Дін мен дәстүрге құрмет бірдей

10 апреля 2014 - Веб-редактор

Қазақ елі дәстүрін дәріптей, ғұрпын құрметтей біледі. Дінін де ұстанып, иманын жанына серік еткен халықпыз. Бірақ, қазіргі қоғамда дін мен дәстүрді бір-біріне қайшы ұғым ретінде қарастырып, тамырымызға балта шабуға тырысатындар жоқ емес. 

 

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Мұнда көптеген ұлыстар өз діндері мен дәстүрлерін сақтап отыр. Екі ұғымның, екі арнаның бір-біріне ешқандай кедергі келтірмейтініне бүгінгі қоғам куә. 
Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүрін, ұлт-тық ерекшеліктерін берік ұстанған елдің келешегі кемел екенін тарих дәлелдеді. Өткенге көз жіберсек, басқыншы елдердің бодан жұрттың ұлттық айырмашылықтарын, салт-санасын ұмыттыруға, өзгертуге тырысқандығын көреміз. Езгісіндегі ұлысқа өздерінің тілі мен дінін, мәдени құндылықтарын әкеліп тықпалаған. Сөйтіп, өзіндік ерекшеліктерінен айрылып, өзгенікін өнеге тұтқан жұрт алпауыттарға жұтылып кете барған. Ислам діні мұны құптаған емес.
 
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) мұсылмандардың өзге халықтардың теріс әдет-ғұрыптарына еруіне тыйым салған. Себебі өзгенің қаңсығы бойыңдағы имандылықты жоятынын ескерткен.
 
Оқымыстылардың дәлеліне құлақ түрсек, қазақ даласына Ислам дінінің енгеніне мың екі жүз жылдан асыпты. Сонау уақыттан бері салт-санамыз, әдет-ғұрпымыз, әдебиетіміз бен мәдениетіміз мұсылмандыққа бейімделді. Міне, қазір Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналған.
Ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды насихаттау, ізгі мұраттарды бекіту және қате түсініктерді тоқтату үшін керек. Сондықтан мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп-екшейтін басты безбен шариғат болып саналады.
 
Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған (Ағраф сүресі, 199-аят). Шариғатта халыққа үйреншікті болған жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мазһабтардың имамдары қолдайды.
 
Қазақ тіліндегі ғұрып, әдет сөздерінің түп-негізі шариғат терминдері. Мұның өзі халқымыздың шариғатпен сонау ықылым замандардан таныс болғандығының айғағы. Енді
осы сөздердің әрқайсысына muslim.kz сайтында («Дәстүрдің діндегі орны») келтірілген деректерге сүйене отырып, жеке-жеке тоқталып көрелік.
 
Ғұрып. Қазақша «ғұрып» сөзі «әл-урф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді. «Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер».
 
«Әдет» сөзі арабтың «әл-аада» сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді. Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір десе болады. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулері «әдәт» сөзіне басымдық берген.
 
«Дәстүр» сөзі де арабша «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Қазіргі араб тілінде бұл, негізінен, бір елдің конституциясы деген мағынада қолданылады. Бұл сөздің осынау терең мағынасын, этимологиялық түп-төркінін зерделеп мынадай ой түюге болады. Сірә, қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек. Содан соң ата-баба дәстүрі, салт-дәстүр деген ұғымдар пайда болған. Жоғарыда аталған шариғат терминдерінің тілімізге ежелден еніп, кейіннен ауыспалы мағыналарда қолданылуы осындай пікірге жетелейді.
 
Адамдар арасында дағдыға айналған шариғат шартына қайшы келмейтін істер шарғи үкімдерді белгілеуде мұсылмандық заңнаманың екінші дәрежедегі қайнар көзі ретінде қарастырылады. Шариғат үкімдері алынатын басты қайнарлар Құран Кәрім мен Пайғамбар (с.а.с.) сүннеті екендігі белгілі. Аталмыш мәндегі ғұрыптар фиқһ ілімінде тармақты үкімдерді белгілеуде заңды дәлел ретінде алынады. Пайғамбар (с.а.с.) мен сахабалары белгілі бір мәселеге үкім шығарғанда кейде халық арасында қалыптасқан ғұрыптарға да сүйенген. Шариғат саласында сондай маңызға ие болған әдет-ғұрыпқа фиқһ негіздері ілімінде арнайы терминдік анықтама берілген.
 
Ханафи мазһабының ғұламасы Ибн Абидин әдетке мынадай анықтама берген: «Әдет деген сөздің негізі көп қайталанғандықтан үйреншікті іске айналған, адамдар арасында ешбір түсіндіруді қажет етпейтін танымал болған, шынайы ғұрыпқа айналған істер дегенді білдіреді». Демек, шариғат қабыл алатын ғұрып, әдет дегеніміз адамның табиғатына танымал, ақыл да, заң да, адамгершілік таразысы да құптайтын оң істер. 
 
Әдет-ғұрып жалпы және жалқы болып екіге бөлінеді. Жалпы әдет-ғұрыптарға әртүрлі аймақтарда өмір сүретін мұсылман халықтары арасында белгілі бір уақытта қалыптасқан ортақ танымал әдет-ғұрыптар жатады. Мысалы, үйлену, талақ, сауда, қолөнерге қатысты әдет-ғұрыптар. Ал жалқы әдет-ғұрыптар дегеніміз белгілі бір қаланың не аймақтың адамдарына ғана таныс әдет-ғұрыптар. Мысалы, қалыңдық мәһрін белгілеудегі аймақтық ерекшеліктер, ақша бірлігі, салмақ, ұзындық өлшеміндердегі айырмашылықтар.
Адамзаттың әр ұлтқа бөлініп, түрлері мен түстерінің, нәсілі мен тегінің һәм тілі мен диалектісінің әркелкі болуы Алла Тағаланың айнымас аяттары. Оларды мойындамау, белден басу, теріске шығару Жаратушының хикметпен жарату заңына қарсы шыққанмен тең.
 
Алла Тағала былай депті: «Көктер мен жердің жаратылысы және тілдерің мен түстеріңнің әр алуандығы Оның (Алланың) белгілерінен. Шындығында, осында білушілер үшін, сөзсіз, белгілер бар». 
 
Біздің Отанымызда жүздеген ұлт өкілдері бар. Олардың дәстүрлеріндегі, ұғымдарындағы өзгешеліктерге түсіністікпен қарай білген жөн. Осыны әр қазақстандық есінде ұстағаны 
абзал. 
 
 
Медет ӨТЕПҚАЛИЕВ,
Маңдай батыр 
мешітінің наиб имамы 
 
comments powered by HyperComments

Послание

15000

Г-спешл

 

Облако тегов

1 мая 100 шагов по реализации 5 реформ Air astana Diezel sun Diezelsun Expo Mazda2 Qagro.wordpress.com «атамекен» «горняк» «лучший товар казахстана» «сделано в казахстане» «шаңырақ» автомобили авторынок аким акимат акиматы акция алмазбек атамбаев