Сағынышқа толы хаттар

14 мая 2015 - Веб-редактор
article6749.jpg

Амангелді Иманов атындағы мемориалдық мұражайы қорындағы фотоқұжаттарда бірнеше майдангер хаттары сақталған. Хат жолдары соғыс жағдайы мен тыл өмірін, армия мен халықтың тығыз байланысын, отансүйгіштікті паш етеді.


Музейде аманкелділік Хами (10.11.1943 ж.) мен Досмағанбет Байтеміровтердің (12.04.1942 ж.) от пен оқтың ортасында ағалары Махмутқа жазған сарғайған хат-тары сақталған.


Сарбаздан келген соңғы хат... Сұрапыл соғысқа кіріп бара жатып жазды ма екен?! Бәлкім, қан майданның ортасынан кері шықпасын сезген болар.


Амандық хат!


Жакен, Бибіжамал, қалқам Хабдрахман, Өміржан және Сағила, Хатима, Махмет, аман-сау барсыңдар ма? Көп уақыттан бері амандықтарыңа қа-нық емеспін ғой. Өзім де аман, денім сау, әлі тоқтағанымыз жоқ. Жүріп барамыз. Бетіміздің қай жақ екенін білмейміз. Осы жүріп келе жатқанның өзінде хат жазуға уақыт жоқ. Задание көп. Шамам келсе амандықты білдіріп тұрамын. Тамақ тоқ. Хайыр хош. Атымды атап сұраған жанның бәріне тегіс сәлем.
Махмут, байқап отырған шығарсың, пойыз селкілдеп жаздырмайды. Үй ішіне тегіс сәлем. Хамидан хат бар ма? Әрбір қалаға келіп түскенде сұраймын. Хами кездесіп қала ма деп. Бірақ кездескен Хами жоқ маған. Жолыққанша хош жүріңдер.
Досмағамбет.
3.02.1943 жыл.


Амандық хат!


Қымбатты туысқандар: Жакен, Бибіжамал, Хабдрахман, Өміржан, Сағила, Хатима, Мах-мет. Дендерің сау, аман бар шығарсыңдар.


Өзім де аман, денім сау, сырқаудан тәуір болды деп қарап, денсаулығы жақсы деп тауып тағы пронтқа жіберді. 18.01 күні кешкі сағат 8-де пойызға мінем, алла оң жолын берсе.
Мен мұнан бұрын 18.01 күні ертемен бір хат салғам. Бұл хатым нақты жүрген хатымыз. Бетім Калинин бағыты. Қасымда бір өзбек бала бар. Басқасы тегіс орыс. Басқа не жазайын. Ел адамы, сұраған жанға тегіс сәлем айт. Хайыр хош. Жолыққанша. Қолдарыңды бер ұсынам (стрелкамен өзінің қолының суретін салыпты).


Махмет, не жазғанымды білмеймін, қатесі болса хафу етерсіңдер. Алладан басқа серігім жоқ. Тек көруге жазсын.


Халхам Өміржан, түріңді кө-ріп, бетіңнен иіскеп, аман-есен барып, үш ай жүріп, алланың ақ өлімімен өлсем, арман етпес едім еш нәрсені. Хайыр хош. Досмағанбет. Үй іші тегіс хош тұрыңдар.


18.01 күні сағат 3.00
кетті осы хатым.
Жаман айтпай жақсы жоқ. Далада қалып қоямын ба деп қорқамын.


Амандық хат!


Қымбатты Сағила, ден ха-лың сау сәләмат барсың ба?
Үй іші, ағамның, Бижамал, Хатима және Хабдрахманның ден-хәлдері сау ма? Тұрмыс жағдайларың қалай,
жалпы ел тұрмысы қандай жағдайда? Осы хатымды жолдап отырып, үй ішіне, туған-туыстарға, іліктерге, апайларға және осы хатымның қарсаңында таныс көршілеріме бұрын соңды достарға менен сәлем!


Біз сияқты Отан қорғау жолында соғыста жүрген балаларын, іні-аға, достарын ұмытпай, тату тұрмыста өту үшін, Қызыл Армия үшін, өндіріс жолында болуларыңды тілейміз! Бойға сіңген ауру емес, маңдайға тимесе наверняка әлі-ақ барармыз.


Жалпы жағдайымды айтып бұдан бұрын жақында қат жазып ем және 30 октябрь күні 500 сом ақша жібергем. Ағам атына 4-ауыл адресіне. Бұрынғы адрестер жарамайды, мына адреспен хат сал. Досмағамбет жайында жаз. Махаң алынды ма? Мен білетін ел балаларынан жараланып барғаны бар ма? Төкен қайда? Шәмбіл, Сейденнен хабар біле ме? Егер ұзақ уақыт средний командирден (кадровый) қабар болмаса, Наркомоборона жанындағы отд.кадрынан сұрап білуге болады. Хош.


Сәлеммен қайның Хамит.
1451 полевая почта
часть 546
Байтемирову Х.Ж.
10.11.42 г.


Осындай сарғайған хаттардың бір парасы 1943-1945 жылдардағы Аманкелді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сәлімгерей Тоқтамысовтың мұражайдағы жеке құжаттық қорынан алынды. Соғысқа дейін қызметтес болған замандастары, Ұлы Отан соғысы жауынгерлері Жұқатай Досанов (15.04.1945 ж.), Асқар Жұманов (12.12.1944 ж.), Ғабдолла Керменбаев, Жабағы Ғабдуллин, Сарқантай Досмағанбетов (17.04.1945 ж.), Баяхмет Енсебаевтардың (13.04.1945 ж.) жауған оқ пен жарылған мина арасында окопта жазған хаттары майдан туралы сыр шертеді.
Жерлесіміз Ұлы Отан соғысының ардагері Жұқатай Досановтың аудан басшыларына жазған хатында «...Біз тылдың Отан соғысы кезінде қалай жұмыс істеп жатқанынан күн сайын таныспыз. Оның ішінде қазақстандықтардың тылдан майданға қажымай, талмай ерлікпен көрсеткен көмектерін естігенімізде көп қуанышқа ие боламыз... Өзімнің түлеп, өскен жерім Амангелді ауданында сіздер ие болған табысқа менің қуанышымды сіздерге айтуға ауыз жетпейді», – деп өзінің ризалығын білдірген.


Елге сағынышқа толы жолданған солдат хаттарының әрқайсысы жауынгердің айшықты өмірбаяны секілді. Майдан даласында қандай қиындықпен бетпе-бет келді, ажал оғынан қалай айналып өтті, бәрі-бәрі қамтылған.


К.Абжанова,
А.Иманов атындағы мемориалдық
мұражайдың аға
ғылыми қызметкері

 

comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии