Өрендердің табысы, құлтемірлер жарысы

21 апреля 2016 - Веб-редактор
article10181.jpg

Қостанайда роботтық техника және автоматика фестивалі өтті. Жас өнертапқыштар сайысына облыс мектептерінен келген 16 команда қатысты.

 


Фестивальге Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірттері «Ақылды киімдер» атты жобамен келіпті. Жас өнертапқыштар нашар көретін адамдардың жолды кесіп өтуіне көмектесетін бас киім ойлап тапқан. Оқушылар кәдімгі бас киімге шағын адаптер орнатыпты. Бағдаршамның жасыл көзі жанғанда, құрылғы дыбыстап «жолдан өтуге болады» деген белгі береді. Оқушылар арасында келешекте өндірісте қолдануға болатын салмақты жобалармен келгендер де бар. Мысалы, Рудный қаласындағы № 7-ші мектеп оқушысы Ерсұлтан Бұқарбаев асфальт төсегіш әмбебап машина үлгісін құрастырып шығарған.

 


– Қай уақытта болсын жол жөндеу мәселесі маңызды, – дейді Ерсұлтан. – Менің бұл жобам тас жол төсеу жұмыстарын жеңіл, әрі сапалы істеуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл машинаның мүмкіндіктерін жетілдіретін боламын.

 


Шара барысында 80-ге жуық робот кедергілерден өтуден жарысып, тіпті теннис, футбол да ойнап көрді. Болашақ техникасын құрастырушылардың мүмкіндіктерін көріп, шығармашылық кеңістігін қалыптастыруға арналған фестиваль екі күнге созылды.

 

 

 

 

– ҚинЭУ өз тәжірибесінде дәл осындай жобаны алғашқы рет ұйымдастырып отыр, – дейді аталмыш оқу ордасының білім беру орталығының жетекшісі Денис Комаров. – Бұл бастамамызды Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлесіп өткізудеміз. Тек қана lego роботтарын жинайтындардың шамасын бақылап қоймай, әлеуметтік маңызы бар, адамға көмегі тиетін жобаларды да қарап шықтық. Ал lego-конструкторлары робот техникаларын құрастырудың алғашқы сатысы десе болады.

 


Фестиваль екі деңгей бойынша ұйымдастырылды: спорттық және еркін. Бала құрастырушылар жарысқа ерекше дайындалып келгендерін байқатып, бар шеберліктерін салып бақты.

 


– Жарыстың ауаны өте қызу өтті, – дейді фестивальдің бас төрешісі Константин Варварин. – Лабиринттің схемасы тіпті қарапайым болғандықтан, алты команданың үшеуі еш қиындықсыз өтті. Ал екінші кезеңде роботтар жүріп өтетін жолдың бұрмалары көп, әрі қиындау болды.

 


Жарысқа келген үміткерлердің роботтары сайысқа түспес бұрын арнайы тексерістен өтті. Мәселен, сыналмақ роботтың салмағы бір келіден аспауы тиіс. Егер, осы және басқа да талаптарға сай болмаса, фестивальден ысыралды.

 


Әр роботтың өзіндік ерекшеліктері де болды. Мысалы, теннис ойынында екінші орын алған робот компаспен жабдықталған. Яғни, ойын барысында нақты бағыттарда мүдіріссіз қозғалды.

 


– Мен қатысқан роботеннис додасында негізі мақсат – допты өз алаңыңнан қарсыластың жағына асыру болды, – дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Александр Грищенко. – Жалпы, робот әзірлеуге, оған арнайы бағдарламаларды жүктеуге апталап уақыт кететін. Бірақ осы фестивальге үш-ақ күнде әзірлендім. Жарыс қиын, себебі мықтылар ғана жиналған.

 


Фестивальге келгендердің арасында халықаралық сайыстарға қатысқандар да бар. Робот техникасын құрастыру қаншалықты қызық болса, соншалықты қымбат. Мәселен, бір ғана lego роботының құны – 400 000 теңге.

 


– Қатысушыларды төрт пункт бойынша бағалаймыз, – дейді Республикалық «ҚазРоботикс» АҚ президенті Айжан Жекеева. – Бастысы балаларға робот техникасының адам өміріндегі маңызын ұқтыру қажет. Бірақ, қатысушылардың көбі жобаларының өте қымбат, әрі шығынды екенін ұға бермейді. Сайып келгенде, бүгінгі роботтардың келешегі болуы тиіс, яғни мемлекеттің игілігіне қызмет ететін жобалардың ертеңі бар.

 


Жарыс аяқталған соң, роботтық техника және автоматика саласының білікті мамандары жас өнертапқыштарға шеберлік сыныптарын өткізді. 

 

 

Бетті дайындаған Нұрқанат НҮСІПХАН
суреттерді түсірген ұйымдастырушылар

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео