Дән дұрыс себілсе, нан-ырыс мол

22 мая 2014 - Веб-редактор
article3960.jpg

Биылғы көктемгі дала жұмыстарына 22 мың техника жұмылдырылған

 

Өткен аптада Тобыл өңірінде көктемгі егіс науқаны басталды. Жалпы облыс бойынша төрт миллион 800 мың гектар алқапқа дән себілмек.

Қостанайлық диқандар былтыр қамбаға бес жарым миллион тонна астық құйған. Осы жылы көктемгі себін жұмыстарына азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы төрт миллиард 200 миллион теңге бөлініпті. Қомақты қаржы жанар-жағармай мен тұқым сатып алуға жұмсалуы тиіс болатын. Осы қаражаттың қалай игеріліп жатқанын аңдап көруге аймақ басшылығы жолға шығып, аудандардағы алқаптарда аялдады. Ашық аспан астындағы шаруалармен жүздесулердің бірінде облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов несиелердің уақытында қайтарылуы туралы ескертіп қойды:


«Былтырғы қарыздарын қайтармағандар бар, 330 миллион теңгенің сұрауы әлі таусылған жоқ. Сөйте тұра, Үкімет тарапынан берілер көмектен ешкім құр қалмай жатыр. Дән себу нау-қаны ойдағыдай өту үшін бағытталған несиелер мерзімінде қайтарылуы қажет».


Шаруалар кейбір жеңілдіктерге қол жеткізуде қиындықтар барын жайып салды. Мәселен, биыл төмен бағамен ұсынылған 71 мың тонна жанар-жағармайдан үлесіңді алу үшін тағат тоздырар кезек күтуге тура келеді. Тасымалдаушы кәсіпорын бәріне бірдей үлгерер емес.


– Себін кезеңінде жанаржағармайды арзандатқаны бізге үлкен қолдау. Бірақ, жеткізуші компания өз міндетін толық жүзеге асыра алмауда. Бұрын үш жерден беретін. Осы жылы бір орыннан ғана беріп жатыр. Кезек күтуден бөлек, қағазы да көп. Әуелгіміз жөн еді, – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Алдаберген Жұмағұлов.


Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары тасымалдаушы кәсіпорынның өз қоймасы жоқтығын алға тартады. Көбіне-көп орындарды жалдауға мәжбүр. Тасымалдаушылар тағдыры республика деңгейінде шешілетіндіктен, аталған мәселеге қатысты жергілікті басшылықтағылар ештеңе айта алмай отыр. Алайда, қазірге дейін шаруалардың дені өздеріне тиелісі жеңілдіктерге қол жеткізіпті. Түйткілдің шырмауында қалғандарға атқарушы билік пен басқа ірі серіктестіктер жәрдемдесуде. Сөйтіп, көктемгі дала жұмыстарына жұмыла кіріскен жайлары бар.


Алқаптағы қызған еңбектің жемісі күзге қарай белгілі. Тек дән дұрыс себілсе, ылғалы, тұқымы, тыңайтқышы, техникасы түгелдей талапқа сай болса болғаны.


Өңірде әртараптандыру ісі ілгерілей бастағалы да бірер жылдай зымырады. Биыл майлы дақылдар көлемі өткен жылғыдан 50 мың гектарға артық. Сондай-ақ мал азығына қажетті дақылдар аумағы да 20 мың гектарға ұлғайтылды. Диқандар бұл бетбұрысқа мемлекет бөлетін демеуқаржы көлемінің артқанын себеп етіп жүр.


– 2013 жылмен салыстырғанда, майлы дақылдарға берілер субсидия гектарына 3800 теңгеден тоғыз мың теңгеге өсірілді. Ал, мал азығын еккендер үшін гектарына алты мыңнан берілуде. Бидайға 650 теңгеден, – деп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Қайрат Смайлов жеңілдіктер жөнінде айтып өтті.


Себінін тәмәмдап қалған шаруаларға ендігі керегі – қолайлы ауа райы. Маусым, шілде айларының аптабы мен жаңбыры асыра сілтеп жібермесе екен деген тілек диқандардың ғана емес, «нан болса – ән болады» деп жүрген қалың қауымның да көкейінде.
 
Асыл ҚАСЫМ  
 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео