Түрмеден түсер табыс бар ма?

5 мая 2016 - Веб-редактор
article10335.jpg

Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, облысымыздағы түзету мекемелерінде 1914 астам адам жазасын өтеуде. Екі қолынан іс келеді-ау дегендерінің 60 пайызға жуығы ғана жұмыспен қамтылған. Көбіне сотталғандардың тапқан табыстары керек-жарақтарына емес, мемлекетке немесе жәбірленуші тараптың шығындарын жабудан артылмайды. Істі болғандардан іріктеп, абақтыда арнайы жұмысшылар тобын құрып, тәп-тәуір кәсіп ашып алғандар да бар екен. Бірақ, ондай тұлғалар саусақпен санарлық.  

 

 

Қостанай облыстық прокуратурасында өткен түрме реформасының шағын форумында осы және кезегін күткен басқа да маңызды жайттар талқыланды. Аймақ әкімі Архимед Мұхамбетов қатысқан жиынға өңірдегі құқық қорғау, қылмыстық атқару жүйесі, заң органдарының басшылары, заңгер ғалымдар, БАҚ өкілдері шақырылды. Сондай-ақ, форумда көтерілген тақырып аудандық прокуратураларға да тікелей таратылып отырды. Белгілі болғандай, осы уақытқа дейін Бас прокуратурада түзету мекемелеріне қатысты 3 форум өткізілген екен.

 


Біздің елімізде әр сотталушыға бір жылға жұмсалатын шығын 750 мың теңгені құрайды. Қазіргі уақытта экономикалық жағдайды ескере отырып, бас бостандығын шектеу немесе темір тордағы жаза мерзімінің қалғанын айыппұлмен өтеп, мерзімінен бұрын босату көбейсе де, сотталушыларға қатысты сот актілерінің өндіріліп алынбаған сомасы 444 млн теңгені құрап отыр. Бұған бір себеп – түзету мекемелерінде еңбекпен қамту бір жүйеге қойылмаған. Әйтпесе, сотталғандардың тең жартысы еңбекке жарамды екен.

 


Қазір облыста түрлі деңгейдегі 6 түзету мекемесі бар. 1123 еңбекке жарамды сотталушының 627 немесе 55% жуығы жұмысқа тартылған. Оның сыртында шаруашылық қызметке 200, «Еңбек-Қостанай» кәсіпорнында 225, шағын және орта бизнес субъектілерінде 200-ден астам адам жұмыс істейді екен. Өткен жылы 735 жазасын өтеуші жұмысқа тартылған.

 


– Ең алдымен, сот шешімі бойынша берешегін өтеуге тиіс сотталушыларға жұмыс беріледі, – деді облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Тілеуберген Көнекбаев. – Қазіргі таңда жұмыс істейтін жазасын өтеушілердің 80%-на қатысты талап-арыз бар болса, олардың талапақылары 472,7 млн теңгені құрайды. Былтырғы жылы жұмысқа орналастырылған сотталушылардың еңбекақыларынан 24 млн теңге талапақы өндіріліп алынды.

 


Қазіргі таңда Ресей түрмелерінде жылына 700 млн АҚШ долларының өнімі шығарылады екен. Әрине, біздегі сотталушылар мен олардың санын салыстыруға келмес, бірақ қылмыстық түзету мекемелерінің құрылымын еңбекпен түзеу мекемелері деп өзгерту қажет. Заң ғылымдарының докторы Болатбек Шынарбаевтың пікірі осындай. Ғалым бұдан бөлек, түрме реформасына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік енгізу туралы ұсыныс та айтты.

 


Бүгінгі күні түрмеден босап шыққандарды еңбекпен қамтып қана қоймай, оларды қоғамға бейімдеу өзекті мәселе болып тұр. Мамандар еліміздің бірқатар аймақтарында оңалту орталықтарының бар екенін, осындай нысанды біздің өңірімізге де салу қажеттігін жеткізді.

 


— Мұндай бейімдеу орталығы, әрине, қажет. Бірақ оны салу облысымыздың бюджетіне салмақ болары сөзсіз, – деді Архимед Мұхамбетов. – Қазіргі жағдайға байланысты жаңа ұсыныстар жасап, құрылыстар салуды шектеп отырмыз. Бірақ босап жатқан ғимараттар табылып жатса, көреміз. Ал мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша шағын бизнес жүргізуге болады. Егер қолдарында құрал-жабдығы бар, бірақ жұмыс істейтін орны жоқтар болса, оларға барынша көмек беруге әзірміз.

 


Биыл облысымызда жүзден астам адам бостандыққа шығады екен.

 


Аймақ басшысы оларды жұмыспен қамтуды үйлестіру қажеттігін айтты. Себебі, қылмыс әлемінен зардап шегіп, жазасын өтеп келген адамға жұмысқа орналасу өз алдына, көпшілік ортаға бейімделудің өзі қиынға соғатыны белгілі.

 


Нұрқанат НҮСІПХАН
сурет ғаламтордан алынды

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео