Дарыны еді даланың...

6 мая 2014 - Веб-редактор
article3811.jpg

Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының ұжымы мәдениет қайраткері Өзбек Мұқашевті еске алды. Дарынды актер тірі болса, биыл 70 жылдығын тойлар еді.

 

Тобыл-Торғай аймағының өнерін өркендетуге өзіндік үлес қосқан талант иесі көзі тірісінде Арқалық қаласының құрметті азаматы атанды. Осы шаһарда 1972 жылы негізі қаланған театрдың табалдырығын аттаған жас жігіт кәсіби сахнаға саналы отыз жыл ғұмырын арнапты. Кейін, 2000 жылы облыс орталығы – Қостанай қаласында қазақ театры ашылғанда, көш бастап келген аға буынның бірі Өзекең болатын. 
 
– Бір кереметі, оның кәсіби білімі жоқ, нағыз даланың дарыны еді, – деп еске алады облыстық театрдың көркемдік жетекшісі Ерсайын Төлеубай. – Үлкен бір мектеп көрмесе де, талай рөлдерді абыроймен алып шықты. Қазір оқыған деп жүргендердің арасынан дәл Өзекеңдей талантты табуың неғайбыл. Қазақ мәдениетінде мен білетін екі Өзекең бар. Бірі – Өзбекәлі Жәнібеков, екіншісі – осы Мұқашев. Қос тұлғаның да сіңірген еңбегі бар. Ендеше, азаматымызды ұмытпай, жастарға үлгі еткеніміз құптарлық іс.
 
Ол кісінің 2002 жылы өмірден өтер алдында сомдаған соңғы рөлі – қырғыз драматургі Бексұлтан Жакиевтің «Әке тағдыры» атты спектакліндегі басты кейіпкер Ақылбек ақсақал. Сонау бір сәттерден естелік ретінде экран арқылы аталған қойылымнан үзінділер көрсетілді. Қоюшы режиссері – мәдениет қайраткері Қайыпберген Есенғұлов. Еске алу кешінде бұл драманы театрдың үшінші буыны сахналады. Әкенің «жүгі» Берікхан Төкеновке жүктелсе, Жеңісбектің бала кезін Бейбіт Сұлтанбеков, есейген шағын Төленді Әлғожин сомдады. Зураның бейнесінде Әсел Шоқаева, Майрашты Әсем Қозбақова ойнады. Өнерпаздар екінші дүниежүзілік соғыстың трагедиясын, жетім мен жесірдің, майданға жалғыз ұлын аттандырған әкенің мұң-шерін көрермен жүрегіне жеткізе білді.  
 
Өзекеңнің зайыбы Мәрғайша отағасы тер төккен шаңырақта әлі күнге еңбек етіп жүр. Апайымыз спектакль соңынан сахнаға көтеріліп, әріптестеріне ақжарма алғысын айтты. Әсіресе, өнер көрсеткен әртістерге ризашылығы шексіз. Қостанай облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Роза Олжабаева да қойылымды абыроймен алып шыққан актерлер мен режиссеріне ілтипат білдіріп, өңір руханиятының өрлеуіне атсалыса беруді тіледі.   
 

Аслан ҚАНҒОЖИН 
 
comments powered by HyperComments

Агроспецтехника

Агроспецбаннер

 

 

Видео

 

 

Комментарии