Ерлігіңнің алдында бас иемін!

30 апреля 2015 - Веб-редактор

Қан майданда ерлік көрсеткен қаһармандарымыздың бірі – Сарыкөл ауданының тумасы, әжемнің ағасы Қорғанбек Бекенов еді. Бұл кісінің ерліктері және өмірі туралы мен әжемнің әңгімелерінен білемін.


Қорғанбек Бекенұлы 1922 жылы 16 тамызда Сарыкөл ауданы Басағаш ауылында туған. Ол 18 жасында Батыс аймақтағы Кеңес Одағы армиясының 361 атқыштар полкінде болған. Ең бірінші шайқасы Житомир қаласында өтіпті. 1941 жылдың тамыз айында Михайловск шаһарының маңындағы шайқаста тұтқынға түсіп, қанша жанын қинаса да әскери құпияны айтпаған екен. Фашистердің қолында тұтқында болғанда, өмірінің қиын кезеңдерінде қатардағы жауынгер Бекенов Отан, балалық шақ, достық туралы өлеңдер жазған:


Бір басқа екі рет кеп қона алмаған,
Бұл дәурен дәл өзіңдей бола алмаған.
Қадірін біле алмасаң дер кезінде,
Бір кетсе қайтып саған оралмаған.


Сол өлеңдерінің қолжазбалары біздің отбасымызда әлі де сақтаулы. 1945 жылдың сәуір айында мүгедек болып туған жеріне оралады. Елге аянбай еңбек етіп, тер төкті, көптеген мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. 1977 жылы зейнетке шықты. 2012 жылы тоқсан жасында дүниеден өтті. Мен бұл кісінің еңбектеріне ризамын.


Солдат ерлігі – халқының мерейі. Сондықтан да бiздiң парызымыз – бұл күндi еске сақтау. Ардагерлер қатары сиреп қалды. Жауынгерлердің ерен ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Тарихта қалған бұл сұрапыл соғыстың кесірінен өмірден озған ата-апаларымыз мәңгі есімізде сақталады. Енді мұндай сұрапыл соғыс болмасын, аспанымыз ашық, заманымыз тыныш, ана мен баланың көз жасы төгілмесін демекпін.

Сабыр МОЛДАҒАЛИЕВ,
Ы.Алтынсарин
атындағы Обаған
орта мектебінің оқушысы
Алтынсарин ауданы

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео