Тарихтың бір парағы

21 апреля 2016 - Веб-редактор
article10182.jpg

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы және Торғай өңірі» атты шара өтті. Жиынға жергілікті тарихшылар мен студент-жастар, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Амангелді жасағында болған сарбаздардың ұрпақтары қатысқан. 

 

 

– Жалпы мұражай қорында 16-шы жылғы Торғай көтерілісіне қатысқан жүзбасы, мыңбасылар туралы көптеген деректер сақталған, – дейді мұражайдың ғылыми-әдістемелік бөлім меңгерушісі Нәзима Оташева. – Алматыдағы Ұлттық Ғылым академиясы 1943-ші жылы арнайы экспедициямен Торғай өңірінде болады.

 

Көптеген сардар, сарбаздармен жүздесіп, көтеріліске қатысты 3 мыңнан астам дерек жинайды. Әбілхан Қастеевтің атақты «Амангелді» портреті де осы жолы салынған 2016 жылғы ең мәнді күндердің бірі – ол Қазақстан жеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығы. 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының тарихында ерекше орын алады.

 

 

Империализм мен бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайында Амангелді Иманов және басқа да көтеріліс басшылары халықты тәуелсіздік үшін күреске көтерді. Кенесары Қасымовтың қолбасшылығымен өткен ұлт-азаттық қозғалыстан кейін алғашқы рет 1916 жылғы көтеріліс байтақ өңірдің барлық аймақтарын қамтыған жалпы қазақтық сипатта болды. Оның негізгі мақсаты халықтың ұлттық және саяси бостандығы еді.

 


Көтеріліс әсіресе Торғай облысында кең қарқын алды. 1916 жылы қазанда тек Торғай мен Ырғыз уездерінде саны 50 мың адамнан тұратын жиырмаға дейінгі көтерілісшілер жасағы болды.

 


100 жыл өтсе де, көтеріліс туралы пікірталас әлі басылған жоқ. Жастардың басын біріктіріп, тарихшылардың көтеріліске қатысты пікірі тыңдалған кездесуде алуан дәлелді ойлар айтылды. Іс-шара барысында Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, ҚР және РФ тарих ғылымдарының докторы Легкий Дмитрий Максимович, Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалының оқытушысы, тарих ғылымының докторы, профессор Айбек Батырханұлы 1916 жылғы оқиғаның даулы мәселелерін талқылады. Кездесуге қатысушылар, ҚМУ мен ҚФ ЧелМУ студенттері көтеріліс басшыларының тағдырлары, олардың алғышарттары мен нәтижесі туралы көп мәлімет алды.

 

 

Бетті дайындаған Нұрқанат НҮСІПХАН
суреттерді түсірген ұйымдастырушылар  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео