Алда – ауқымды жоспарлар

6 мая 2014 - Веб-редактор
article3807.jpg

Көктемгі себін жұмыстары қарсаңында, Қарабалық ауданының атқарушы билігі белгілі аграрлармен бірлесіп, жаңа маусымның стратегиясын пысықтады. 

 

Кеңеске қатысушылар әуелі өткен жылға қорытынды жасап, өңірдің аяқ алысын саралады.
 
Жалпылай алғанда, негізгі ауылшаруашылық тауарларын өндіру динамикасы оң бағаға ие. Аудан аталмыш сала бойынша облыста сегізінші орында. Мұнда орташа жалақы 13%-ға өсті, қазір 53 мың теңгені құрайды. Диқаншылары былтыр 300 мың тонна астық жинап, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосты. Бір жарым жылға жететін жем-шөп қоры болғандықтан, қыс кезінде мал шаруашылығына алаңдай қойған жоқ. Азық-түлік өндірісі тұрғындарды әлі күнге еш мәселесіз қамтамасыз етіп келеді. 
 
Басқосуда ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау формаларына баса мән берілді. Саланы самғатуға арналған «Агробизнес – 2020» бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға қарай демеу қаржының көлемі 4,5 есеге дейін ұлғайтылмақ. Алдағы маусымда егіншілік және мал шаруашылығында жаңалықтарға, тың бастамаларға ұмтылу міндеті тұр. Индустриалды-инновациялық дамудан кеш қалмай, ылғал сақтағыш технологияларды тезірек енгізу керек. Себін жұмыстары басталмас бұрын, аудандағы 81 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілмек. 
 
Қажетті техникалармен жарақтанбай, әлгі әдіс-тәсілдерді, жаңалықтарды игеріп кету қиын. Сондықтан, ауыл шаруашылығы құрылымдары лизинг мүмкіндіктерін көбірек пайдалануға тиіс. 
Бидай – Қарабалық ауданы үшін әлі күнге негізгі дәнді дақыл болып қалып отыр. Алайда, әртараптандыруға көңіл бөліп, өсімдік шаруашылығы мен мал өсіруде тепе-теңдікті дұрыс ұстай білсе, шаруашылықтың қуаты да артары бүгінде әмбеге аян. Сол үшін ендігі маусымдағы міндет – диверсификацияға бет бұру. 
 
Осы жылы, бас-аяғы 15 күн ішінде 284 мың гектарға тұқым себу жоспарлануда. Бұл былтырғыдан 7,3 мың гектарға үлкен. Биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар үлесі азайтылып, майлы және мал азығы дақылдарының көлемі молайтылып отыр. 
 
Мемлекет ауылшаруашылық дақылдарын субсидиялаудың басқа да оңтайлы амалдарын қарастыруда. Келер жылы қолдау қаржыға қол жеткізу үшін шаруаларға егіс алқабының сұлбасы көрсетілген кітапшаның болуы міндетеледі. Тек озық технологиямен егілген дәнді дақылдарға, сондай-ақ майлы дақылдар мен көкөністерге берілер субсидия көлемін көбейту көзделуде. Тұқымын тексертуге тапсырмағандар мемлекеттік көмектен үмітін үзе берсе болады. Ауданда мал азығы дақылдары бойынша тұқым шаруашылығын қалпына келтіруді қолға алу қажет. 
Жылан жылында Қарабалық аумағында ірі қараның саны өскені байқалды, сегіз мыңнан асып жығылады. Дегенмен, бұл саланы әлі де ілгерілету үшін үлкен кешенді жұмыстар жүргізілуге тиіс. Оның да ауылы алыс емес сыңайлы. Мәселен, шағын фермаларды құруға және оларды дамытуға басар назар аударылмақ. Ірі қараның санын 25 мыңға дейін жеткізу межесі тұр алда. Аудан басшылығы жергілікті мамандармен бірлесіп, асыл тұқымды мал салмағының артуы, жайылымдардың мақсатты пайдаланылуы сияқты тапсырмаларды да өз мойындарына алды.
 
Асыл ҚАСЫМ 
 
comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии