Еңселі еңбек еткен жан

9 апреля 2015 - Веб-редактор

Еліміз еңсесін көтеріп, еншімізді алғанымызға да біраз жылдар өтті. Көк тудың астында көсегеміз көгеріп, көңіліміз шаттыққа бөленді. Сонау Кеңес дәуірінде елі үшін ерен еңбек еткен еңселі ерлеріміздің де бұл күннің жарқын болуына қосқан үлестері бар. Сондай мақтан тұтар жандардың бірі, елінің елеулі азаматы Тынынбаев Сартай Кәкімұлы (суретте). 

Ол 1935 жылы Қостанай облысы, Федоров ауданының Тоғызақ ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы өте ауыр болды. 1944 жылы отбасы майданнан хат алады, онда соғысқа аттанған әкесінің із-түссіз жоғалып кеткендігі жазылған екен. Ауыр қайғыны көтере алмаған анасы қатты ауырып, 1948 жылы дүние салады. Әпкесі екеуі жетім қалған соң, атасы мен әжесінің тәрбиесінде болады. Сол кездегі ауыр кезең Сартай Кәкімұлын кез келген жұмысты істеуге мәжбүрлейді. Қазақша төрт сыныпты аяқтағаннан кейін атасының қалауымен Челябі облысындағы Шұбаркөл деген жерде оқуын орысша жал-ғастырады. Ол өте қабілетті болды, білуге, оқуға құштар еді. Жұмысқа жауапкершілігі жоғары екенін байқаған колхоздағы мамандар оны есепшінің, өлшеушінің көмекшісі етіп қоятын. Техникаға да жақындығы бар еді.
 
1954-1957 жылдар аралығында әскери борышын Украинада өтеді. Әскерден келісімен Пешковкадағы СПТУ-ға оқуға түсіп, одан механизатор мамандығын игеріп шығады. Өз ауылында тракторшы, комбайншы болып жұмыс істеді. Бар жан-тәнімен еңбектеніп, жер шаруашылығымен айналысты.
 
1971 жылы Сартай Тынынбаев жоғары көрсеткіштерінің арқасында социалистік жа-рыстың бастаушысы болады. Астық жинау науқанында СК-4 комбайнының тізгінін ұстай жүріп, нормадағы 230 гектар алқаптың орнына 727 гектар егістікті орып шығады. Жоспардағы міндетке сәйкес, 3200 центнердің орнына 8372 центнер астық өндіріп, 3600 келі жағармайды және комбайн жөндеуде 103 рубльді үнемдейді.
 
Колхоздағы жұмыс кезінде ол өз жұмысына адал қарады, жыл сайын өндірістік міндеттерді асыра орындады. 1972 жылы Сартай Тынынбаев «Бір бункерден он мың центнер бидай аламыз» деп аудан механизаторларына ұран тастайды. Сөйтіп, Тынынбаевтың ұранын қолдаған колхоздағы 12 комбайншы 10 мыңнан артық центнер астық бастырып шығарамыз деп келіседі. Сартай Кәкімұлы өзінің алған міндетін табысты орындап, 12166 центнер өнім жинаған екен. 
 
Қажырлы еңбегі мен жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін аудандық атқару комитеті және Қазақстан КП Федоров аудандық комитетінің бюросының 1972 жылғы 13 қарашадағы қаулысымен, Чапаев атындағы кеңшардың комбайншысы Тынынбаев Сартай Кәкімұлына Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен, Ленин орденімен марапатталған және тағы басқа да алқа-төсбелгілері бар.
 
1973 жылы астық жинау бойынша облысымызда барлық рекордқа жетіп, 14015 центнер бидай өндірді. 
 
Тынынбаев Сартай Кә-кімұлы қоғамдық өмірге де белсене араласты. Ол 1973 жылы Қостанай облыстық Кеңесінің депутаты және облыстық комитет партия-
сының мүшесі болып сайланды. 1975 жылы сырт-тай Қостанайдағы ауыл шаруашылық институтын аяқтады. Техниканың қыр-сырын жастарға үйретуге көңіл бөліп, өзі оқыған СПТУ-да сабақ беріп жүрді. 
 
Бүгінде 80 жасқа толып отырған ақсақал жұбайы екеуі он бала тәрбиелеп өсірген жандар. Оқу да, білім де, атақ-даңқ та, бақ пен бақыт та адамға тек еңбекпен ғана келмек. Бұған біз күнделікті көз жеткізіп жүрміз. Сартай ағамыздың адал еңбегі мен өнегелі өмірі болашақ жастарға үлгі болуға тиіс.
 
Ажар БАЛТАБАЕВА,
«Қостанай облысының мемлекеттік мұрағаты» 
ММ мұрағатшысы 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео