Өрнекті ойын, тартысты дода

8 мая 2015 - Веб-редактор

Торғайдағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі «Топжарған» спорт кешенінде ұлағатты ұстаз, майталман спортшы, Орта Азия фестивалінің жүлдегері Әбдібек Айтмағанбетовты еске алуға арналған турнир өткізді. Оқушылар арасында тоғызқұмалақтан екінші рет өткізілген жарысқа қатысушылар қатары аз болған жоқ.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақ өңірімізде кеңінен танымал екенін тілге тиек етіп, келешекте аталмыш спорт мектебінен облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, аудан мерейін асқақтатар азаматтар шығуына тілектестік білдірді. 
 
Спорт жанашыры, зейнеткер Бейсенбек Қасжанов бағы мен бабы келіскен ойыншыларға ақ батасын берді. Жарыстың бас төреші Балтабай Шайкемелов ойын ережелерімен және оның бағдарламасымен таныстырды.
 
Жалпы, бұл турнирге 13 команда қатысып, бақтарын сынады. 
 
– Тоғызқұмалақ – өте қызық-ты ойын. Ережелерін жаттау оңай. Бірақ, ойнау мен жеңу қиын. Ерекшелігі – ой-өрісіңді, математикалық ойлау, стратегиялық ойлау қабілетіңді арт-тырады. Мектеп табалдырығын аттамай тұрып-ақ осы ойынға ынта-ықыласым артқан еді. Үшінші сынып оқып жүргенімде аудандық жарыстарға қатысып, өзімді шыңдай түстім. Кейін облыстық жарыстарда жүлделі орындарды иелендім. Семей қаласында тоғызқұмалақтан өткен Қазақстан чемпионатына жолдама алып, жүлдегер атандым, – дейді жарысқа қатысушы Тайфа Мерген. Оның бұл жолы да қанжығасы майланды.
 
Екі күнге созылған турнир қорытындысы бойынша, командалық есепте бірінші орынды Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің командасы жеңіп алды. Екінші орынды Шұбалаң негізгі мектебінің командасы еншілесе, үшінші орынды Сарысу негізгі мектебінің командасы місе тұтты.
 
Сонымен қатар Ыбырай Алтынсарин орта мектебінің команда мүшелері Нұрәділ Ғабдымәлік пен Айжаным Сайлау «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды. Жүлдегер атанған командаларға алғыс хаттар мен арнайы кубок табыс етілді. Енді оларға деңгейлі додаларда сенім артылмақ.
 
Таңжарық НИЯЗБЕК
Жангелдин ауданы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео