оқып, санамен сараласақ:
Үйренген тамақ, жүрген жерін жақсы көру – табиғаттың еріксіз қонағы. Ұлт сүюдің ең төменгі дәрежесі осы. Туған ауылын, туған жерін сүймеген адам ұлтшыл да бола алмайды.


Адамның денесі қандай мысқалдап өсіп, жетілетін болса, сезімі де, пікірі де сондай, бірте-бірте жетіліп, өркендемек. Адам тура адамшыл бола бермейді, ұлтшылдық сезім де сол сықылды әуелі үй ішінен, одан қала берсе, туған ауыл, туған жерден бастап жоғары өрлейді.


Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалған. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің тірегі, қызметкері. Басшы түзу болса, басшыдан бас тартып, ауа жайылатын халық аз, қазан бұзар, арсоққан біреулер болмаса.


Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды. «Сүтпен сіңген мінез, сүйекпен кетеді» деген сөз ата-ана тәрбиесінің күштілігін көрсетеді. Бірақ бұл мақал тәрбиемен мінезді түзеуге болмайды деуге дәлел емес.


Оқыған – қара халықтың шырағы. Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған «оқыған» халықтың меселін айырады, көңілін қалдырады. Халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз.
Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай. Ерінбей-жалықпай, бақырмай-шақырмай іс бітіретін терісі қа-лың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш, жылтырақ шенеуніктің, сұлу сөзді құрғақ бектің керегі жоқ. Адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы – оқығандар.


Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне зор шығын. Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерді түсіну мүмкін емес. Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп сақтап отыратын қазына.


Оқу – ақыл тілегі. Сүю – сезім тілегі.
Оқу, білім – жанған шырақ ойласаң,
Үйренерсің, іздеп көрсең, қалмасаң.
Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал,
Пайда аларсың, қаужанарсың, тоймасаң.


Театр деген нәрсе ермек емес, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, тәрбие, өнер орны.
Ашық көңілді, сауықшыл елжұрттың баласы да сауықшыл, ер болмақ. Бала әдетті жасынан тамызықтап жинайды.
«Сүтпен сіңген мінез, сүйек-пен кетеді» деген сөз ата-ананың тәрбиесінің күштілігін көрсетеді. Бірақ бұл мақал тәрбиемен мінезді түзеуге болмайды деуге дәлел емес. Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге.


Ізденсе, талаптанса, қолдан жасалмайтын шарт жоқ. Құнт-талмаған, ізденбеген, соңына түспеген адамның жұмысы еш уақытта берекелі болмақ емес. Адамда аз да болса бір үміт, бір таяныш болу керек. Ондай таяныш болмаса тіршілік етіп не керек? Ерлік, қайрат үнемі ірі жұмыста көріне бермей, күндегі уақ-түйек жұмыста да көрінуі керек.


Арқаның әні толқынды, ырғақты айқайлы, зарлы, қайтармалы, қайыруы ұзын, ал теріскейдің, батыстың әні мұңды, зарлы, шерлі, желдірме болып келеді. Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы – тәрбиеге де байланысты... Адам баласының ұрлық істеуі, өтірік айтуы, кісі тонауы, өлтіруі сияқты бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен.


Ойын-сауық, өлең-жырды естіп өскен елдің баласы өнерге бейім болады, діндар елдің баласы діншіл келеді. Жастайынан кемдік, жоқшылық, қағажу көріп өскен ауылдың баласы жасқаншақ, бұйығы болады.


Мұғалімнің айналысатыны –үнемі қозғалып, өзгеріп, өсе-тін, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдістен табан аумай шектеліп қалуға болмайды. Сабақ үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңаны табатын өнер. Дидактика мұғалімге жиі жөн-жоба көрсетіп жетекшілік етеді. Сыннан өткен тиімді деген жолдарды ғана нұсқайды. Тарихты оқыту арқылы шәкірттерге қазіргі өмір мен өткен заманның байланыс заңдылықтарын ажырата білерлік сана туғызамыз.


Алдымен, балалардың өздеріне күнделікті өмірден жақсы таным – жұртының тұрмыс-салты, тыныс-тіршілігіне байланысты оқытудан бастаған жөн, басқа жұрттың тарихқа керек жерлерін ғана алу керек. Ғылым білімге қонады, ғылымсыз білім тым құрғақ.


Ақынның қасиеті – заманға жаңғырық, әлеумет тұрмысындағы зор оқиғаларға айна болып, тарихи материал (дерек) қалдырып отыруында.


Әдістеме – үнемі жетілдіруді қажет ететін, үнемі жаңаны табатын өнер. Ғылымды кісінің білімі де, күші де, білегі де күшті.
Адамның өмірдегі ісі – алған тәжірибесінің жемісі. Жанның тәрбиеленетін үш түрлі сипаты бар: ақыл, сезім, қайрат.
Қазақ бұрынғы уақытта елі – ұйымшыл, ері – жауынгер, биі – әділ, азаматы – намыскер, адамы – әрі бітімді, әрі қайрат-
ты, сауықшыл болған халық.
Бала өз ана тілінде тәр-
биеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды.
Көз деген – жақсы айна.
Сөз – ойдың айнасы.
Қазақта қашаннан білгіштің соңынан ергіштік береке бар....
Иә, Жүсіпбек Аймауытұлы осылай деді, ұлтының Тілін, Рухын, Мәдениетін, Беделін көтеретін жолды ғылыммен, өнермен ұштастыра іздеді, қазаққа икемдеп «Псиқолоғия» атты саңылау қалдырды.


Сымбат МҮТАЛАПҚЫЗЫ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Білім тарихы» музейінің меңгерушісі,
ҚР журналистер одағының мүшесі

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев