Көл-көсір өнім күтер кез

10 апреля 2014 - Веб-редактор
article3595.jpg

Биыл аймақта «Агробизнес – 2020» бағдарламасы бойынша жылқы, қой және шошқа бағатын фермалар ашу жоспарда тұр.

 

Қостанай облысында ірі деген үш шаруашылық жылқы өсірумен айналысуға ниет білдіріп, өтінімдерін қазірден өткізіп қойған. Олар: Әулиекөл ауданындағы «АГФ Диевская», Меңдіқара ауданындағы «Каменскуральск» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен Алтынсарин ауданындағы «Темте» шаруа қожалығы. Аталған шаруашылықтарда ең кемі жүз биеден бағылады.
 
Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшы-сының орынбасары Оразғали Нұрғазиннің сөзіне сенсек, жылқы бағуды кәсіп етемін деушілерге мемлекет инвестициялық субсидиялар беруді қарастырып отыр. Кепілдендірілген займды сақтандырып, несиелерді қайтару мөлшерлемесін де субсидияламақ. Асылдандыру ісіне де қолдау зор. Бір басқа 40 мың теңгеден, ал қымыз өндірсе, литріне 60 теңгеден демеу қаржы ала алады. Оның өзінде, шаруашылықтағы биелер саны 35-тен кем болмаған жағдайда ғана. Жылқы етіне берілер субсидия келісіне 92 теңгеден. 
 
Осы жылы қой өсіруге арналған екі жоба жүзеге асырылмақ. Қос ферманың бағымында 600 бастан кем емес тұсақ болады. Жобаларды қолға алған – Аманкелді ауданындағы «Елнұр» және «Дәулетбике» шаруа қожалықтары.  
 
Қазақ «өнімі көл-көсір» деп дәріптеген кәсіпті серік етушілер де құр алақан қалмақ емес. Техника және жабдықтар сатып алуына, несиелерді қайтаруда айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылған. Оған қоса, асыл тұқымды қойдың әр басына сегіз мың теңгеден дотация төленеді. Селекциялық жұмыстарға, қой еті мен жүнін нарыққа шығаруға талпынғандарға да мемлекет аса мән беруге ықыласты. Ол үшін сан мен сапа талапқа сай келуге тиіс.
 
Шебер-жоспарлардан шошқа шаруашылығы да шет қалмаған. Қостанай облысында 2014-2018 жылдар аралығында талпақ танау өсіретін ірі бес ферманың ашылуы көзделуде. Биыл оның біреуі – екі жарым мың басқа арналған кешен пайдалануға берілмек. Бұл бағытты дамытуға инвестициялық субсидиялар – 20%, әкелінген шошқаның бір басына 15 мың теңгеден қарастырылған. Ет өндірісіне де дотация бар. 
 
Басқарма мамандарының айтуынша, қазір суландырылған жайылымдарға инфрақұрылымдық жағдайлар жасауға баса 
назар аударыла бастаған көрінеді. Биылғы жылы өңірдің оңтүстік аудандарында 15 құдықтың құрылысы жоспарланып отыр.   
 
Аслан ҚАНҒОЖИН 
 
comments powered by HyperComments

Комментарии

 

Видео