Мал баққанға бітеді

17 апреля 2014 - Веб-редактор

Қарасу ауданындағы «Лопоухов» шаруа қожалығының жұмысы ауыз толтырып айтуға әбден лайық.

 

Аталмыш шаруа қожалығы Ушаков ауылында орын тепкен. Валентин Лопоуховтың жеке кәсіп бастауға бел буып, қожалықтың жұмысын қолға алғалы он бес жылдай уақыт өтті. Кәсіпкер өз ісінің қыр-сырын қапысыз, терең зерделей біледі.
 
– 1999 жылы «Лопоухов» шаруа қожалығын құрып, егін шаруашылығымен айналыса бастадық. Содан бері осы кәсіпті дамытып, соның несібесін көріп отырған жайымыз бар, – дейді шаруагер.
 
Кез келген кәсіпті аяғынан тік тұрғызу оңай шаруа емес. Қандай да бір қиындықтарға килігесің. Кәсіпкер Валентин Лопоухов та бизнесі тәй-тәй баса бастаған кезде біршама қиындықтарға тап болды.
 
– Алғашында оңай соқпады. Өйткені, бар жиған-тергенімізді осы кәсіпті ашуға жібердік. «Соның бәрі зая кетсе, күніміз не болмақ» деген күдікті сезімдер биледі бойымызды. Алайда, азға қанағат етіп, күш-жігерді кәсіпкерлікті дөңгелентіп әкетуге жұмсадық. Қазір қажырлы еңбектің арқасында, кәсіпкерлер сапына қосылып, еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз, – дейді қожалық басшысы.
 
Күн өткен сайын табысы молайған кәсіпкерліктің ғана болашағы жарқын, несібесі мол болмақ. Бұл қағиданы Валентин Лопоухов та жақсы түсінеді. Сондықтан болар, алдыңғы жылы «Сыбаға» бағдарламаcы арқылы 11 миллион теңге несие алды. Бұл қаржыға ет және сүт бағытындағы 43 бас сиыр және екі бұқа сатып алыпты. Мал баққанға бітеді. Сол үшін ол қазір қолда бар малын молайту жолында аянбай тер төгуде. Қожалықта мал азығын қамдау бойынша қиындық байқалмайды. Жайылымы және азық дайын-
дауға берілген шабындық бар. Қажетті техникалары қай жұмысына да дайын.
 
Жаңабай АХМЕТОВ
Қарасу ауданы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео