Жаңалықпен жанданған сала

3 мая 2013 - Администратор
article65.jpg

Қостанайда «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша атқарылған істер жетерлік. Былтыр қалалық аурухананың жанынан инсульт орталығы ашылған болатын. Сонымен қатар, лазерлі көз емдеу жабдығы сатылып алынды.

 

Қала орталығындағы инсульт орталығы өз жұмысын өткен жылдың күзінде бастап кетті. Әзірге мұнда отыз орын бар. Қазірге дейін жүзден аса адамға медициналық көмек көрсеткен орталықтағы жағдай түгелдей дерлік қазіргі талапқа сай. Қызметі жоғары деңгейлі бөлімге келушілердің көбі сырқаты асқынғандар. Өте ауыр хәлдегі науқастар жеткізіледі.

 

Дәрігерлердің айтуына сүйенсек, жүрек, ми қан тамырларының айналымы бұзылғандар саны жылмай-жыл көбейіп отыр. Мәселен, қалалық аурухананың неврология бөлімінде, бір жылдың өзінде, инсультке шалдыққан төрт жүздей науқас емделеді екен.

 

– Орталыққа күніне сырқат-тары ауырлап кеткен төрт-бес адам жатқызылады. Емделушінің көпшілігі мерзімінде қаралмай, асқындырып алған. Егер жергілікті дәрігерлерге уақытында барса, өздеріне де жеңілдік тудырар еді, – дейді неврология бөлімінің меңгерушісі Сәуле Қалиясова.

 

Ақ халаттылар мұнда инсультпен түскендердің 15%-ы дертінен айығып кететіндігіне сендіреді. Орталық мамандары алдағы уақытта осы кеселге ұшырағандардың, кем дегенде, 50%-ына дауа қондыруды мақсат тұтып отыр. Нәтижеге жету үшін науқастар ауырып қалғанда, кешіктірмей жеткізілуі керек. Яғни, ең азы төрт сағаттың ішінде.

 

– Қан айналымының бұзылуы көп адамды өмірмен қош-тастырып жататыны жасырын емес. Алайда, оған жол бермеу – біз секілді ақ халаттылардың міндеті. Егер сырқат тез жеткізілсе, оны аман алып қалуға әбден болады, ол үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз, – дейді Қостанай қалалық ауруханасының неврологы Николай Гершун.

 

Күзде пайдалануға берілген жаңа орталықтың қызметіне қазір Қостанай қаласы тұрғындарымен қатар, алты ауданның емделушілері жүгініп жүр. Әрине, орын жеткізілсіз. Облыстың барлық науқасын қамту үшін, тым болмаса, әлі осындай екі бөлім ашылуы тиіс. Ондай орталықтарды Арқалық және Рудный шаһарларынан ашу көзделуде. Инсультті емдеу кешендері өлім-жітімді ғана емес, мүгедектер санын да кемітуге сеп.

 

Былтыр Тобыл өңірінде денсаулық сақтау саласында тағы бір жағымды хабардың лебі ескен. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде, көз ауруларын емдеуге арналған құрылғы сатып алғанымызды бұқаралық ақпарат құралдарынан көзіміз шалған еді. Шетелдік «Lasers» аппараты №1 емханаға орналастырылды. Жалпы, Қостанай облысы 2012 жылы республикалық трансферттен бөлінген 700 миллионнан астам теңгеге медициналық жабдықтар сатып алды. Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәліметте, әлгі қомақты сома рентген-мамограф, тридмил-жүйе, зертханалық автоматтық анализаторлар және көз емдеуші сияқты отыздан артық құрылғыны алдыруға жұмсалған. Ол аппараттардың көбі аймақтың әр түкпіріне жеткізілді. Тағы да аталған ведомоство таратқан ақпарға сүйенсек, өткен жылы біздегі медициналық құрылғылармен жабдықталу деңгейі 54%-ды құраған. Ал, республиканың көрсеткіші – 51%. Әзірге мұндай жетістік Қостанай облысына ғана тиесілі. Оған емделушілер сұранысының артуы арқау болып тұр.

 

Асыл ҚАСЫМ


comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии