Дәріптеуді ұмытпайық

14 мая 2015 - Веб-редактор

Өткізбе күнді кекпенен,
Мен соғысты жек көрем.
Сонда өлді себебі,
Ата-бабам көптеген...
(Майдангер күнделігінен)


Соғыс... Қилы заманның соңғы қасіреті. Қай адамның болмасын, жүрегін елжіретіп, көңілін босататын сөз. Талай боздақтардың өмірін қиып, талай отбасының шаңырағын ортасына түсірді. Көптеген ерлеріміз қанын төгіп, жанын берді. Тыныш жатқан бақытты елдің бейқам тіршілігін ойрандаған сұм соғыс.


Соғыс жылдары Қазақстан КСРО-ның құрамында болатын. Ерлеріміз қара қазан, сары бала қамы үшін күресті. Қолына қару алып, майданның алғы шебінде жүрді. Толарсақтан саз кешіп, тобығынан қан кешті. Жеңіс жолында еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін өз үлесін қосты. Соғысқа жарамсыз азаматтар тылда еңбек жасады. Майданға ерлер ғана емес, ару қыздар да аттанды. Қару асынып, олар да жау шебін бұзды. Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмасы мәлім. Соғыста қазақстандық майдангерлер жанкешті қаһармандықтарымен, басқа ұлттардың алдында өздерінің ешкімнен кем емес, қандай істе болмасын, кіммен болса да терезесі тең екенін дәлелдеп шықты. Ұлы Отан соғысы елімізге орасан зор ауыртпалық әкелді. Анасын баласынан, баласын анасынан айырды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің орны айрықша. Себебі «жеңіс» деген сөз майдангердің, ананың, баланың бар мақсаты, бар тілегі еді. Жауды қуып, бейбіт күннің астында бақытты күн кешуді армандады. Ақыры армандары орындалып, ақ түйенің қарны жа-рылып, азаттықтың ақ таңы атты. Ана мен баланың көз жасы, майдангер азаматтардың қанды кегі қайтарылды. Фашистердің жалауын түсіріп, рейхстагта қызыл туды желбіретті.


Сұм соғыс кімді де болса аяған жоқ, бірі әкеден айырылып жетім қалса, енді бірі жарынан айырылып жесір қалды...

Мен соғысты жек көрем!
Әркімнің өшпесі анық санасынан,
Ешкім де жазылған жоқ жарасынан.
Жүрегі қақ бөлінді қасіреттен
Анасы айырылып баласынан.
Ұрыс боп, қан майданда кескілескен,
Бабалар сол ұрыста көп күрескен.
Әкелген қайғысы мен зардабы көп,
Шығармас зұлмат жылды ешкім естен.
Шығыстың қос шынары – Әлия, Мәншүк,
Қалайша шығарайық тектіні естен.
Бауыржан, Рақымжандар – нағыз батыр,
Кетпейді батырлардың ешбірі естен.
Қазақты барлық әлем танып көрді,
Бабалар ізгі жолды салып берді.
Кешегі Ұлы Отан соғысында
Ерлерім намысымды жанып берді.
Жапырып жау біткенді жарықтықтар 
Жалауын бейбіт күннің тағып келді.
Бабалар қанын төгіп, жанын беріп,
Ұрпаққа ұлы жеңіс алып келді.
Ержүрек оғландардың өз бағасын
«Қаһарман», «Хас батыр! деп халық берді.
 Жеңістің оңайлықпен келмегенін
Ұмытпайық ұрпаққа дәріптеуді.
 

Ернұр ӘУЕЗХАН,
Н.Мейірманов атындағы
орта мектептің
10-сынып оқушысы
Амангелді ауданы,
Есір ауылы

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео