Болашаққа сенім

6 мая 2014 - Веб-редактор
article3809.jpg

Елбасы тапсырмасымен жасалған «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында «Жастар тәжірибесі» жобасы жүзеге асып жатқаны белгілі. Жүйелі жобаның арқасында ауылдық жерлерге барып, еңбек етіп жүрген жастар жетерлік. Солардың қатарында Эллада Гасанова (суретте) да бар.

 

– Маған «Жастар тәжірибесі» көп көмегін тигізді. Өйткені, бұл бағдарламаның себепкерлігімен, тәжірибе жинақтадым, жұмыс орнымды тауып, бір мамандық иесі атандым, – деді Эллада жайдары жүзбен, әңгімеге тартқанымызда.  
 
Эллада Толикқызы Қостанай қаласындағы индустриялық колледжді тәмамдағаннан кейін, ауданымызға келіп, 2013 жылы бір ай көлемінде тәжірибеден өтті. Көп ұзамай, жұмыспен қамту орталығынан жолдама қағазын алып, Федоров селолық округі әкімдігіне қызметке орналасты. 
 
Қазір Эллада ауылдық әкімдікте спорт саласы бойынша әдіскер міндетін атқарып жүр. Оқыған теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, аянбай еңбектенуде. Ауылдық әкімдікте әріптестерінен көп нәрсені үйренді. Анықтамаларды әзірлеп, компьютерге құжаттарды тіркейді. Элладаның бойындағы белсенділігін, жұмысқа деген ынта-жігерін әріптестері бағалайды.
– Елбасы біздер сияқты жастардың болашағына жарқын жол ашуда. Жүргізіп отырған сарабдал саясаты өте орынды деп ойлаймын. Ауданымыздағы жұмыспен қамту орталығының жастарды еңбекке тартуы да құптарлық нәрсе. Жұмыс іздеп жүргендер мұнда келе қалса, оларға тигізер көмегі мол. Мен аз ғана уақыттың ішінде кішігірім ұжымға үйренісіп кеттім, әлі де болса білімімді жетілдіріп жүрмін. Осында келгеніме еш өкінбеймін. Ендігі мақсатым – еңбегім арқылы биік белестерге қол жеткізу. Мен келешегімнен зор үміт күтемін, – деп жігерін жанып отыр жас маман.
 
Ажар СЕЙТҚАНОВА
Ұзынкөл ауданы 
 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео