Ұрпақ жадында

30 апреля 2015 - Веб-редактор
article6641.jpg

Аққожа Жақсыбаев пен зайыбы Жанғайша

 

Жер-дүниені дүр сілкіндірген соғыс өртінің сөнгеніне биыл 70 жыл толғалы отыр. Елімізге зор ауыртпалықтар әкелген Ұлы Отан соғысының зардабы тимеген шаңырақ жоқ десе де болады. Бұл соғыста қазақ халқы талай боздақтарынан айырылды. Аталарымыз қан майданда жанкешті қаһармандылығымен көзге түсіп, ерлік көрсетті.

Ажалға қасқайып қарсы тұр-ған ерлерімізді басқалар еріксіз мойындауға мәжбүр. Бауыржан мен Төлеген, Нүркен мен Талғат, Рақымжан мен Қасым, шығыс-тың қос жұлдызы Әлия мен Мәншүк сынды ұл-қыздар біздің батыр халық екенімізді дәлелдеді.


Соғыс зардабы туралы сөз етсек, өрімдей он сегіз бен қылшылдаған қырық арасындағы азаматтардың Отан үшін арпалысқа түскенін көз алдыңа елестейді, жаныңды қоярға жер таба алмайсың. Үйлі-баранды болып, бала сүйетін шақтарында арманда кеткен боздақтар қаншама. Жыл өткен сайын со-ғыс ардагерлерінің саны азайғанмен, олардың жасаған ерлігі бүгінгі ұрпақ санасында мәңгі қалмақ.


Мен арғы атам Жақсыбаев Аққожа Молдахметұлының со-ғыс ардагері болғанын мақтан тұтамын. Атам мен үшін жай ғана солдат емес, үлгі-өнеге тұтар тұлға. Ол 1942 жылы майданға аттанады да, 1946 жылы туған жеріне келеді. Жауынгер Батыс Еуропа елдерін жаудан босату жолында Берлинге дейін жеткен. Соғыстағы ерліктері үшін І-деңгейдегі Ұлы Отан Соғысы орденімен, «Ерлік үшін», «Берлин қамалын алғаны үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Аққожа Молдахметұлы соғыстан оралған соң, қыркүйек айының жиырма бірінші жұлдызында әжем Жанғайшамен отау құрады. Дүниеге арыстандай айбатты екі ұл Абай, Ақылбек және гүлдей нәзік Раушан есімді ару қызды әкеледі. Туған немерелері Талғат, Гүлмира, Жәлел, Алляра, Айгерім, Айгүл, Данияр, Әсел. 1998 жылы 16-қаңтарда Аққожа атам дүниеден өткен.


Өкінішке қарай, мен арғы атамды көрген жоқпын, бірақ білетіндер оны мейірімді, адал жан екенін айтады. Өте балажан болыпты. Менің әкем, Талғат тұңғыш сүйген немересі болғандықтан, атамның қасынан бір адым да қалмаған. Соңынан еріп, қолынан түспеген. Әкемнің есінде, атамыз оның қылықтарына қуанып, үлкендерге ұру түгіл, ұрысуға да жол бермейді екен.


Жыл сайын 9 мамыр күні барлық балалары мен немере-шөберелері жиналып, атамыздың аруағына тағзым етіп, құран бағыштаймыз. Оның ерлігі ұрпақтарының жадында сақталады. Жеңіс күні жалпыға бірдей халықтық мереке болғанымен, әсіресе, кешегі майданның нақ ортасында жүріп, жаумен шайқасқа түскен жауынгерлерге көрсетілер құрмет айрықша.


Құрметті ардагерлер! Сіздер кейінгі ұрпақтың жарқын болашағын қорғап қалу арқылы өздеріңіздің азаматтық және патриоттық парыздарыңызды абыроймен орындап шықтыңыздар. Сіздердің қайыспас қайсарлықтарыңыз бен Отанға шынайы берілгендіктеріңіз бүгінгі жас қазақстандықтар үшін тамаша үлгі.


Арман ЖАҚСЫБАЕВ,
Б.Өтетілеуов атындағы орта мектептің оқушысы
Сарыкөл ауданы

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео