Төрт түліктен түсім көп

5 мая 2016 - Веб-редактор
article10341.jpg

Шапса құланның тұяғы мүжіліп, ұшса құс қанаты талатын ұлан-байтақ даланың төсін емген көшпенділер үшін жер – асыл қазына. Ықылымнан бері «малым – жаным, жаным – арым садағасы» деп ұққан қазақ төрт түлік малдың ырыздығымен күн кешуде. Бүгінгі заманда технология ілгерілеп, еттің де, сүттің де, нанның да баламасы табылып жатқанымен, табиғи таза өнімнің бағасы тым бөлек.

 

 

Жері шұрайлы, әрі климаты шұғыл континетті Қазақстанның мал шаруашылығы өнімдері шетелдіктер үшін аса құнды болып есептеледі. Сол себептен де, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын-асық» бағдарламалары мемлекеттік деңгейде қабылданды. Нәтиже жоқ емес, саралап көрсек.

 


«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2011-2015 жылдар аралығында асыл тұқымды ірі қара малдың 20983 басы сатып алу жоспары бекітілген-ді, нәтижесінде мақсатты меже 100,2 пайызға орындалып, 21025 бас Зеңгі баба тұқымы алынды.

 


Қостанай, Амангелді, Меңдіқара, Федоров және Науырзым аудандарында аталмыш бағдарламаның көрсеткіштері нәтижелі әрі жоғары. Былтырдың өзінде мемлекеттік бағдарлама негізінде 4183 бас ірі қара сатып алу межеленсе, жоспар 122,1 пайызға орындалып, 5109 бас асыл тұқымды мал алынды.

 


Үстіміздегі жылы «Сыбаға» бағдарламасының аясында 5200 бас сатып алу жоспары тұр, қазіргі уақыттың өзінде 806 бас сатып алынған. Яғни, жопардың 15,5 пайызы орындалды. Бұдан тыс «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ 664 басты сатып алуға арналған 8 тапсырысты қарастыруда.

 


Үстіміздегі жылдың басында Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде «Inalca Eurasia» трансұлттық компаниясының вице-президенті Андрей Вакулин «әлемде мал шаруашылығын дамытуға болатын екі жер бар болса, соның бірі – Қазақстан» деген болатын.

 


Әлеуетті инвестордың айтуынша, жалпы, ірі қараны дамыту, оны көбейтіп, пайда табу – өте ұзақ инвестициялық процесс. Инвестиция ең кемінде 10 жылда қайта пайдасын бере бастайды, деді сарапшы. Әлемдегі сиыр етін импорттайтын ең ірі екі ел – Ресей мен Қытай. Қытай халқының әл-ауқаты жақсарған сайын сиыр етін импорттай түседі. Қытайда сиыр етіне деген сұраныс жыл сайын еселеніп отыр. Міне, ауыл шаруашылығы саласында жүрген ағайынның мақсаты осы болса игі. Ішкі нарықты аз тұтса, етке дегені араны ай санап ашыла түсетін қос ықпалды көршінің алпауыт нарықтары күтіп тұр.

 


«Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асырудағы мақсат – шағын және орта бизнесті еліміздегі етті мал шаруашылығын дамытуға жұмылдыру, етті бағыттағы мал басының үлесін арттыру, ІҚМ өсіру нарығында бәсекелік пен инфрақұрылымды қалыптастыру. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиелер: сыйақы мөлшері жылдық 6 %, аналық ІҚМ басын сатып алу үшін 7 жылға дейінгі мерзімге, бұқалар мен шаруашылықтың айналым қаражатын толтыру үшін несие 2 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сонымен бірге, Корпорация 2012 жылдан бастап, еліміздегі 165 несие серіктестіктері арқылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие беруді жүзеге асыра бастады.

 


«Құлан» бағдарламасы бойынша құрығын ұзартып, ерекше көрсеткіштерімен Қостанай, Меңдіқара, Әулиекөл, Алтынсарин, Денисов, Қамысты және Сарыкөл аудандары алда келеді. Жалпы облыс бойынша дәл осы бағдарлама негізінде 2015 жылы 2000 бас жылқы алыну жоспары бекітіліп, 2325 бас асыл тұқымды жылқылар сатып алынды. Дүние жүзінде жылқының 250-ден астам қолтұқымдары бар. Қазақстанның жылқы өсіретін асыл тұқымды шаруашылықтарында жылқының 20-ға жуық түрі өсіріледі.

