Экспорттың екпіндісі

21 апреля 2016 - Веб-редактор
article10189.jpg

Құт қонған Қостанайдың астықты алқап екені бесенеден белгілі. Не дәуірден бері тек Қазақстанды ғана емес күллі Орта Азияны ақ бидай, нанымен асырап отыр. Бүгінде экспорттық әлеуетін арттыруда. Жуырда ғана қостанайлық фирма ұн экспорттаудан әлемнің үздігі атанды. Бұл жетістік негізінен халықаралық интеграцияның жемісі десе болады. 

 

 

Түркияның ауыл шаруашылығы секторында белді бір компаниясы астықты алқапта өз ісін дөңгелетіп жатқанына көп бола қойған жоқ. Бірақ, нәтиже бар. Түрік ағайынның арасынан келген Нихат Жанның басшылығындағы «Best Kostanay» ЖШС ұн өндіру мен оны экспорттау жағынан қазір дүние жүзіне
танылды.

 


Қазақстан нарығында 10 жылдан астам табысты еңбек етіп келе жатқан серіктестік биыл Швейцарияның Женева қаласында өткен сапа көшбасшылары арасында үздік танылып, алтын жүлденің иегері атанды. Әлемнің 80-нен астам мемлекеті арасында «Best Kostanay» – Қазақстан атынан қатысқан жалғыз компания екенін айта кету керек. Еуропа төрінде «BID Group» президенті Хосе Э.Прието мырза қостанайлық компанияға аталған жүлдені сапа мен жоғары көрсеткішке қол жеткізе отырып, технология және инновацияны жетілдіргені үшін табыс еткен.

 

 

Өңіріміздегі компанияның бұған дейін де еңбегінің талай еленіп, халықаралық дәрежедегі жоғары марапаттарға қол жеткізіп келе жатқанын айта кетейік. Компанияның құрылтайшысы Нихат Жан осыдан 23 жыл бұрын Алматыға келіп, Қазақстан мен Түркия арасында көлік тасымалы саласында еңбек етуді бастаған екен. 2005 жылдан Қостанайда бастапқыда диірмен қондырғыларын орнатып, құрылысын жүргізумен айналысқан ол кейіннен ұн шығару ісін қолға алыпты.

 


– Қостанай әрі астықты өлке әрі оның бидайының да сапасы жоғары, – дейді «Best Kostanay» ЖШС президенті Нихат Жан. – Алтын дәнді тиісінше пайдаға жарату үшін оны ұн қылып, мемлекеттің ішін және шет елдерді қамтамасыз етуді қолға алдық. Кейінгі сегіз жылда диірмен жұмысымен мықтап айналысып келеміз. Мына өзіңіз көрген аумақтағы кешенді салуға қаншама күш кетті десеңізші! Тақыр жерде жаңа комбинат көтердік. Бастапқыда кешеннің тәуліктік қуаттылығы 250 тонна болса, қазір жылдық өнім көлемі 60 мың тоннаға жетті. Және бізден шыққан ұнның 95% Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Әзірбайжан мемлекеттеріне экспортталады. Қалғаны ел аумағында саудаға шығарылуда.

 


Ұн комбинаты «ENDUSRIYEL ELEKТRONIK SAN. ve TIK. LTD» (Түркия) заманауи технологиясымен жабдықталыпты. Кешеннің жұмысы толығымен жоғары деңгейлі мульти басқару жүйесімен автоматтандырылған. Бүгінгі таңда «Уно», «Хилал», «Хазина-шаһ», «Мубарек», «Элит» ұндары алыс-жақын шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Серіктестік басшылығы өнімнің сапасын жоғалтпай, оны арттырып отыру мақсатында Түркиядан қысқа мерзімге арнайы мамандарды шақыратынын айтты. Олар жергілікті диірменшілерге жаңа технологияның қыр-сырын үйретіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп кетеді. Бұның сыртында кешен аумағында астық тасымалдауға арналған жүк көліктері тұратын өзінің автобекеті де бар.

 

 

Айтпақшы, «Best Kostanay» компаниясы өнімді вагондармен жөнелтуде қиындық көрмес үшін күре жолдан тұйыққа дейін рельс тартқан екен. Серіктестіктің құрамында екі жүздей адам еңбек етеді. Компания басшысының айтқанына илансақ, әлемдік дағдарыстың қыспағына қарамастан, бірде-бір жұмысшыны қысқартпаған. Алдағы уақытта тың технологияларды молынан енгізіп, әлемдік нарықтағы ұн экспорттаушы ретіндегі орындарын нығайта түспек.

 

 

Нұрқанат НҮСІПХАН
сурет серіктестіктің мұрағатынан алынды  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео