Аманатқа адалдық керек

15 мая 2014 - Веб-редактор

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Елімізде қоғамдық қатынастар діни нормалар негізінде емес, азаматтық негізде реттеледі. Бұл діннің біздің қоғамға әсері жоқ деген сөз емес. Сонау ғасырлардан бері діліміз бен дініміз біте қайнасып келеді. Бірақ, кейде ата дініміздің абыройын арзандатуға құмар арандатушылардың арбауына түсіп қалып жатқандардың барын да жоққа шығармаймыз.

Елбасы 2011 жылы қазан айында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға қол қойды. Онда діни қатынастарға байланысты мемлекеттік сая-
саттың жеке бағыттарын реттейтін ережелер көрсетілді. Осыдан кейін «ұзын арқан, кең тұсауға» салғандар естерін жиып, баса көктеп басқа шыққысы келгендер аяғын тарта бастағаны анық. Былайша айтқанда, тізгінді нық ұстауға кірістік.


2012 жылғы дерек бойынша,Қазақстанда төрт жарым мыңдай діни бірлестіктер болды, алайда оның мың жарымы жабылды. Қабылданған заң нормаларын талқылай бастағанда, Дін істері агенттігіне шетел азаматтарының 1992 жылғы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңды өзгертпеу туралы бірнеше өтініштері келіп түскен. Бұл мәселеде, бірінші кезекте, заңнаманың нормалары сақталуы қажеттігін, қолданыстағы заңда «саны аз діни топ» деген ұғымның жазылмағанын және мұндай бірлестіктердің бұрынғы қалпында жұмыс істей алмайтынын айтқан еді агенттік төрағасы. «Бұрын саны аз діни топтар ретінде қызмет атқарған бірлестіктер заңға сәйкес діни бірлестікті құруға бастаушы-азаматтардың қажетті мөлшерін жинай алса, онда олардың жергілікті діни бірлестіктер ретінде тіркелуге толық құқысы бар. Тіркелмеген діни бірлестіктердің қызметіне жол берілмейді, олар заң жүзінде жауапкершілікке тартылады», – деп Қайрат Лама Шарифтің сөзін нықтағаны көп-шілік есінде.


Қазір діни жоралғыларға өзгерту енгізгісі келетіндер аземес. Әрқайсысы сектасына қарай тартып, түсініспестік туды-руға тырысатындарды қайтерсіз. Бірақ, діл мен дін қашанда, уақыттар өткен сайын бір-бірімен қабысып, үндесіп отырған. Кейбір жерлерде салт делініп жүрген ырымдардың бүгінгі діни рәсімдерге қайшы келетін тұстары бар. Әсіресе, өлікті ақтық сапарға аттандырарда. Дәстүрдің озығымен қатар, тозығы да болатыны белгілі. Салтқа телініп, бірқатар аймақтарға тарап кеткен ырымсымақтарға жергілікті жерлердегі имамдар тосқауыл қоюға әлдеқашан кіріскен. Әйтсе де, кейбір өңірлерде әлі күнге дейін жаназа үстінде «жыртыс» тарататындар кездеседі.


– Сәл ертеректе қайтқан адамды жөнелткенде, үш рәсімге ғана садақа берген екен: жаназада, арулауда және кәбіршілерге. Қазір мәйітті шығарғанда күміс шашатындарды да көрдік, –  деп қынжылады Шолпан қажы. – Жаназада екі метр мата үлестіреді. Имамдар «оны қойыңыздар, дұрыс емес» деп жатыр. Бәрібір бұрынғыдай ешкім керегіне жаратпайды. Барлық адамға мата таратуға кейбірінің мүмкіндігі келмейді. Қарызданады, қиналады. Жағдайы жақсы-лар аста-төк дастархан жайып, тойға дайындалғандай болады.


Оған жетеміз деп жарлы-жақыбайлар ышқынады. Содан ба-рып, дініміздің қадірін қашырып аламыз. Дегенмен, Ұзынкөл ауданына мұндайды кездестір-
медім. Ондағы мешіттің бас имамы мата үлестіру, зират басында тиын-тебен тарату шариғатта жоқ деп, қателіктер кетпеуін үнемі назарында ұстап отыр, – деп апамыз көрген-білгенін әңгімелейді.


Рудный қалалық мешіті де жақсы үрдісті қолға алған. Жаназадан кейін жайылатын дастарханды мешітте ұйымдастырушыларға арнайы тағамдар тізімі беріледі. Одан басқа тағамдарды әкелуге рұқсат жоқ. Ысырапқа жол бермейді, ретсіздікті жөндеудің жақсы амалы.


Қостанайдағы Марал ишан ме-шітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек ислам дініне жала жабушылардың күнәсі ауыр екенін айтады.


– Қасиетті Құран Кәрімнің «Құжырат» сүресінде былай деген: «Әй, адам баласы! Сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық», деген аят бар. Ұлы Жаратушының өзі алуан етіп жаратып, ұғынысатын түрлі тіл берді. Рухани сусаған халық тоқсаныншы жылдары бірден дінге бас қойды. Алайда, ол кезде не қажет, не керексіз екенін талғай алмайтын кез еді. Осы «оңтайлы» шақты орта ғасырлардағы папалар дәуірінен бері діни экспансияны шебер меңгерген Батыс әлемі жақсы пайдаланды, – дейді Асылхан қажы. Діни рәсімдердің бұрмалануы жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанайдағы өкілінің пікірі былайша өрбіді: «Әр елдің салты басқаға» салып, әртүрлі діни рәсімдерді ойлап табу мешіттерге барып уағыз тыңдамаудан, имамдармен кеңеспеуден шығып отыр. Біз Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабын ұстанамыз. Осыған басқа елдердің дәстүрін тықпалайтындар бар. Адасқан жандарды мешітке келіп жүргендер арасынан да аңғарамыз. Оларға имамдар дұрыс ақпар жеткізу үшін уағыз айтудан жалыққан емес. Хақ жолын қайта тапқандары да жетерлік. Оған да шүкір».


Жалпы, жұртшылықтың, жастардың дінге бет бұруы құптарлық. Иманға ұйыған елге ырыс-құт, береке даритыны ақиқат. Ислам дініндегі бес парыздың бірі бес уақыт намаз оқу – адам баласын тазалыққа тәрбиелесе, рамазан айында ораза ұстау парызын орындап, шыдамдылыққа үйренесің. Зекет берген пенде жомарттықты жолдас етеді. Айта берсе, исламның ғажайыбы, өнегесі көп. Тек, біз ата дінімізді келер ұрпаққа дұрыс аманаттай білсек екен.

Рахман ЖАҚСЫЛЫҚ
 

comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии