Егістік науқанына екпін қойылды

19 мая 2016 - Веб-редактор
article10444.jpg

Облыс алқаптарындағы егістік жұмыстары қыза түсті. Оңтүстік аудандардың дихандары дән сіңіруді алғашқы болып бастады. Облыс әкімі Архимед МҰХАМБЕТОВ шаруаның қарқынымен танысып, Арқалықтың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті.

 

Бұл өңірге тиесілі алқаптың 284 мың гектарына жаздық дақылдар сіңірілмек. Соның ішінде 255 мың гектары – дәнді және дәнді бұршақты дақылдар. 17-мамырғы дерекке сәйкес, дақыл егу жұмысының 15 пайызы атқарылған немесе 43 мың гектар жерге тұқым себілген. Арқалық қаласы әкімі Ғазиз Бекмұхамбетовтың айтуынша, егістік науқанына екі жүзден астам шаруа жұмылдырылған. Техниканың әзірлігі 100 пайыз: бұл дегеніміз, 360 дана техника болса, оның 44-і егістік кешендері. Көктемгі науқанды ойдағыдай өткізу үшін бұл өңірге 4 мың 325 тонна жанар-жағар май бөлінген.
 
– Қазіргі шақта әр күннің құны қымбат, оңтүстік аудандардың ылғал қоры жақсы жағдайда, сондықтан, алдағы екі аптаның айналасында егістік жұмыстарын аяқтау керек, – деді облыс әкімі. – Сіздерде солтүстік аудандарға қарағанда бидай құны қымбат, сәйкесінше, қамырлығы да жоғары. Дән сіңіру жұмыстарын өз уақытында аяқтау үшін бар күшті жұмылдырған жөн.
 
«Әліби-Сенім» ЖШС директоры үстіміздегі жылғы жұмыстар дер кезінде аяқталатынына сендіріп бақты:
– Биылғы климаттың қолайы оң жамбастан келіп тұр: жылы қыс, жеткілікті қар мөлшері дегендей. Еріген қар суының барлығы топыраққа сіңіп кетті. Қазірдің өзінде ауа райының қас-қабағы оңтайлы болып тұрғаны. Ауа температурасының тым жоғары болмауына байланысты, ылғалдың булануы қажетті деңгейде. Егер, табиғат ананың тосын сыйлары болмаса, толықтай жабдықталған техникамызбен өзімізге тиесілі 42 мың гектар жерге дән егу науқанын қажетті шағында аяқтай аламыз. Алқаптың көп мөлшерін бидай алады, оған қоса арпа мен судан құмайы да бар. Майлы дақылдарға жататын жаздық арышты 1200 гектар жерге егу жоспарланған. Менің аграрлық салада жүргеніме он бес жылдың жүзі болды. Қыс жылыда жаз салқын болатыны бесенеден белгілі. Ал, бұл өз кезегінде егінжайдың жағдайы қуантады дегеннің нышаны.
 
Нұрқанат НҮСІПХАН,
Марина ПЕРВУХИНА
Суретті түсірген Василий ВАСИЛЬЕВ 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
comments powered by HyperComments

70_let_pobedi

 

Гвозди

Комментарии

 

Видео