Асылдандырудың бір амалы

22 мая 2014 - Веб-редактор
article3958.jpg

Денисов ауданының Приречный ауылында асыл тұқымды малдардың саудасы қызды. Дәлірек айтқанда, аукцион өткізіліп, онда 55 бас қазақтың ақ бас ірі қаралары сатылды.


Бүгінде облыстағы асыл тұқымды мал басы 18%-ға жетіп отыр. Былтырғыдан екі пайызға өскен. Жалпы, Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 40-45%-ға дейін жететін көрінеді. Осы деңгейді бағындыру үшін біздің өңірде түрлі амалдар қолға алынуда. Солардың бірі – аукциондар өткізу.
Малды аукцион арқылы сатуды екі жылдан бері ұйымдастырып келеміз. Мамандар сөзіне сенсек, тиімділігі жоғары.


– Мұнда асыл тұқымды малды нарықтағы құнынан арзан бағаға сатып алуға болады. Ең бастысы, ашық саудада бәрі көз алдыңда. Сапасына толық кепілдік беріледі. Мысалы, жеті ай бақылауда болған тайыншалар күніне 1200-1300 грамм салмақ қосады, – деп шараның пайдасын селекциялық және малды асылдандыру жұмыстары бойынша менеджер Әнуарбек Сейітмұратов түсіндірді.


Приречныйда болған бәсеке саудаға шығарылған он төрт айлық тайыншылардың ең төменгі бағасы 400 мың теңгеден басталып, екі есеге дейін көтерілді. Жалпы, биылғы бәсеке саудада көбіне қазақтың ақбас бұқалары сатылды. Аукционға қатысушыларға алдын ала
әр малдың тұқымдық құнды-лығы, өнімділігі сипатталған деректер таратылды. Сосын ашық сауда басталып кетті.


Бір жылдық тайыншалардың ең қымбаты 800 мың теңгеге бағаланды. Және біреу емес, бес-алты бастан алғандары бар. Кәсіпкер Аманкелді Еспергенов те «қанжығасы» бос қайтпағанына риза. Төрт түліктің жайын жақсы білетін тәжірибелі маман өзі таңдаған малдарына иелік етті.
– Малдың басын көбейтіп, сапасын дұрыстауды көздедім. Елу бес бұқаның ішінен бесеуін таңдадым, – дейді ол.


Жоспарға сай, биыл Қостанай облысы экспортқа 900 тонна ет шығаруға тиісті. Оған толық мүмкіндіктер барына билік басындағылар сендіруде. Жергілікті етті тұқымдарды көбейтудің сыртында, осы жылы Тобыл өңіріне шетелден тағы үш мыңға жуық ірі қара әкелінбек.


Абылай МАУДАНОВ
 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео