Өнім мол, өсім зор

17 апреля 2014 - Веб-редактор
article3662.jpg

2011-2013 жылдары ішкі тұтынудағы отандық өндірістің үлесі 80 пайызды құрады. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев «Агробизнес – 2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

 

Жауапты хатшының сөзіне сүйенсек, соңғы он жылда еліміздің ауыл шаруашылығы айтарлықтай қарқынға ие болған. Бүгінде халықты негізгі азық-түлік түрлерімен қамтамасыз етуде қиындықтар туындап отырған жоқ. Тіпті, кейінгі екі жылда ішкі нарықта отандық өнімдер салтанат құрған. Мәселен, бидай ұны, өңделген күріш, ас қызылшасы, нан тәрізді азық-түліктермен қамтамасыз ету көрсеткіші жүз пайыздан да асып кеткен. 
 
– 2001 жылы Қазақстан шамамен 480 млрд теңгенің өнімін өндірсе, 2013 жылы 2,5 трлн теңгенің азық-түлігін шығарды. Солайша, 12 жыл­да бес есе өсімге қол жеткіздік. Осы­ның бәрі отандық өндірістің көр­сеткіші, – деді Евниев мырза.
 
Қалай десек те, министрлік мамандары жария еткен жағымды жаңалық баршамызды қуантты. Былтыр қабыл­данған «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында шаруашылық салаларын ілгерілетудің 15 шебер-жоспарлары жасалды. Олар тиімді жүзеге асырылуда. Жауапты хатшы сүтті қайта өңдейтін өндірістегі шикізат тапшылығы мәселесін шешу үшін жеке қосалқы шаруашылықтардан сүт жинайтын 200 дайындау пункттерін жасақтау мақсатына инвестициялық субсидия бөлу шарасы қарастырылып жатқанын да жариялады. Бұл бастамаға алдағы алты жылда 563 млн теңге жұмсалмақ. 
 
Еліміз ет өніміне 2020 жылға шейін 398 млн теңге, ірімшік пен сары май өндірісі үшін шикізатты сатып алуға 42 млн, қант өндірісіне 10 млрд теңгені субсидиялау шараларын көздеп отыр. Ондаған кәсіпорындарды жаңартып-жаңғырту жұмыстары да жүргізіледі. 
 
– Он екі жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда 2013 жылы біз жалпы өнім өндірісін бес есе арттырдық. Мысалы, мал шаруашылығы төрт жарым және өсімдік шаруашылығы бес есеге ұлғайды, – деп атап өтті жауапты хатшы. 
 
Маңызды деген отызға тарта азық-түлік түрінің тек жиырма пайыздайында ғана отандық тауар үлесі 80 пайыздан кем. Межеге жетпей тұрғандары – қант, құс еті, балық, көкөніс, сары май, шұжық өнімдері. Ендігі кезекте осы позицияларға «Агробизнес» бағдарламасы басымдық беріп, орасан көңіл бөлінбек. Бұл ба­ғыттардағы өсім динамикасы үнемі бақылауда ұсталынады. Министрліктегілер соған сендіріп отыр. 
 
2020 жылға қарай бес ет комбинатының құрылысы, 135 сүтті қайта өңдеуші кәсіпорындар, етті қайта өңдейтін 56 өндіріс орны, көкөніс өндіретін бес кәсіпорын, жеті қант зауыты және тағы басқа да азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған орындар бой көтереді. Жасақталған бағдарлама осындай ірі бастамаларды іске асырмақ. 
 
Рахман ЖАҚСЫЛЫҚ 
 

 

comments powered by HyperComments

Видео

 

 

Комментарии