 


Бұл бағдарламаның аясын кеңейту мақсатында, осы жылға 2000 бас Қамбар ата тұқымын сатып алу мақсаты тұр. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылардың мәлімдеуінше, төрт айдың ішінде бекітілген жоспардың 19,3 пайызы орындалған, яғни 385 бас жылқы алынған. Сондай-ақ, «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ 452 бас Қамбар ата тұқымын алуға арналған 10 тапсырысты қарастыруда.

 


«Алтын асық» бағдарламасының да аяқ алысы жаман емес. Мәселен, былтырдың өзінде 6651 бас Шопан ата тұқымы сатып алынған, ал негізгі меже – 3500 бас болатын. Денисов, Федоров, Қамысты, Сарыкөл, Қостанай, Амангелді, Қарабалық, Жангелдин, Науырзым, Алтынсарин, Қарасу, Меңдіқара, Таран және Әулиекөл аудандары асыл тұқымды қой шаруашылығын мемлекеттік бағдарлама негезенде дамытуда ерекше екпінділердің қатарында.

 


«Алтын асық» бағдарламасын ақсатпай, алдағы уақыттағы көрсеткіштерді көлемді әрі сапалы ете түсу үшін, ағымдағы жылға 3500 бас қой сатып алу жоспары мақұлданған. Бұл меженің 17,5 пайызы орындалғаны белгілі болды. «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ қосымша 5 тапсырысты қарастыруда. Егер, осы ұсыныстар корпорация тарапынан құптауын тапса, облыс қотанына 980 бас қой қосылмақ.

 


Жер шарында адамзаттың көбеюіне байланысты адам тіршілігіне өте қажет ақуыз тапшылығын шешу үшін ет және ет өнімдерін өндіру қажеттілігі жоғарылады. Адам қалыпты өмір сүруі үшін жылына 80 кг ет қажет болса, көптеген елдер, оның ішінде Африка, Оңтүстік Америка, Индонезия және басқа елдер жылына бар болғаны 20 кг ет тұтынады. Яғни, адам ағзасына өте қажет малдан өндірілетін ақуыздың тапшылығын өтеу әлемдік проблемаға айналды.

 


Осы тұрғыдан біздің еліміздің табиғи жайылымдық байлығы мен халқымыздың мал өсіру дәстүрі ет өндірісін тиімді жолға қоюға толық мүмкіндік беретіні мемлекетіміздің игерілмей жатқан ресурстарының бірі. Республикамыздың сарқылмас байлығы табиғи жайылымдар мен шабындықтар көбіне шөл және шөлейт жерлерде орналасқан, екіншіден, соңғы жылдардағы ауа райының өзгеруіне байланысты шөлейттену үрдісі де кең етек алуда. Сондықтан да, жайылымдық әлеуетімізді толық пайдалану мақсатында, бірінші кезекте, шөл және шөлейт жерлерімізді игеру үшін қой шаруашылығын өркендету тиімді екені белгілі жәйт. Сонымен, ет және ет өнімдері өндірісін дамытудағы басым бағыттардың бірі – қой етін өндіру десек те болады.

 


Дүние жүзінде 500-ден аса қой тұқымдары бар болса, оның ішіндегі биязы жүнді етті тұқымдар бірнешеу: Германияда «дейчемеринофлейшшаф», Оңтүстік Африка Республикасында «доне» және Австралияда «австралиялық етті меринос» тұқымдары. Әлемге танымал осындай тұқымдар қатарын толықтыруға Қазақстан да өз үлесін қосты, өйткені 2011 жылы биязы жүнді қойдың етті бағыттағы жаңа тұқымы «Етті меринос» селекциялық жетістік ретінде танылды.

 

 

Нұрқанат НҮСІПХАН
сурет ғаламтордан алынды

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев