Қараобадағы құрметті әулет

17 апреля 2014 - Веб-редактор

Сарыкөл ауданында «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несие алып, шаруасын шарықтатып жатқан жандар аз емес. Солардың қатарында Қараоба ауылының тұрғындары Молдахметовтер әулеті де бар.

 

Бұл әулет осыдан он жеті жыл бұрын «Молдахметова Амина» деп аталатын шаруа қожалығын құрып алған еді. Әуелде егінмен ғана айналысқан олардың мал шаруашылығына көңілдері ауғанына төрт-бес жылдың жүзі ғана болды.
 
2010 жылы Молдахметовтер «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 6 млн теңгеге қол жеткізді. Оны 45 бас ірі қара және үш бұқа сатып алуға жұмсады. Сосын оған қорасындағы азын-аулақ малдарды қосып, шаруашылығын бастап кетті. Бүгінде шаруа қожалығында барлығы екі жүзден артық сиыр, жүз елудей жылқы және бір отар қой бар. Ең бастысы, мұнда ірі қараны бордақылау жолға қойылған.
 
Шаруа қожалығында төрт адам еңбек етеді. Оның үшеуі өз балалары, ал біреуі немересі. Мақсат малға қараса, Әділ жермен айналысады. Ал, Берік пен немересі Смайл көмекшілер.
Малға қажетті жем-шөпті өздері дайындайды. Техникалары жеткілікті. Егер қауырт жұмыстар шығып қалса, қосымша үш-төрт адамды жұмысқа алады. Оның сыртында, үйде екі қызметкер бар. Шаруагер отбасы ауылдастарына да қолдан келгенше көмектесіп тұрады.
 
Әулеттің отанасы Әмина тоғыз баланың дүниеге әкелген алтын құрсақты аналардың бірі. Бүгінде құдай қосқан жары Амангелді екеуі үш ұл, алты қызынан 18 немере, бір шөбере сүйіп отыр. Балаларына бағыт сілтеп, әлі де аттан түспей жүрген екеуін жерлестері қатты құрметтейді. 
 
– Біз етті ірі қараны өсірудеміз. Оның екі түрі бар, бірі қазақтың ақбас сиыры, екіншісі әулиекөл тұқымы. Аллаға шүкір, үкімет көмектесіп, мал жайылымына жер берді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша несиеге қол жеткіздік. Міне, ақырындап өз күнімізді өзіміз көрудеміз. Қазір тек ет сатуда ғана қиындықтар бар. Өз бағасына өтпейді, арзанға кетіп жатыр. Егер бұл қолбайлау шешілсе, шаруашылықты бұдан да үлкейтуге болады. Малмен де, егін шаруашылығымен де айналысып жатқан балаларымыз ғой, бәрі де солардың арқасы. Тәуба, өздері бағып, өздері өсіріп жатыр. Біз, шалымыз екеуміз құжаттарын дайындап, керек-жарақтарын алып береміз. Анда-санда ақыл-кеңесімізді айтамыз, – деп қысқа ғана қайырды шаруа қожалығының жетекшісі Әмина апа бізбен тілдескенінде.
 
Еңбекқорлықтарымен елге үлгі көрсетіп жүрген әулеттің бірлігіне бүгінде сүйсінбейтіндер кемде-кем. Айрандай ұйыған отбасының ұстанымы – сыйластық, үлкеннің айтқанын тыңдап, кі-
шілерге ізет көрсету. Осындай тамаша жарасымдылық тек жал-ғасын таба беруге тиіс. 
 
Руслан ӘЛКЕЙ
Сарыкөл ауданы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео