Өрісінде төрт түлік өрген Көлқамыс

16 апреля 2015 - Веб-редактор

Ауылдың дамуы тек мемлекеттік қолдауға ғана емес, сонымен қатар жергілікті жердегі азаматтардың іскерлігіне де тікелей байланысты. Аудан аумағында әр ауылдың өмір сүру бейнесінің өзіндік ерекшеліктері жоқ емес. Мәселен аудан орталығынан 80 шақырым жерде орналасқан Көлқамыс ауылы өзге ауылдарға қарағанда мал шаруашылығы кеңінен дамыған құтты жер. 

 

Бұл ауылдың бүгінгі келбетін өткенімен салыстыруға да келмейді. Былтырғы жылы бой көтерген әсем үйлер мен заман талабына сай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген мәдениет ошағы тұрғындар мерейін үстем еткендей. Кеңес өкіметі жабылған тұста жергілікті жұрттың көбі көшіп кеткендіктен, болашағы жоқ мекендер қатарына қосып қойып қойғандар болған. Бір ауылды тұтастай жекешелендіріп, құрдымға кеткелі тұрған жерінен құтқарып, тамырына қайта қан жүгірткен, ажарын кіргізген ауданымыздың құрметті азаматы Кәкімжан Карбозовтың еңбегін ел біледі. 1992-1993 жылдары жеке шаруа қожалығын құрып, ауылдың жағдайын көтеруге атсалысты. Жазиралы жазық даласын төрт түлікке толтырды. Нәтижесінде бейнеттің зейнетін көріп отыр. Жергілікті халықтың басқа жаққа бет бұрған керуені де тоқтады. Қарапайым қауым алаң көңілден арылып, алдындағы кәсібінің қамын қарастыра бастады. Кезінде туған жерін тастап, қаланың тымырсық ауасын жұтуға асыққандар түлеген ауылдың тірлігін аңсайтынын жасырмайды бүгінде. Тіпті олардың ішінде ауылға келіп мал өсірумен айналыссақ деген ниетпен ат ізін салып, барлау жасап жүргендері де жоқ емес. Шынында мал шаруашылығымен айналысуға Көлқамыстың жері қолайлы, шұрайлы. Шүйгін шабындығы жетерлік. Ауыл тұрғындары тату-
тәтті, ынтымақ-бірлігі жарасқан. Жұдырықтай жұмылып науқандық жұмыстарды бірлесе атқарады. Азын-аулақ шаруасын дөңгелетіп отырған шаруа қожалықтары да мұнда өткізілетін мәдени-спорттық шараларға қолдау көрсетеді. Кәкімжан ағамызға да елдің алғысы зор. 
 
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пі­шер». Әкесінің ізін жалғап, кәсіпті одан әрі дамытып отырған «Сыма-К» шаруа қожалығының жетекшісі Манат Кәкімжанұлы аудан экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі. Ауылының да жанашыры. Көлқамысқа барсаңыз, оған көз жеткізесіз. Біз де таяуда аталған ауылға сапарлап қайттық. Құрылысы былтыр қазан айында басталып, желтоқсанда пайдалануға берілген үйдің іші-сырты көздің жауын алады. Ішіне жылу құбыры тартылып, қабырғалары сырттан суық, іштен жылу жібермейтін арнайы материалдармен қапталған. Осынау тамаша үйде жұптары жарасқан ерлі-зайыпты Серікбол Төлеміс пен Гүлмахаббат Сатай тұрады екен. Олар мұнда барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалғанын айтып мәз. Серікбол техниканын қыр-сырын меңгерген механизатор болса, Гүлмахаббат мектепте еден жуушы. Дәл сол үйдің оң жағында құрылысы аяқталуға жақын тағы бір баспана бой көтеріп жатыр. Жазға қарай салынып бітісімен, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша келген жас мамандарға тегін беріледі. Манат Карбозовтың айтуынша, жылына екі үйден салу жоспарланып отыр. 
 
– Тұрғындардың күшімен және өз қаражатыммен шаруа қожалығындағы барлық техникаларды іске қосып, су құбырын орнатып, үйді-үйге кіргізіп алдық. Атқарылар істер әлі көп, – дейді Көлқамыстың қамқоршысы. Атқарылар ғана емес, атқарылған істер де аз емес мұнда. Оның демеушілігімен 2004 жылы ауылға клуб үйі салынды. Қазіргі таңда мерекелік іс-шаралар, той-томалақтың бәрі сонда өтеді. Кейін бұл клуб аудандық мәдениет бөлімінің иелігіне берілді. Өткен жылы бюджеттен қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді.
– Көлқамыс ауылында 31 отбасы тұрады. 10 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Жұмыскерлерімнің қолдарында азын-аулақ малдары бар. Қысқы мал азығы мен отындары менің мойнымда. Еңбекақыларының сыртында. Қолымнан келгенше, барлық жағдайларын жасауға тырысудамын. Бұл алғаш шаруа қожалығын құрған әкемнің ұстанымы. Оны өзгертуге менің қақым жоқ, – дейді Манат Кәкімжанұлы.
 
«Сыма-К» шаруа қожалығы 2012 жылы «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, 16 млн теңгеден астам несие алған. Оған 50 бас аналық, 8 бас асыл тұқымды бұқа сатып алып, мал басын асылдандыруда. Үйір-үйір жылқысы, 50 бас түйесі тағы бар. Қысқасы, төрт түлігін туған жер төсінде өргізген шаруашылық.Техникалары да жеткілікті. Қысқы мал азығын дайындауда қиналмайды. Ауылдың сыртындағы үйілген шөп сөзімнің айғағы. Ұзындығы 200 метр болатын қатардағы буылған шөптің шеті кертілмеген. Жылына, әрине шабындық жақсы болса, сегіз қатар шөп жинайды екен. Торғайда биыл қыс қаһарына мініп, әлеуметті әбіржіткені белгілі. Қарапайым халық түгілі, кейбір шаруа қожалықтары да наурыз айы аяқталмай жатып шөпсіз қалды. «Өзіме ғана емес, өзгеге де болсын» деген Манат Кәкімжанұлы барлық ауылдарды арзан бағадағы шөппен қамтыды. Көршілес Амангелді ауданының түлігі де Көлқамыстың шүйгін шөбінен дәм татып үлгірді. 
 

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жангелдин ауданы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео