Еңбекпен мерейленген

6 мая 2014 - Веб-редактор

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында Қарасу ауданында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Бағдарламаның екінші бағыты арқылы несие алып, кәсіпкерлікпен айналысам деушілерге жәрдем мол. Қарасу ауылының тұрғыны Қайрат Аймакенов сондай мүмкіндікке ие болды.

 

Қайрат Таңатұлы алдыңғы жылы несие алу үшін аудандық жұмыспен қамту орталығына құжаттарын тапсырған. Былтыр 1 млн теңге несие берілді. Кәсіпкер ірі қара өсірумен айналысуда.
– Мен «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы туралы естіп-біліп, қатысуға ниет білдірдім. Мал шаруашылығын дамытуға арналған бизнес жоспарымды құрдым. Оны шағын несиелік комиссия қолдады. Сөйтіп, бағдарлама арқылы несие алдым. Несиенің шарттары өте ыңғайлы. Алған қаржыға төрт бұзаулы сиыр сатып алдым, – дейді Қайрат Аймакенов.
 
«Еңбек етсең – емерсің», «Еңбек адамды қашан да бақытқа бөлейді» деген нақыл сөздерді кәсіпкер Қайрат жете түсінеді. Бала-шағасын қатардан қалдырмай, адал еңбегінің арқасында, алдына қойған мақсатына қол жеткізіп келеді. Енді, міне, жеке кәсібін ашып, шаруасын шарықтатып отыр. Жазсалым малдарын қырға жайса, қыста қорада ұстайды.
 
– Жұмысым көңілімнен шығады. Сиырларды бағып, көбейту керек. Несиені төрт жарым жылға алдым, алты пайыздық мөлшерлемемен қайтарамын. Алда көп жұмыс күтіп тұр. Әрине, еңбектенуге тура келеді. Ауылда еңбексіз өмір сүру қиын ғой – деп, кәсіпкер іс барысын бізге тәптіштеді.
 
Жыл сайын табысы молайған кәсіпкерліктің ғана болашағы жарқын, несібесі мол болмақ. Бұл қағиданы Қайрат Аймакенов санасына жақсылап сіңіріп алғанға ұқсайды. Ананы анда, мынаны мында жұмсаймын деп, бәрін нақты есептеп қойған. Басқа кәсіпкерлер іспетті, бұл да келешекте шағын кәсібін одан әрі кеңейтуді жоспарлауда. Міне, осындай айқын мақсатты алға қойып, үлкен іске бекінген адамдар ғана зор табысқа кенелері анық.
 
Жаңабай АХМЕТОВ
Қарасу ауданы 
 
comments powered by HyperComments

Агроспецтехника

Агроспецбаннер

 

 

Видео

 

 

Комментарии