Жүздесулер жалғасын таппақ

24 апреля 2014 - Веб-редактор
article3744.jpg

Ғұлама-ғалымдардың пайымдауынша, ел ретінде қалыптасу үшін бірқатар тіректер болуы қажет. Олар: діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Сондай-ақ, әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі тағы бар...

 

Қазақ халқының ұлттық салтсанасы мен әдет-ғұрыптары Ислам дінімен тығыз байланысты. Дін мен ділдің, салт-сана мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз қалайды.Дәстүрдің бір сипаты – тұрақтылығында. Оны қаласа өзгертіп, қаламаса өшіріп тастайтын бір адамның меншігі емес. Дәстүрдің тағы бір артықшылығы – оның өміршеңдігінде, қанға сіңіп, күнделікті өмірге қалыптасқандығында.
 
Біздің ұлттық киімдеріміз де Ислам мәдениетімен тығыз байланысты. Қазақтың бұрынғы киімінде ашық-шашық киімдер болды ма? Жоқ. Демек, қазақтың киімінің шариғатқа ешқандай қайшылығы жоқ деген сөз. Қыздарымыз қызыл көйлек, қызыл бешпент, үкілі тақия киген. Бірақ, тұмшаланбаған. Келін болмай тұрып, басына ақ орамал тартпаған. Міне, қазақ осылайша, келін мен қызды ажырата алатын еді. Қара – қайғының белгісі, сондықтан оны бұрымдыларымыз кимейтін. Қазір де көп жерде осы дәстүр сақталған. Хиджаб кигенше, өз ата салтымызды дамытқанымыз дұ-рыс. Жастарға айтар осындай кеңестерімен, бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, Жанкелдин ауданы әкімінің жанындағы терроризмге қарсы комиссия хатшысы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Алма Әбішева, Оспанқожа әулие мешітінің бас имамы Аян Хасенов бастаған ақпараттық насихат тобы Жаркөл, Сужарған, Аралбай, Көкалат, Шеген және Ақшығанақ ауылдық округтеріне барып, тұрғындармен кездесті. Өскелең ұрпақ пен жастарға айтылған әлгіндей кеңестер дініміз бен дәстүрімізге жат пиғылдарға бой алдырмай, іргелерін аулақ ұстауға шақырды.
 
Комиссия хатшысы Алма Сапарқызы «Ислам дініне жат ағымдар деген кімдер, олардан қалай қорғануға болады?» тақырыбында баяндама жасады. 
 
– Бүгінде қоғамда өздерін «нағыз мұсылмандар» ретінде танып, өзгелерді «кәпір» деп санайтындар көбейді. Еліміздің ішінде күмәнді, елді біріктіретін емес, керісінше, берекесін алып, тоздыратын топтар, елге іштей іріткі салушы, деструктивті діни ағымдардың іс-әрекеті қауіп төндіруде. Дінді өз пайдасына қарай бұрмалап, ислами наным-танымдарды ша-тастырушылар көптеп кездеседі. Деструктивті, радикалды, фундаменталды немесе экстремистік деп жүргендерді қалай анықтауға болады? Мінез-құлық қалай өзгеріске ұшырайды? Өз-өзіне қол салатын жағдайға қалай жетеді? Психолог, дәрігерлердің пайымдауы бойынша, деструктивті діни ұйымдарға жиі қатынайтындардың жан дүниесінде мынадай өзгерістер аңғарылады: діни соқыр сенімнің шынайылығына сену, ата-аналарға деген қарым-қатынастарында өшпенділіктің пайда болуы, оқудан, жұмысынан, дәрігерге қаралудан бас тарту, журнал, телеарна, газеттерді оқып, көруден жиіркену, кемінде үш-бес сағатқа ғана көз ілу, ақуызы бар тағамды тұтынбау, тұйықтану, достармен араласпау, әлемде орын алған сыртқы өзгерістерге міз бақпайтындар. Сондықтан, теріс ағымдардың арбауына түсіп қалмай, сақтықта болғанымыз жөн. Тек елімізді ғана емес, бүкіл ислам әлемін алаңдатып отырған, жастардың санасын улап жатқан бұл идеологияға қарсы ақпараттық, түсінік, үгіт шараларын қабылдау кейінге қалдыратын шаруа емес. Сонымен қатар, қоғамға келетін ертеңгі апаттың алдын алуды бүгіннен бастау ел, мемлекет және болашақ ұрпақ алдындағы міндетіміз екенін ұмытпауымыз қажет, – деп сөзін қорытындылады ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Оспанқожа әулие мешітінің бас имамы Аян Сәбитбекұлы «Салафилік пен уахабилік ағымдарының іс-әрекеттері» жөнінде мағлұматтар бере кетті:
 
– Уахабилік пен салафилікті бір ағым деушілер де бар. Жалпы, уахабилік уақыт тұрғысынан келетін болсақ, салафизмнен әлдеқайда кеш пайда болды. Алайда, уахабшылар өздерін салафитпіз деп атап жүргені бәрімізге мәлім. Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының пікіріне сүйенсек, салафтар деп қазіргі кезде нақты ағымға қатысты айтылмайтындығын ескеру жөн болады. Тар және нақты мағынадағы уахабилік негізін 1703-1797 жылдары Недж қаласында араб діндары Мұхаммед ибн әл-Абдул-Уаһһаб салған. Бастапқы ислам, яғни «бұрынғы сахабалар исламының» тазалығын қайта жаңғыртуға бағытталған діни-саяси ілім. Бірақ қазіргі таңда кең мағынада, «уахабилік» ұғымын исламмен жамылған діни-саяси экстремизмді сипаттау үшін қолдануда. Біздің мемлекет алдында тұрған басты мақсаттардың бірі – осыған жол бермеу, – деп өз ойын түйіндеді.
 
Ауыл имамдары да жат ағымға байланысты өз пікірлерін білдірді. Тұрғындар көкейтесті сұрақтарын ортаға салып, «өскелең ұрпақтың келешегі үшін мектептерге діни танымдылық сабақтарын енгізіп, асыл дініміздің қадір-қасиеттерін үнемі уағыздап отырса» деген ұсыныстарын жеткізді. Алдағы уақытта ақпараттық насихат тобы барлық елді мекендерді, ауылдық округтарды аралап, түсінік жұмыстарын одан әрі жалғастырады.
 
Мақаланы еліміздегі дін қайраткерлерінің сөзімен аяқтауды жөн көрдік: «Мұсылман болу үшін тек мұсылмандық сауат болуы жеткіліксіз. Ұлттық (қазақтық) ар болуы керек. Мұсылмандықты қазақы салттармен орындаймыз және ұлттық дәс-түр ерекшеліктерімізді де қастерлейміз. Онсыз біз мұсылман болып жарытпаймыз және мұсылман боламыз деп артық тыраштанудың өзі бізді о дүние-
де жәннатқа апаруына кепілдік жоқ екені айқын. Ал бұл дүниеде өзіңнің асылдарыңды түгелдей қаралап, өзгелердің қаңсығына емешегін үзу қазақ ұлтын азғындатып, тозғындатып, тамырынан айрылған қарағайдай қуратуы да мүмкін екендігін ешқашан естен шығармауымыз керек». 
 
 
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео