Бірлік үшін «бірге-бір!»

28 апреля 2016 - Веб-редактор
article10268.jpg

Осы аптада Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қабырғасында қоян-қолтық ұрыс түрінен қалалық ашық турнир өтті. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған сайыс Қазақстан халқы бірлігі күніне арналды.

 


Кіші топтағы жасөспірімдер арасында өткен додаға барлық командалар үлкен дайындықпен келгендіктерін алғашқы сәттерден-ақ байқатты. Облыс орталығынан тыс Көкшетау және Жітіқара қалаларының жас қырандары өз өнерлерін көрсетті. Елуден астам спортшы екі жас ерекшелігінде сынға түсті: 2006-2004 және 2003-2001.

 


– Жастар арасындағы саламатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстары бір сәтке болмасын кідірмеуі тиіс, – дейді академияның бастығы Мирлан Қызылов мырза. – Бұл тұста алдыңғы буын өкілдері, біздер, ерекше жауаптымыз. Қазіргі әр бастамамыздың жемісі ертеңгі күні айқын көрінетін болады. Білектілер ғана жеңіс тұғырынан көріне білсін!

 


Жарыстың қорытындысы бойынша, 2006-2004 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы жүлдегерлер төмендегідей: Даниал Ердисов (29 кг), Қайыржан Нұрсәт (32 кг), Мырзаш Нұркен (35 кг), Артем Щур (38 кг), Иван Крупин (41 кг), Роман Павловский (50 кг). 2003-2001 жылғы қатысушылар арасында бірінші орынға ие болғандар: Бектас Исмаил (36 кг), Олжас Есімбеков (40 кг), Савелий Патрушев (44 кг), Юрий Филидов (48 кг), Жақып Мұнарбек (52 кг), Диас Сәтпаев (56 кг).

 


Командалық есеп бойынша Көкшетау қаласының жасөспірімдер және балалар спорт мектебінің ұжымы бірінші орынды қанжығаларына байлады.

 


– Қостанайлық әріптестерімізбен әртүрлі деңгейдегі турнирлерде жиі ұшырасып тұрамыз, – дейді көкшетаулықтардың бас бапкері Дархан Қасымов. – Осы жарысқа шақырғандарына ерекше алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта Жеңіс күніне орай біздің өлкеде өтетін сайысқа міндетті түрде тобылдық тарландарды шақырамыз.

 


Ал, жітіқаралық жолбарыстар екінші орынды иеленсе, Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының командасы қола жүлдені қанағат тұтты.

 


Турнирдің басты мақсаты – алдағы уақытта Қостанай қаласында өтетін республикалық додаға мықтыларды іріктеу болатын дейді ұйымдастырушылар.

 

 

Нұрқанат НҮСІПХАН
суретті түсірген автор  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео